– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз жыл сайын мерзімді баспасөзге ауқымды сұхбат беру арқылы белгілі бір саяси дәстүр қалыптастырдыңыз деуге болады. Осы орай­да, «Turkistan» газетінің ұсынысын қабыл алға­ныңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз.

– «Turkistan» газеті 30 жылдан бері тұрақты шығып келеді. Бұл – Қазақстандағы ең ықпалды басылымның бірі. Газеттің атауында да өте үлкен мән-мағына бар. Басылым тілшілері ел ішіндегі өзекті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұртына ортақ тақырыптарды да көтеріп жүреді. Бұл өте жақсы дәстүр деп санаймын.

Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын. Ел ішіне кең таралған TikTok, Instagram немесе Telegram арналары еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігінен алыс екенін өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз.

Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады.

Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын. Көптеген жастарымыздың да дәл солай ойлайтынына қуанамын. Себебі, олар адамды тығырыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, нағыз білім-ғылым жолына түсуді мақсат тұтады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ.

– Сұхбатымыздың бас жағында әдетте­гідей өткен жылдың қорытындысы туралы сұрағым келеді. Былтыр өте көп оқиға бол­ғаны белгілі. Дегенмен, 2025 жылдың басты нәтижесі қандай деп ойлайсыз?

– Шынымен де, айтулы оқиғалар аз болған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты, бұл сұрағыңызға табан астында жауап бере қою қиын. Мысалы, экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.

Бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тартып, әлеуметтік игілік­терді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік береді. Елдің ресурстарын таңдаулы адамдар емес, барша жұрт бірдей пайда­лануға тиіс. Сонда ғана заманға сай инфра­құрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалыптастыра аламыз. Осылай­ша, экономиканың сапалық тұр­ғыдан өсуіне зор серпін береміз.  

Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтары­мыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғы­рын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек.   

– Былтыр жаңа Салық кодексі қызу талқыға түсті. Жұрттың көкейіне күдік-күмән ұялап, көптеген сауал туындады. Бір жағынан, қажетті экономикалық реформаларды жүр­гізуге мүмкіндік беретін, екінші жағынан, азаматтардың тұрмыс жағдайын төмендетіп жібермей, таразы басын тең ұстайтын тиімді жол бар ма?         

– Біздің реформамыз – қатардағы «фискал­дық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз. 

– Экономикалық реформалар тауарлар­дың бағасы мен қызметтердің тарифіне салмақ салады. Жұрт бұған алаңдап отыр. Сіз Үкіметке осы мәселені шешуге арнал­ған нақты шаралар жоспарын әзірлеуді тапсыр­дыңыз. Бұл жұмыс реформаның сапасы мен қарқынына әсер етпей ме? Азаматтарымыз әл-ауқатымызды жақсартады деп күтіп жүрген реформаның нәтижесін жоққа шығармай ма?         

– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көш­басшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсі­немін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен попу­листердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек. 

Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіре­се, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісі­нің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтыну­шы­лармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады.

Азаматтарымызға зияны тимеуі үшін қыс мезгілінде тариф­терді өсіру әкімшілік тәсілдер арқылы уақытша тоқтатылды. Соны­мен бірге, Үкіметке бюджет қаржысын барынша тиімді пайда­лану міндеті жүктелді. Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қатаң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмсалуға тиіс. Былтыр қараша айын­да Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі бір­лесіп, үш жылдық бағдарлама қабылдады. Құжат азамат­тардың әл-ауқатын жақсарту үшін инфляцияны төмен­детуге арналған.

Экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр. Дегенмен, меніңше, өзгеріс қарқыны баяу. Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қара­мастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағдайды білеміз, оны жұрттан жасыратын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар.

– Мемлекет кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән бе­ріп отыр. Бұл шаруамен үкіметтердің бәрі айналысты. Бірақ, осы аса маңыз­ды сала­дағы түйткілдер ақыры шешімін тап­қан жоқ. Әр министр өз бағдарла­ма­сын жүзеге асырмақ болды. Соның сал­да­рынан қыруар ақша құмға сіңіп жоқ болды. Енді біз еліміздің бұл сала­дағы әлеуе­тін ойдағыдай пайдалана аламыз ба?

– Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тон­наға дейін өседі. Соған сәйкес, оның им­порты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елде­ріне ет шығаратын ірі экспорт­тау­­шыға айналатын мүмкіндігі бар. Сондық­тан, былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашы­лығы еңбеккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды.

Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлға­лар­дың біліксіздігі мен немқұрай­лығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз. 

