Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралған мәселенің тағы бірі электрондық сауданы дамыту.
2024 жылы Қазақстандағы электрондық сауда нарығының көлемі 3,2 трлн. теңгені құраған, ал бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі 14,5%-ға жеткен.
Электрондық сауданың экономикалық өсудің қозғаушы күші ретіндегі маңызы ерекше екені белгілі. Сала 300 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ал еңбек өнімділігінің өсуі дүкендер мен нарықтық сатылымдарға қарағанда 30%-дан асып кетті.
Электрондық сауда нарығының дамуын ескере отырып, Премьер-министр Олжас Бектенов сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекенің заңсыз тәсілдеріне тап болған өндірушілер үшін де қауіпті азайту қажеттігіне назар аударды.
– Біздегі нарықтың ауқымды бөлігін шетелдік интернет-алаңдар алып жатыр. Оларды отандық тауарлар экспортын арттыру үшін тиімді пайдалануға болады. Екінші жағынан, тұтынушылардың құқықтары мен зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға байланысты мәселе туындайды. Маркетплейстердегі тауарлардың сапасына қатысты да сұрақтар бар. Шетелдік алаңдар түгілі, отандық маркетплейстер де сапаға кепілдік бере алмайды. Өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпарат көбінесе көрсетілмейді, – деп атап өтті Олжас Бектенов. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігіне бірқатар тапсырма берілді.
Премьер-министр Қазақстандағы бүкіл сауда қызметін, оның ішінде базарлар мен үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін цифрландыру бойынша нақты шаралар әзірлеу міндетін қойды.
Әділет және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, электрондық саудадағы тұтынушылар құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеу қажет. Олжас Бектенов ақпан айының соңына дейін тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдармен және «Цифрлық Қазақстан» қауымдастығымен бірлесіп, электрондық коммерцияны дамытуды мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу жөнінде тапсырма берілді. Электрондық сауданы дамытудың 2027 жылға дейінгі бұрын қабылданған жоспарын, отандық бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын және маркетплейстермен жұмыс тәжірибесін ескере отырып, құжаттың ережелерін биылғы наурыз айының соңына дейін өзектендіру қажет.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың төрағалығымен аталған мәселе бойынша мәжіліс өтті.
– «Жергілікті кәсіпкерлерді электронды сауда негіздеріне оқыту жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Электронды саудадағы экспорт көлемін арттыру мақсатында бұл саладағы кәсіпорындардың интернет маркетплейстарға тіркелуіне көмек беріп, тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында электронды саудадағы тауар сапасына аса мән беріп, дер кезінде қажетті шараларды қабылдаңыздар, – деп, облыс әкімі Н.Нәлібаев тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Өңірде тауарлар мен қызметтерді өткізу үшін интернет-ресурсты пайдаланатын 10 кәсіпорын тіркелген. Аталған кәсіпорындармен 2023 жылы 18 мыңнан аса тапсырыс жасалып, сауда айналымы 281 млн. теңгені құрады. Тапсырыстарды сақтау мен жеткізу бағытында аймақта «Қазпошта» желісінің 11 супермаркеті және өзгеде интернет дүкендердің тарату пунктері жұмыс жасайды. Қазіргі таңда тауар өндірушілер электронды портал арқылы өз өнімдерін сатуда.