Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасы — APLO-2025 өз мәресіне жетті. Қытай, Австралия, Гонконг, Жапония, Малайзия, Иран, Корея, Сингапур, Таиланд сияқты АТА елдерінің дарынды оқушыларын біріктірген беделді зияткерлік жарысқа биыл 500-ге жуық оқушы қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша Маңғыстау облысындағы IT-лицейдің оқушысы Рамазан Бутантаев жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды. Ол аймақтың ең мықты қатысушыларын басып озып, алтын медаль иеленді.
Жалпы, Қазақстан құрамасы лингвистикалық олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті — 5 медаль және 3 Құрмет грамотасын жеңіп алды:
1 орын Рамазан Бутантаев — 10 сынып, мамандандырылған IT-лицей, Маңғыстау облысы;
2 орын Самир Сарбасов — 12 сынып, НЗМ, Астана қаласы;
3 орын Тимур Кантаев — 11 сынып, «Арыстан» мамандандырылған мектебі, Алматы қаласы;
3 орын Зере Серікова — 11 сынып, №9 «Зерде» мектебі, Астана қаласы;
3 орын Темірлан Сейтбаттал — 11 сынып, БИЛ, Ақмола облысы.
Құрмет грамотасымен марапатталғандар:
- Ислам Сипатталов — 10 сынып, БИЛ, Ақтөбе қаласы;
- Шыңғыс Қарасаев — 11 сынып, НЗМ, Орал қаласы;
- Арон Хасанов — 11 сынып, БИЛ, Атырау қаласы.
Лингвистикадан ҚР құрама командасының жаттықтырушысы — лингвистика және география пәндерінен халықаралық және республикалық олимпиадалар жеңімпазы, Эберхард және Карл атындағы Тюбинген университетінің 2-курс студенті — Аида Давлетова.
Оқушыларымызды тамаша нәтижелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Анықтама үшін:
Asia Pacific Linguistics Olympiad (APLO) — жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық лингвистикалық олимпиада. Бұл олимпиада логикалық ойлау, тілдік түйсігі мен мәдениетаралық құзыреттілікті дамытуға бағытталған және Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға (IOL) қатысуға жол ашады. APLO — оқушыларға халықаралық деңгейде өздерін сынап көруге және академиялық ортада таныла түсуге үлкен мүмкіндік береді.