Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі Қарақат Абден Арал ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, қолға алынып жатқан жобаларға қанықты.
Алдымен Арал қаласында жаңадан ашылған Руханият орталығының жұмысымен танысты. Халық игілігіне берілген орталықта музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталығы мекемелері орналасқан.
Содан соң орталықтағы мұражай экспонаттарымен танысып, ардагерлер және аналар орталығының өкілдерімен жүздесті. Мұндағы орталықтардың жұмысына сәттілік тілеп, аталған Руханият ордасында елдің игілігіне жарайтын, жастарға жақсы үлгі болатын түрлі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.
Мұнан соң «Qazaqstan halqyna» қоры ауданаралық оңалту орталығының жұмысымен танысты.
Оңалту орталығында Қазалы ауданының және Ақтөбе облысының Шалқар ауданының мүгедек балдарына медициналық көмек көрсетуі мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда орталықта ішкі жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Осындай заманауи орталық бұған дейін облыстық балалар ауруханасының жанынан ашылған болатын. Ол жүйелі және кешенді тәсілдермен жұмыс жасап, тиімділігін көрсетіп келеді.
Халық қалаулысы орталық ғиамарытының құрылыс жұмыстарымен танысып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Әрі қарай «Ase Invest» өндірістік зауытының жұмысымен танысты.
Жоба өңірлік пулға енгізілген, құны 300 млн. теңгені құрайды. Зауыт күніне 22 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Қазіргі таңда өнімнің 50%-ы экспортқа бағытталып отыр. Кәсіпорын жобаның екінші кезеңінде ылғал майлықтарды шығаруды жоспарлауда, цех жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Кәсіпорын жалпы 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл көрсеткіш қосымша өндіріс көзі пайда болғанда еселене түседі.
Қарақат Жақсылыққызы зауыт жұмысына сәттілік тілеп, мұндай өндіріс ошақтарының көптеп салынуы ел экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.
Мұнан соң Арал қаласындағы «Aral See food» балық зауытында болды.
Аталған цехта балықтар «Евростандарт» бойынша мақұлданған технологиямен өңделіп, ішкі нарыққа және ТМД елдеріне жөнелтіледі. Қазіргі таңда аталған зауыт аумағынан балық қалдықтарынан ұн шығару жұмыстары жолға қойылған. Ұн шығаруға арналған цехқа қажетті құрылғылар да жеткілікті. Жергілікті өнім өндіруде озық технологияның мүмкіндіктеріне иек артқан цехта қазіргі таңда жұмыс күші де жеткілікті.
Теңіз өнімдерін түрлі деңгейде өңдеп, нарыққа жөнелтуді қолға алған кәсіпорынға халық қалаулысы сәттілік тілеп, жобаны жүзеге асыруды қолға алған іскер азаматтарға үкіметтен әркез қолдау болуы керектігін жекізді.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі Қарақат Абденнің ауданға жасаған сапары Шижаға ауылына жалғасты.
Мәжіліс депутаты қазіргі таңда жазғы демалыс орнына айналған ауыл іргесіндегі «Дубай» аталып кеткен шеге құм жағалауында болды.
Ысылдаған шеге құм шетел асуға құмар демалушыларды өзіне тартуда. Нақтысы ауданға қарасты ауылдың шаңы жоқ саф ауасы, жауһар әлемге жол бастар бұйрат құмдары бүгінде келушілерге құшағын айқара ашуда.
Бұл жерден квадроцикл де, ат та, түйені де кезіктіруге болады. Тұмса табиғаттың боямасыз болмысын көзбен көріп, жүрекпен сезінем деуші әрбір аялдаушыға Аралдың ақ дастарханы мен адал асы да әзір. Ол маңға жету еш қиындық тудырмайды. Мың естігенше бір рет көруге асық туристер бүгінде сол жерді маңайлауда.
Елге табан тіреген Қарақат Жақсылыққызы сол құмды алқапты аралап, келушілерге жасалған жағдайды көзбен көрді. Аймаққа көптеп туристер тартуда осындай таңғажайып орындарды сол күйі сақтап, барлық жағдайды жасауға күш салу керектігін атап өтті.
Мұнан соң Ақирек елді мекеніндегі «Думан» шаруа қожалығының егістік алқабымен танысты. Жалпы көлемі 185 гектар аумақтың 7 гектарына қауын, қарбын өнімдері егілген.
Қазіргі таңда шаруа қожалықтың төрайымы Ұ.Жарекеева өнімді алатын күннің де алыс емес екенін айтты. Уақыты келгенде дәмі тіл үйіретін Ақбайдың қауын-қарбыздары аймақ сұранысына ие болып, күре жол бойындағы жолаушылар мен базар сөрелеріне жөнелтілетін болады. Шаруашылықта бұдан өзге асқабақ, картошка сынды бақша дақылдары да бар.
Парламент Мәжілісінің депутаты Қ.Әбден егіс алқабында шаруа қожалық төрайымымен тілдесіп, берекелі кәсіптің нәсібін көруге тілектестік білдірді.
Сапар барысында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі Қарақат Абден «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына аялдады.
130 балаға арналған жатын бөлме, бассейн, сауна, 120 орындық асхана, фитнес зал, шынығу залы, ғаламтор бөлмесі және 60 орындық конференц-залы бар орталық қазіргі таңда жеті ауысым бойынша балаларды қабылдап, көлге тынығушылардың шаттыққа толы орталығына айналуда. Бұл орталықта бұдан бөлек түлектер ҰБТ-ге дайындалса, түрлі деңгейдегі семинар, конференциялар да өткізіліп тұрады.
Қарақат Жақсылыққызы ауданға жасаған сапары барысында аталған орталықта тынығушы балаларпен жүздесіп, бастамаларына сәттілік тіледі.