Туризмнің дамуына тұмса та­биғатты қорғау деген желеумен кез келген жоба­ға қарсы науқан ұйымдастыратын кей­­­бір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта ша­­руа­сы да жоқ. Олар өзінің таны­малдығын арт­тыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тіл­мен айт­қанда, «хайп» жасауды ғана көз­дейді. Ту­ризм бизнесінде әбден әккі бол­ған, бәсе­келес­тердің шыққанын қала­май­тын кәсіпкерлер кейде олардың қолты­ғына су бүркіп отырады.

Дамыған елдердегі кооперация жақсы қырынан көрінді. Тіпті, ірі корпорация дең­гейіне жеткен бірлестіктер бар. Қазақ­станның барлық ауылында табысты коопе­рация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Солай етуге тиіс те. Күн­көрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасам­паз­дық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс.

Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді.

– Тағы бір тақырыпқа ойыссақ. Жұртты бұрыннан толғандырып жүрген мәселелер бар. Мысалы, кейбір ірі бизнес өкілдерінің өмірі сән-салтанатқа толы. Олар қалталы азаматтардың да, қарапайым адамдардың да қамын ойлап өмір сүруді қашан үйренеді?

– Бизнес – кез келген елдегі эконо­миканың негізгі тірегі. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Осы жолда жұрт жеке меншік институтына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастады.

Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бас­тады. Сондықтан мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін.

Мен мемлекеттік билік жүйесінде жо­ғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, сөзбен де, іспен де ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға тырыстым. Себе­бі экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсінемін.  

Тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнес­мен­де­ріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқ­­ты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас. 

Мен Швейцарияда жұмыс істеп жүр­генде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім. Сол кезде олардың өз қаражатын өте үнемдеп жұмсайтынын және елден дараланып көзге түскісі келмейтінін көріп, таңғалдым. Миллиардтаған қаржысы бар адамдар қонақүйдің қарапайым бір бөл­месінде тұруға намыстанбайды. Жеке ұшақ­пен ұшпақ түгілі, бірінші санаттағы орын­дарға да отырмайды. Бірақ, бұл – олар­дың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан дағды.    

Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірі­сі бойынша әлемде көш бас­тап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын сал­мауы мүлдем ақылға қонбай­ды. Екін­шіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интелли­генцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн.

Ал, біздің кәсіпкерлеріміз үшін қалып­ты көрінетін өмір салты кейде қоғамның наразылығын тудырып жатады. Мұндай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайы­рымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес.

– Сіз Республика күні қарсаңында өткен азаматтарды мемлекеттік награда­лармен марапаттау рәсімінен кейін кәсіп­­керлермен жеке кездесіп, оларға наразылығыңызды ашық айттыңыз деп естідік. Құпия бол­маса, әңгіме не туралы болды?

– Жаңа ғана сөз болған қайырымдылық туралы, отаншылдықты жасампаз іспен көрсету жөнінде сөйлестік. Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек.

Қазақстанда көп нәрсе өзгерді. Қоғам­дық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік бас­қару жүйесі жаңарды, саяси қайраткерлер ауысты. Ірі кәсіпкерлер ғана жүрісінен жаңылмай, бәз-баяғы қалпында келе жатыр. Бірақ, бұл, бір жағынан, биліктің бизнеске көзқарасы дұрыс екенін көрсетеді.

Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды. 

Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жатқан сіз­дер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым.  

Заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпы­на келтіру – конъюктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы. Әңгіме индуль­ген­ция немесе ымыраласып, астыр­тын келісім жасау туралы болып отырған жоқ, олай болуы мүлдем мүмкін емес.

Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады. 

Алаяқтыққа жол берілмейді. Кеңес заманындағы түрлі аймақ­тық қақты­ғыстарға қатысқан «арда­герлер» әлі күнге дейін әлеумет­тік жеңіл­діктерді пайдаланып келеді. Мен халыққа Жолдауымда Кеңес Одағының күйрегеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, «ардагерлер» күн өткен сайын көбейіп, неге екені белгісіз, жасарып бара жатқанын айттым.

– Тағы бір өзекті тақырып. Қаңтар оқиғасына қатысқан бірқатар азаматқа байланысты сот процесі туралы ақпарат БАҚ беттерінде былтыр ара-тұра жария­ланып тұрды. Тергеу амалдары әлі жүріп жатыр ма?

– Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбі­несе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қаз­балап кетеді. Сол үшін оларды кінә­лауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жо­лын­да ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқ­ша­сымен жасалғандай адам сенгісіз жағдай­лар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдас­ты­ру­шылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкім­діктері мен құқық қорғау органдары­ның ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды.

«Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғалар­лығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғыз­ды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті.

Осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қар­сы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адам­дар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айна­лып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр.

Статистикаға қарасақ, Қазақстанда 740 мыңнан астам мүгедек адам бар екен. Еліміздің ешқандай қарулы қақтығысқа қатыспайтынын ескерсек, 20 миллион халқы бар мемлекет үшін мұның көп­теу екеніне келісетін шығарсыз. Кезін­де жауапты мекеме қызметкерлері мемле­кеттен көмек алу үшін туыстарын, мәсе­лен, гипертония диагнозы қойылған жақын­дарын мүгедектер қатарына қосып жаза салғаны анықталып отыр. Мұндай заңсыз әрекеттер аз емес. Сондықтан, Үкімет пен құқық қорғау органдарына осы салада тәртіп орнатуды тапсырдым.

– Қаңтар оқиғасынан кейін сіз олигополияға қарсы күресті қолға алып, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару жөнінде бастама көтердіңіз. Сол үшін Бас прокуратураның жаны­нан арнайы комитет құрылды. Бірақ, былтырғы Жолдауыңызда бұл құры­лым­ның атауын Инвесторлардың құқы­ғын қорғау жөніндегі комитет деп өзгерту туралы тапсырма бердіңіз. Жұрт бұл шешімді жете түсініңкіремей отыр. Мұндай қадам заңсыз активтерді елге қайтару тақырыбы осымен жабылды дегенді білдіре ме?

– Әрине, жоқ. Бас прокуратураның мәлі­­меттеріне тоқталып өтейін. Заңсыз актив­терді елге қайтару жөніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, олигополия өкіл­дерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңге­ден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құры­лысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаң­ғыртылып жатыр.

Жұмыс жалғаса береді. Активтерді сараптап, оның заңдылығын анықтау құзыр­лы органдардың күнделікті қызметінің бір бағытына айналды. Ең бастысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болуға тиіс. Енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондықтан, алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді. 

Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталықтар, тау-кен, металлургия, энергетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт сала­ларына, сондай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағ­дар­ламаларын қаржыландыруға айрық­ша назар аударылады.    

Бас прокуратура мен Үкіметтің ал­дында барлық жоспарларды және уағда­ластықтарды орындау міндеті тұр. Бұл – аса маңызды жұмыс.

Қазақстан әлем қауымдастығына халық­аралық құқықты қатаң сақтайтын ел екенін көрсетіп келеді. Бірақ, кейбір «кәсіп­керлер» қоғамдық пікірді өз мүд­десіне қарай бұрмалауға тырысады, шетел­де жатып алып, өздерін саяси режим­нің құрбаны етіп көрсетеді, «инвес­тор» ретіндегі құқығы тапталып жатқа­нын айтады. Біз заң аясында адал диалог жүргізуге дайынбыз. Өйткені, ұстанымда­рымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Қазақ­стан алдағы уақытта да заңдары инвес­торларға қолайлы мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайта береді.

– Сіз Жолдауыңызда әлеуметтік жеңіл­діктер тым көбейіп, масылдық пен алаяқтыққа жол берілгенін қатаң сынға алдыңыз. Жұрт иммиграцияға қатысты көзқарасыңызды да білгісі келеді…

Тексеру жұмыстары, жалпы, әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсетті. Танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді.  

– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздан­дыру, ғылым және мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме толық орын­далады. «Сырт көз – сыншы» деген сөз бар. Шетелдіктер, әсіресе, көрші мемлекет­тердің тұрғындары біздің елдегі әлеуметтік қызметтің соншалықты дамығанына қызы­ға да, қызғана да қарайды. Соның ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек және азаматтарға арналған көп­теген жеңілдік бар. Тіпті, Қазақстанды «ком­мунизм орнаған» ел деп атай бастады.

Мысал ретінде, жекеменшік мектеп­тердің иелері де ауқымды мемлекеттік субсидия алатын орта білім жүйесін айтуға болады. Барлық аймаққа жекеменшік мек­тептердің, балабақшалардың, оқу орта­­лық­тары мен үйірмелердің жұмы­сын қамтамасыз ету үшін «жан басына сәйкес қаржыландыру» қағидаты бойын­ша қомақты қаражат бөлу мін­деті жүктелген. Бұған қоса, ауқатты кәсіп­кер­лердің меншігіндегі және
ата-ана­лары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюд­жеттен қаржы бөлінеді.

