– Балабақша аз ба, көп пе?
– Қызылорда облысында 676 мектепке дейінгі ұйымда 50 079 бала тәрбиеленуде.
Балабақшалардың 3 – 6 жас аралығында балаларды қамту үлесі 100%, 2 – 6 жас аралығында балаларлы қамту үлесі 92,6% құрайды.
Ұлттық білім беру дерек қорындағы мәліметке сәйкес аймақ бойынша балабақшаларда 1600 бос орын қалыптасқан.
Балабақшаларда 700-ге жуық тәрбиеші жетіспейді.
464 жеке балабақшаның тек қана 75-і типтік жобадағы ғимараттарда орналасқан. Қалған 389-ы жеке және жалдамалы ғимараттарда орналасқан. Мәселен ыңғайластырылған коттедж, жеке тұрғын үйлер, ескі сауна және тағы басқа типтік жобаға сәйкес келмейтін ғимараттарда орналасқан.
Осы ретте Республика көлеміндегі мектепке дейінгі ұйымдардың санына қатысты талдау жасағанда Қызылорда облысы балабақшалар саны жөнінен республикада Түркістан, Алматы облыстарынан кейінгі үшінші орында.
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қызылорда қаласында халық саны 846 мың 683 тұрғын болса балабақша саны 676, Түркістанда 2 млн. 154 мың 308 тұрғын тұрады, балабақша саны 1432. Алматы облысында 1 млн. 568 мың 757 тұрғын тұрады, балабақша саны 1168. Демек Қызылорда облысында балабақшалар санының халық санына шаққандағы үлесі тым жоғары.
Жекеменшік балабақшалардың саны жөнінен республикада Қызылорда алдыңғы қатарда, яғни 6-ші орында.
Республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларын есептемегенде, облыстар арасында тағы да Алматы, Түркістаннан кейінгі үшінші орында.
Халық саны шамалас, 950 мың 944 адам бар, Ақтөбе облысында 245 жеке балабақша, 808 мың 993 адам бар. Маңғыстауда 269 ғана жеке балабақша жұмыс жасап тұр екен. Ал 846 мың 683 халқы бар Қызылордада 676 балабақша бар.
– Балалар тасымалы заңды ма?
– Балаларды тасымалдау ҚР Ішкі істер министрлігінің «Білім беру ұйымдарындағы балаларды тасымалдауды ұйымдастыру туралы» 2023 жылғы 30 маусымдағы
№534 бұйрығындағы талаптарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс.
Яғни, осы бұйрықпен бекітілген ереже талаптарына сәйкес балалар ұйымдастырылған топтарын тасымалдау кемінде екі есігі бар, техникалық жай-күйі автокөлікпен тасымалдау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерінде белгіленген талаптарға жауап беретін автобустармен жүзеге асырылады.
Ұйымдастырылған балалар топтарын тасымалдауға арналған автобустар сары түсті жарқылдауық маякпен жабдықталады.
Бұл автобустардың алдына және артына «Балалар тасымалы» деген таным белгісі орнатылады.
Балалар топтарын ұйымдастырылған түрде жасы кемінде жиырма бесте, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі және кемінде бес жыл еңбек өтілі бар жүргізушілердің тасымалдауына рұқсат етіледі.
Автобус шанағында тасымалданатын балалардың саны орындық санынан аспауы тиіс.
Ал, біздегі жеке балабақшалардың көпшілігі бұл талаптарды әлі күнге дейін орындамай келеді.
Егер сапалы, қоғам сұранысына сай, адамгершілік пен адалдық қағидатын қатаң сақтап, өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлер болса оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Қызылорда облысының білім басқармасы басшысы А.Есжанов:
Қазіргі таңда ата – аналар тарапынан жекеменшік балабақшаларда көрсетілетін қызметтің сапасына қатысты көңіл толмаушылық жағдайларының орын алып отыратындығы жасырын емес.
Соңғы айлардағы Шиелі ауданындағы «Раяна» балабақшасы тәрбиеленушісінің бірнеше жерден тістелуі мен «Сыр болашағы» балабақшасындағы бүлдіршіннің ыстық суға күйіп қалуы, «Күнім-ай» балабақшасының жеке көлікпен балаларды балабақшаға тасымалдауы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып, 2 бала ауыр хәлде жансақтау бөліміне түсуі дерегі қоғамдық резонанс тудырды.
– Балабақшадағы бала қауіпсіздігіне кім жауапты?
– Өткен жылдары баланың тамақтан улану дерегі, оқу жылының басында Қызылорда қаласындағы «Нұр Әлемі», «Сыр Бесігі» балабақшаларындағы бала ұру, Қызылорда қаласындағы «Жас Ұрпақ» инклюзивті балабақшасындағы баланы керуерттен құлату деректері орын алған болатын.
