Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларымен бірге жаңадан бой көтерген “Достық үйінің” құрылыс барысын тексерді.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» қолдауымен 3 млрд. 800 млн. теңгеге жаңадан «Достық үйі» салынуда.
Мердігер мекеме – «Астана Сервис ЛТД» ЖШС, жоба құны 3,5 млрд.теңге. Құрылыс биылғы жылдың 11 сәуірінде басталды, бүгінде бірінші және екінші қабаттың колонна-ригельдері құйылып бітті, екінші қабаттың жабын плитасы қойылуда. Цокольді қабаттың ішкі инженерлік желілері, ішкі сылақ жұмыстары, сыртқы инженерлік желілері жүргізілуде. Нысан басында 5 техника, 62 адам жұмысқа жұмылдырылған. Құрылысты қараша айында толық аяқтау жоспарлануда.
Ғимарат ашық кеңістік астында түрлі форумдар, лекциялар, көрмелер, концерттер және т.б. іс-шараларды өткізуге арналған. Күн сәулесінен қорғайтын өрнектері бар сәндік панельдермен перфорацияланған. Офис бөлмелері екінші және үшінші қабаттарда орналасады.
Аймақ басшысы құрылысқа қойылатын басты талап сапа екенін атап өтіп, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.