Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапары барысында ондағы «Руханият» орталығында болып, бірегей орталықтың жұмысымен танысты. Сондай-ақ аудан ардагерлерімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, жастармен кездесті.
Кездесуге аудан әкімі Берік Сәрменбаев, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов бастаған кеңес мүшелері қатысты.
Кездесу барысында елімізде қабылданып жатқан заңдар мен олардың орындалуы туралы айтылды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты қоғамдағы өзекті мәселелер, оның ішінде лудомания, алаяқтық, кибербуллинг секілді қылмыстардың себеп-салдары жөнінде пікір алмасты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деп нақты міндеттерді белгілеген болатын. Түрлі гаджет мен смартфондағы бағдарламалардың көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуылдар схемасы сәт сайын өзгеріп, қадамдары жаңарып барады. Халықтың қаржылық қауіпсіздігі үшін қаржылық пирамидалар, құмар ойындарға тәуелділік, интернет-алаяқтық, дропперлік қылмыстардың алдын алуда уақытылы, тиісті шешімдер қабылдаудың маңыздылығы артты. Бір қарағанда жеке адамның мәселесі секілді көрінуі мүмкін. Бұл – тұтас қоғамға, әрбір отбасыға, ұрпағымыздың болашағына әсер ететін қауіп-қатер, – деді Мұрат Ергешбаев.
Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдағы ортақ мәселелер мен құндылықтар туралы ой қозғап, қабылданып жатқан заңдардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар атқарылған жұмыстарды оң бағалап, Мәжіліс депутатының жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ мәжіліс депутаты М.Ергешбаев С.Сейфуллин ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты сегізінші шақырылымның үшінші сессиясында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
– Біз «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында Мәжілістегі сегізінші шақырылымының үшінші сессиясында атқарылған жұмысты қорытындыладық. Қабылданған заңдардың саны мен шешілген мәселелердің ауқымы жағынан алып қарайтын болсақ, бұл саяси тұрғыда мазмұнды кезең болды. Қабылданған бастамалар негізгі салаларды қамтыды: экономика, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, цифрлық инфрақұрылым және азаматтардың құқықтары. Біз сайлаушылардың ұсыныс-пікірін алдағы уақытта да ескеріп, нақты жұмыстар атқаратын боламыз. Енді, міне Сыр еліне депутаттық қызмет сапарымен келдік. Өңірді аралап, өндірістік жобалармен танысып, экономикалық әлеуметтік саладағы қалыптасқан жағдайды өз көзімізбен көріп, сайлаушылармен кездесеміз. Біз ең алдымен халыққа берген сайлауалды уәдемізді орындауымыз керек. Жол картаға түскен әрбір іс-шараның уақытылы, сапалы жүзеге асуы қатаң бақылауда, – деді Мұрат Ергешбаев.
Мәжіліс депутаты С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ол мектептің жөнделуі сапалы болуы керек екенін айтып, мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесті. «Н-Строй сервис» серіктестігінің өкілдері күрделі жөндеу жұмыстары сәуір айының ортасында басталғанын айтып, қазан айында толық аяқтау жоспарланғанын баяндады. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы аяқталған, ішкі әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы мектепте күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 309,1 млн. теңге бөлінген.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев Жалағаш аудандық Полиция бөлімінің жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, орталықтың материалдық-техникалық жабдықталуын, бейнебақылау жүйесінің тиімділігін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлін бақылап көрді.
Бүгінде Жалағаш кенті орталығына 72 бейнебақылау камерасы орнатылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Мәжіліс депутаты құқық қорғау саласын одан әрі дамыту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ұсыныстарын білдіріп, жедел басқару орталығының маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданында да болды.
Сапар барысында халық қалаулысымен бірге AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков, аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев және партияның аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық бірге болды.
Мұрат Нәлқожаұлы алдымен «РУ-6» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда бұл өндіріс орнында 2500-ден астам азамат тұрақты түрде еңбек етуде. Компания Қызылорда облысындағы Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын кен орындарында уран өндірумен, қалдықтарды қауіпсіз өңдеу және жою жұмыстарымен айналысады. Кездесу барысында жұмысшылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге құлақ салды.
Сонымен қатар аудан орталығында салынып жатқан 30 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысымен танысты. Жобаның құны 2,3 млрд теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 92%-ы аяқталған. Құрылыс алаңында 70-ке жуық жұмысшы еңбек етуде, оның ішінде 15-і — жергілікті тұрғындар. Жаңа медициналық бөлім жұқпалы ауруларға жедел ден қоюға, заманауи талаптарға сай ем-дом жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мен жергілікті тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамту бағытындағы маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Сапар соңында Мұрат Ергешбаев 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. Құрылыста 50 адам еңбек етуде, олардың 70%-ы Шиелі кенті мен жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары. Мәжіліс депутаты бұл нысандардың жергілікті жастардың шығармашылық және білім деңгейін арттыруға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Жұмыс сапары барысында халық қалаулысы әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелердің оң шешілу жолдарын талқылап, нақты ұсыныстарын білдірді.