Осындай оқиғалардан-ақ кейбір жеке балабақшалар балалардың қауіпсіздігі мен өміріне немқұрайлықпен қарайтындығын көруге болады.
Ал, біздің қоғам бұндай жағдайларда үнсіз қалады немесе жергілікті атқарушы органды кінәлі санап шығады.
-“Фейс айди” пайдасы қандай?
– Мектепке дейінгі білім беру саласында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
2023 жылдың шілде айынан бастап барлық балабақшаларда «фейс айди» мобильді қосымшасы енгізілді.
Бұл ауадағы балалар мен келмей қалғандар үшін артық төленіп келген бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етті.
Осы арқылы біз 2023-2025 жылдардағы жеке балабақша иелерімен «ұрланып келген» 14 млрд. теңге қаржыны үнемдедік.
Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласымен жасалған өзектендіру (интеграция) нәтижесінде еңбекке жарамсыздық парағына, яғни больничныйға шыққан балалар туралы ата-аналардан анықтама талап етпей-ақ базадан көруге мүмкіндік берілді.
Бұл дегеніміз жалған анықтама жасаушылардың жолы кесілді деген сөз.
– Мониторинг нәтижесі қандай?
– Біз осы жылға дейін бірнеше мәрте жеке балабақша құрылтайшыларын талапқа сай жұмыс істеуге шақырдық.
Дегенмен, біздің ұсыныстар еленбеді.
Балалардың жеке балабақшадағы жағдайы өзгеріссіз қалды.
ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы
№381 бұйрығының «Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге және балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын бекіту туралы» талабына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мектепке дейінгі ұйымдарда қаржы жылында бір рет осы Қағидалардың 19 – тармағының шарттарын сақтау және қамтамасыз ету бойынша жоспарлы мониторинг жүргізіледі.
Осыған сәйкес, биылғы жылы қалалық және аудандық білім бөлімдері тарапынан жаңа атап өткен бұйрық негізінде жоспарлы мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Аймақтағы 464 жекеменшік балабақшаның 219-ы немесе 47,2%-ы Қызылорда қаласында орналасуы себепті мониторинг жұмыстары облыс орталығынан бастау алды.
Қалалық білім бөлімі тарапынан 2025 жылдың 18 сәуір – 18 мамыр аралығында жоспарлы мониторинг жүргізілетіндігі туралы 18.03.2025 жылы, бір ай бұрын ескертпе хат жолданған.
Соның өзінде балабақшаларда көптеген кемшіліктер анықталды. Нәтижесінде кемшіліктер анықталған және оны қалпына келтірмеген, қалпына келтіргендігі жөнінде мәліметті ұсынбаған
42 балабақшаның мемлекеттік тапсырысы тоқталды.
Жоспарлы мониторинг нәтижелері бойынша қағида нормаларын бұзу фактілерінің анықталғандығы туралы жасақталған Акт білім бөлімдерінің ресми интернет ресурстарында жарияланып, Актіні алғаннан кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде анықталған бұзушылықтарды жоюға қосымша уақыт берілді.
Дегенмен, жаңа жоғарыда атап өткенімдей кемшіліктерді толықтай жоймаған және бала өміріне қауіп төнген оқиғалар орын алған Қызылорда қаласы бойынша 44, Жаңақорған ауданы бойынша 24, Шиелі ауданы бойынша 26 мектепке дейінгі ұйымның мемлекеттік тапсырыс алушылар тізбесінен шығарылғандығы туралы қорытынды актісі жарияланып, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тоқтатылды.
–Балабақшалары жабылған балалар қайда барады?
– Қағида талаптарына сәйкес келмейтін 94 білім беру ұйымына мемлекеттік тапсырыс орналастыру тоқтатылғанымен, бұл балаларды қамтуға кері әсерін тигізбейді.
Тәрбиеленушілер бос орындары бар, Қағида талаптарына сәйкес жұмыс жасап отырған МДҰ – ға орналастырылатын болады. Жоғарыда айтылғандай Ұлттық білім беру дерек қорындағы мәліметке сәйкес аймақ бойынша балабақшаларда 1600 бос орын қалыптасқан.
-Үш есе артқан қаржыландыру пайдасы қандай?
– Осыдан 5 жыл бұрын балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс көлемі орташа 24 240 теңгені құрап, 2025 жылы 73 мың теңгеге дейін, яғни 3 есеге дейін артты.
Қаржыландыру ұлғайғанымен, балабақшалардың жай-күйі өзгерген жоқ, жауапкершілік артқан жоқ. Демек, қаржының ұлғайғаны кімге пайдалы екені белгілі.
– Мемлекеттік тапсырысқа өзгерістердің жалақыға әсері қандай?