Бұл саланы мемлекеттен қаржылан­дыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр.

Жекеменшік медицина саласында да осыған ұқсас ахуал қалыптасқан. Бұрын жекешелендірілген медицина мекемелері көбінесе күрделі құрал-жабдықтар сатып алмайды, тексеруден өту үшін науқас­тарды мемлекеттік емханаларға жібе­реді. Бірақ, ең бастысы, оларға шын мәнін­де науқастардың санына қарай емес, «тіркелген» адамдардың санына қарай бюджеттен ақша бөлінеді және бұл «жан басына сәйкес қаржыландыру» деп ата­лады. Науқастардың санында мүлде нақты­­лық жоқ, тіркеу жұмыстары қалай болса солай жүргізіледі. Барлығы ашық болуға тиіс, осы саладағы үрдістің бәрін цифрлан­дырған жөн.   

Жалпы, бұл – күрделі мәселе, Үкімет бұған назар аударуға тиіс. Мен лауазымды тұлғалардың мұндай жағдайға жол беріп қана қоймай, мемлекет мүддесіне қайшы келетін нәрселерді «өз қолымен» жасағанына таңғаламын.   

Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кет­кен. Ахуалды түзеу қажет. Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсі­немін. Бірақ, жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды.

– Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысымен тағы да кездесті. Кремльге қарасты ақпарат құралдары бұл жайында кеңінен мәлімет таратты. Кездесу туралы көптеген пікір айтылып, өсек-аяң өрбіді. Тіпті, Қазақстанда 2029 жылы болатын билік транзиті туралы сөз қозғалыпты, Назарбаев Владимир Путиннің тікелей қолдауымен сол істе ең басты рөл атқарғысы келеді екен деген алып-қашпа әңгіме шықты. Сіз былтырғы сұхбатыңызда Тұңғыш президент партияның ірі қайраткері ретінде көп уақытын өткізген Мәскеуді сағынатын болар, сондықтан ол жаққа жиі барады деп түсіндірген едіңіз. Дегенмен, көптеген азамат Сіздің осын­дай «саммиттерге» шынайы көзқара­сыңызды білгісі келеді.

– Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кез­десулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді.

Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгіме­лесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назар­баевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді.

Ондай әңгімелер барысында не айтыл­ғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқа­шан сұрақ қоймаймын.     

Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты. 

– Ал билік транзиті туралы не айтасыз?

– Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар.

– Кейбір сарапшылар парламенттік реформа бір ғана мақсатпен – Парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік бас­қару жүйесіндегі ең басты лауазымға айнал­дыру үшін ғана өткізіледі деп санай­ды. Сіз бұл лауазымды өзіңізге дайын­дап жатырсыз деген де сыбыс бар…

– Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жарияладым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті, адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді.

Еліміз үшін аса маңызды реформаның бәрі жалпыхалықтық референдумға шыға­рылады. Бұл жерде ешқандай астыр­тын ойлар жоқ. Менің ұстанымым баршаға бел­гілі, саяси реформалар жалғаса береді. Ұзақ мерзімге арналған жоспардың бір бөлігі әдеттегідей жақын арада жарияла­нады.

– Биыл саяси тұрғыдан алғанда қандай жыл болмақ?

– Қазірдің өзінде нақты айта аламын: биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бірге Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспар­ланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады. 

Халықаралық дау-дамайларда ара ағайын болатын ешқандай ойым жоқ, сондай-ақ, бірқатар елдердің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралатын ниетім де жоқ. Бірақ, жабық кеңес­тер мен пікірталастарға қаты­самын, оның үстіне бірқатар мемле­кет басшылары менің пікірімді біл­гісі келеді. Мен үшін осы маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құрал­дарында жариялаудың еш қажеттігі жоқ, себебі популизмнен аулақпын. Бұл ұстанымым жабық кеңестерге қатысушылар үшін де маңызды болса керек.  

– Биыл Қазақстан халқы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық мерейлі белеске жеткенін атап өтеді. Бұл – тарих тұрғысынан алғанда қас-қағым сәт бол­ға­нымен, жекелеген мемлекеттер мен адам­дар үшін біршама ұзақ мерзім. Сіз Қазақ­станның жүріп өткен жолын қалай баға­лар едіңіз? Алдағы бағдарымыз қандай?   