– Мектепке дейінгі ұйымдардың мемлекеттік тапсырыс көлемі ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №596 бұрығымен бекітілген жан басына қаржыландыру қағидасымен және 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 бұйрығымен бекітілген әдістемесі бойынша есептеледі.
2025 жылғы 12 наурызда ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесте жергілікті атқарушы органдарға «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға арналған шығыстар» көлемін реттеу мүмкіндігін беру тапсырылды.
Осы ретте, ҚР Оқу – ағарту министрлігі тарапынан 2025 жылғы 19 мамырда ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы
27 қарашадағы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта білім беруді, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру» қағидаларын бекіту туралы №596 бұйрығына өзгерістер енгізілді.
Жаңа әдістемеге сәйкес жергілікті атқарушы органдарға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде бір тәрбиеленушіге жұмсалатын шығыстардың құнын дербес айқындау құқығы берілді.
Осыған орай, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы облыс әкімдігінің қаулысы әзірленді.
Қаулыға сәйкес, мемлекеттік тапсырыс көлеміне енгізілген өзгерістер тек ағымдағы шығындар бөлігіне қатысты ғана орын алуда.
Бұл өзгерістер жалақы қорына берілетін қаржы көлеміне әсерін тигізбейді.
Яғни, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің айлық ақысы өзгеріссіз сақталуы қажет.
Себебі, мемлекеттік тапсырыс көлемін есептеуде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020-2023 жылдары педагогтердің еңбекақысын 100 пайызға және 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің айлығын 30 пайызға ұлғайту шығыстары толық ескерілген.
Сонымен қатар облыс бойынша балабақшалардың болу режиміне сәйкес тапсырыс көлемі түзету және санаторлық топтарды қоспағанда бір деңгейде 9 сағаттық режим болып бекітілуде.
Бұл өз кезегінде балабақшалардың бірдей көлемде жұмыс жасауына мүмкіндік беретін болады.
Тағы да қайталап айтамын, біздің мақсатымыз балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.
Бала өмірін өзінің бас пайдасынан төмен санайтын кәсіпкерлерге шектеу қоямыз.
Қоғам бұл жұмыстарды дұрыс қабылдайды деп есептеймін.
Ешкім баласын қауіп-қатерге өз қолымен апарып салмайды. Мемлекеттен қажетті қаржылық қолдауды алады, оған қоса ата-ана төлемақысын алады.
Ал, балаларға барынша жағдай жасауға келгенде құлықсыз.
Бұндай пысықайларға көз жұмып отыра алмайтындығымызды қатаң түрде ескертеміз.
–Ауыл мен қала балабақшасының айырмасы қандай?
Тапсырыс көлеміндегі айырмашылық орналасқан жеріне байланысты қалалық және ауылдық болып екіге бөлінеді.
Тапсырыс көлемі қалалық жерде 46,1 мың теңге, ауылдық жерде 51,8 мың теңге;
Санаторлық топтар қалада 87,7 мың теңге, ауылда 98,3 мың теңге;
Түзету топтары қалада 109,7мың теңге, ауылда 122,9 мың теңге.
– Балабақшаларда қолма-қол жалақы төлеу салықтан жалтару емес пе? Әрі балабақша қызметкерлерінің зейнетақы жинақтау қорына да әсері бары сөзсіз.
– Бірқатар жеке балабақшалар тарапынан жалақы қолма-қол төленіп, сондай-ақ жалақының бекітілген қаржыдан да кем төлену жағдайлары кездесуде.
Яғни, кей балабақшалар бюджетке төленетін міндетті төлемдерді төлеуденде жалтарып келеді. Бұл балабақша қызметкерлерінің зейнетке шығатын зейнетақысының жеткілікті көлемде болмауы да мүмкін.
Бұл ретте қызметкер жұмысынан айырылып қаламын деп құзырлы органдарға шағым түсірмеуде.
Осы сәтті пайдалана отырып, барлық жеке балабақша құрылтайшыларына бұндай әрекеттердің қолданыстағы заңға сәйкес жауапкершілік көзделгендігін ескерткім келеді.
–Соңғы кездері ата-аналардың балабақшаға төлейтін төлемі дау тудыруда?
Жақында ғана бір топ ата-ана облыс әкімдігіне келіп, жеке балабақшалар тарапынан ата-аналар төлемін арттырып жатқандығын айтып, өз шағымдарын жеткізді.
Мұндай заңбұзушылықтарға барған балабақшалармен мемлекеттік тапсырыс беру дереу тоқтатылып, құзырлы органдарға заңға сәйкес шара қабылдау үшін ұсыныстар енгізілетін болады.
Біз мұндай заң бұзушылықтарға жол бермейміз.
Себебі, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 «Білім туралы» Заңының 6 бабы, 7-3) тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекітеді.
Осы ретте, қолданысқа енетін облыс әкімдігінің қаулысында ата-аналар төлемақысының көлемі нақты көрсетілген.
Ал, балабақшалар ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №93 бұйрығына сәйкес тек қана білім беру, сауықтыру сипатындағы қосымша ақылы қызметтер көрсетуге ғана құқылы.
Бұл жұмыстар ата-ананың келісімі негізінде ғана жүргізіледі.
Ақпарат ретінде:

– Жеке мектептер білім беруден гөрі пайда көзіне айналып барады деген пікірлер бар?
– Бүгінгі күні облыста 39 жеке мектеп өз қызметін жүзеге асырды. Онда биылғы оқу жылында 15021 оқушы білім алды.
Жеке мектеп ашып қойып, оны пайда көзіне айналдырып қою – ол дұрыс емес.Кез келген білім беру ұйымының, мейлі ол мемлекеттік болсын, мейлі жекеменшік болсын негізгі міндеті – ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру.
Өкінішке орай аймағымызда мұны да кәсіп көзіне айналдырып алғандар жетерлік.
Жекеменшік мектептердің жұмысын бастау үшін білім беру қызметімен айналысуға берілетін лицензияға құжаттар өткізу барысында педагогтердің сапалық құрамын жасақтау үшін зейнетке шыққан мұғалімдердің санатын (категория) пайдалану жағдайлары орын алуда.
Қазіргі таңда 39 жекеменшік мектепте 136 ер педагогтер саны 7, әйел педагогтар саны 129 зейнетке шыққан педагог жұмыс жасайды.
Бұл орайда, жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесімен 39 жеке мектептің 29-ы Қызылорда қаласы – 18, Шиелі – 2, Жаңақорған – 9 немесе 74,3 пайызында педагогтердің сапалық құрамына қатысты лицензия талаптарына сәйкессіздігі анықталды.
Яғни, бұл мектептердегі білім сапасының қай деңгейде екендігі белгісіз.
–Жеке мектеп мұғалімдері жалақысын ала алмады. Өйткені қаржыландыру болмаған деген сұраққа жауап қандай?
– Осыдан біршама уақыт бұрын жеке мектептердегі мұғалімдер жалақысын ала алмай жүр, білім басқармасы ақшаны аудармай отыр деген еш шындыққа жанаспайтын мәліметтер де тарады.
Жеке мектептерді қаржыландыру биылғы жылдан бастап жергілікті әкімдіктерге жүктелгенімен, тапсырысты орналастырудың бірыңғай операторы ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы «Қаржы орталығы» АҚ.
Сәйкесінше жеке мектеп құрылтайшылары тікелей Қаржы орталығымен келісім шартқа отыруына байланысты, жергілікті әкімдікпен қандай да бір құқықтық негіз болатын құжат рәсімделмеген.
Біз өз міндеттемізді толық орындап, қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларына жоспарланған 8,2 млрд. теңге қаржыны «Қаржы орталығына» толық аудардық.
Қаржыны уақытылы ала алмаған жағдайда, «мұғалім мен оқушы осы облыстыкі ғой, неге шешпейсіздер» деп ұрандататын кейбір кәсіпкерлер сол оқушыларға жасалып жатқан жағдайды зерделеуді жоспарласақ, «кәсіпкерлікке кедергі келтіруде» деп тағы шу шығарады.
Жеке мектептердегі оқушылардың қауіпсіздігі де елді алаңдатып отыр…
Соңғы уақыттары бақылаудың болмауы салдарынан жеке мектептерде де резонансты оқиғалар тіркелуде.
Мысалға осы жылы 27 ақпанда «Бәйтерек скул» жеке мектебінде балалардың улануы орын алды.
3 мамырда Р. Әлиарыстанұлы атындағы жеке мектеп оқушысы суға кетіп, қаза болды. Бұл осы жылы ғана болған оқиғалар.
Жекеменшік мектептердің барлығы қала, кент орталығында орналасқан.
Баламен қамту үшін Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы мектеп құрылтайшылары күнделікті тасымал ұйымдастырып, кенттен шалғай орналасқан ауылдық елдімекендерден балалар тасымалдауда. Мәселен Шиеліде 144 бала, Жаңақорғанда 157 бала тасымалданады.
Бұл аудандардағы елді мекендердің басым бөлігі республикалық маңызы бар үлкен трасса бойында орналасқан.
Ал оларды тасымалданатын балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі мүлдем мазаламайды. Тек пайда табу.
Ертеңгі күні осындай тасымал кесірінен оқыс оқиға орын алса, қоғам айналып келіп білім басқармасын кінәлайды.
Біз орталық атқарушы органдарға осы және басқа да мәселелер бойынша ұсыныстар әзірледік.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң түрде жүргізетін боламыз.
Біздің басты мақсатымыз – балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім, саналы тәрбие беру.