– Мемлекет құру ісінің куәгері болған және бұл іске атсалысқан азамат ретінде «осы жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін өте көп жұмыс атқарылды» деп айта аламын. Иә, жетістіктермен қатар, қателіктер де болды. Онсыз мүмкін емес қой?! «Білмейтін жолдың ой-шұңқыры көп» деген сөз бар. Қалай болғанда да, еліміз бұралаңы көп, бағдары бұлыңғыр, күрделі жолды жүріп өтті. Жер жүзінде Қазақстанға тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ, бірақ жымысқы ниет танытқандар да бар еді. Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың басында шетелдерде «қазақтардың қолынан ештеңе келмейді» деген пікір айтылып жатты. Өйткені, демографиялық ахуал мен кеңес дәуірінен қалған саяси және экономикалық жағдай табысты мемлекет құруымызға қолбайлау болатындай көрінді.

Өмірдің өзі бұл болжамдарды жоққа шығарды. Қазақстан экономикасы қарқын­ды дамып жатқан, халықаралық беделі жо­ғары, табысты мемлекетке айналды. Бі­рақ, алдымызда тәжірибесі мол азамат­тарға да, жастарға да ортақ орасан зор жұмыс бар.  

– Жұрт Сізді жеке тұлға ретінде де тани түскісі келеді. Сіз жеке өміріңізді көпшілікке жария етуді ұната бермейтін сияқтысыз. Өзіңізді жақсы білетін адам­дар «ол жазба мәтіндерге өте мұқият қа­райды және асқан табандылықпен жұмыс істейді» дейді. Жеке басыңызға қатысты осындай сұрақтар аз емес. Осы­ның бәрін қорыта айтсақ, Сізді жан дүниесі мен мінез-құлқы қандай адам деуге болады?

– Мен 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің табалдырығын ал­ғаш рет аттадым, мемлекеттік қызмет­ке келгеніме былтыр 50 жыл болды. Ал­­ғашқы мамандығым бойынша мен – қы­тайтанушымын. Бұл кәсіп айрық­ша табандылықты қажет етеді. Шыны­мен де, мәтінмен жұмыс істеуге әбден дағ­дыланғанмын, нашар стильді, әсіре­се, әріп қатесін суқаным сүймейді. Жол­дау­ларымды, сөйлейтін сөздерімді, мақа­лала­рымды, тіпті, әріптестеріме жолда­натын хаттардың бәрін тікелей өзім қарай­тынымды аппараттағылардың барлығы біледі.

Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді. Мұның бәрі менің мінез-құлқым мен дүниетанымыма өз әсерін тигізді. Сондықтан, «Сіз кімсіз?» деген сипаттағы сауалыңызға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берейін.    

Соңғы жылдары Қазақстанда тарихты талқылау сәнге айналды. Түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітаптар шығып жатыр. Әрине, халықтың төл шежіресін тануға деген қызығушылығын түсінуге болады. Жалпы, бұлқұптарлық дүние.

Алайда, өкінішке қарай, мемле­кет­ке кесірі тиетінін жете түсінбей, көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған деректер мен жалған ақпарат­тар тарататын, халқымыздың басынан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарих­шысымақтар пайда болды. Жұрт олардың санды­ра­ғына сеніп, өткен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсы­лық­қа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол».

   

– Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің денсаулығы туралы мәліметтерді жариялады. Осы тұрғыдан алғанда, Сіз көп ашыла бермейсіз. Дегенмен, денсаулығыңыз жайлы түрлі әңгіме айтылып жатады. Кейбіреулер Сіздің салмақ тастап, сергек көріне бастағаныңызды атап өтсе, енді біреулер оған керағар пікір білдіріп жүр. Бұл туралы не дер едіңіз? 

– Денсаулығым жақсы, қан қысы­мым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғыл­дануды әдетке айналдырдым, бірақ меди­тация жасамаймын. Бұрынғы кәсіп­қой спорт­шымен аптасына екі рет үстел тенни­сін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым.

– Президент мырза, бүгін өте маз­мұнды әңгіме болды. Халықты толған­дыратын көптеген маңызды мәселені талқыладық. Уақыт бөліп, сұхбат бер­геніңіз үшін тағы да алғыс айтамын.

– Мен әрдайым қоғамның көңіл-күйі мен азаматтардың мұң-мұқтажын біліп отыруға тырысамын. Түйткілді мәселелер мен жоба-жоспарларды ашық әрі тура айтамын. Қазақстанның әлеуетін еселей түсу үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз бір ел болып, халықтың мүддесін қорғау жолындағы биік мақсатымыздың бәріне жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

Газеттеріңіздің жұмысы табысты болсын! Редакция қызметкерлеріне менен дұғай сәлем айтыңыз.

Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатынан ықшамдалды

5.01.2026 жыл

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған