Ауылды көп айтамыз, көп жазамыз. “Ауылым” деп ән де саламыз, өлең де арнаймыз. Қайсыбір белгілі жазушының болмасын белгілі шығармасында ауыл бар. Қайсыбір белгілі ақынның болмасын ауыл деп арындаған жыры бар…
Ауылға арналған жалынды сөздер де көп, жиындар да жеткілікті. Жақында Қызылордада сондай жиынның бірі өтті.
Жиынды ұйымдастырушы “Amanat” партиясы аймақтағы барлық ауыл әкімдерін жиып, форум өткізді. Мақсат ауылдарды түлететін, жаңғыртатын әкімдерге жан бітіру болса керек.
Жиында осы жиынға арнайылап келген “Amanat” партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Парламент сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаментінің директоры Нұрлан Мақсұтовтар сөз сөйледі. Осыдан-ақ жиын ауқымын аңғара беріңіз…
Форумда баяндама жасаған облыс әкімі Н.Нәлібаев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі ең алғашқы Жарлығы “Ауылдық аймақтарды дамытуды 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы” екенін айта келіп, “бүгінде Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауы арқасында” облыс ауылдарында іске асып жатқан жобаларды баяндады.
Елімізде 17 облыс бар болатын болса, сол облыстарда мекендеген халық саны жөнінен Қызылорданың халқы алты облыстан (Жамбылда 1 млн. 223, Оңтүстік Қазақстанда 2 млн. 837, Алматыда 1551,4 мың, Қарағандыда 1134,3 мың, Түркістанда 2 млн. 153 мың, Ақтөбеде 347 мың халық) аз, ал қалған облыстар бойынша қызылордалықтар саны көп екен. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда 527,5 мың, Шығыс Қазақстанда 724,8 мың, Атырауда 709 мың, Маңғыстауда 709 мың, Батыс Қазақстанда 695 000, Жетісуда 696 мың, Ұлытауда 709 мың, Қостанайда да 709 мың, Ақмолада 788 мың, Абайда 605,1 мың, Павлодарда 752 мың адам мекендейді.
Бір кездері ауылдардан адамдардың үдере көшкені рас. Жайсыз тұрмыстан, жұмыс жоқтықтан Сыр бойынан да қолайлы орта іздеп сыртқа кеткендердің алды Алматы, Астана асты, арты көрші Шымкентке тоқтады. Артынша сол кеткендердің көбісі елге қайта оралды. Айтпақшы, күнкөрісі қиын, инфрақұрылым, инженерлік жүйесін де жеткізе алмаймыз деп мал бағып отырған, отбасы саны аз кей ауылдарды өзіндегі жұртқа жұмыс тауып беруі қиынға соғып, тұрғындарға жағдай жасауда қиналып тұрған қалаға өз қолымызбен көшіріп, көпқабатты үйлерден пәтер беріп, жарылқадық…
Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:
Кент және ауыл әкімдері!
Қазір халық сайлады деп арқаны кеңге жайып, қол қусырып отыратын уақыт емес.
Мемлекет басшысы «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда» – деген болатын.
Халыққа берген уәдені орындап, Президентіміздің Әділетті қоғамды қалыптастырудағы реформалары мен саясатын өздеріңіз басқарып отырған аумақта жүзеге асыруларыңыз қажет.
Осы ретте барлық деңгейдегі әкімдерге төмендегілерді тапсырамын.
– ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасын тиімді іске асырыңыздар;
– ауылдардың инфрақұрылымын жаңарту бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жұмыстары сапалы жүргізіліп, мерзімдерінде пайдалануға берілуін қамтамасыз етіңіздер;
– ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды тиімді пайдалану және жаңа технологияларды енгізуіміз қажет;
– кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауыл әкімдері халыққа мемлекеттік қолдауларды түсіндіріп, кәсібін ұйымдастыруға көмектесуі қажет;
– әрбір әкім өзі басқаратын елді мекендегі жұмыссыздар санын азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табыс көзін арттыру, салық базасын ұлғайту секілді негізгі шараларға баса назар аударыңыздар;
– жер телімдері өз мақсатына сай пайдаланылуы керек. Заңсыз немесе пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс;
– төртінші деңгейдегі бюджет түсімдерінің орындалуын және заңдылықтарға сәйкес бюджеттің толық атқарылуын қамтамасыз етіңіздер.
– «Таза Қазақстан» акциясы бойынша халыққа үнемі түсіндіріп, ауыл, аула тазалығы және көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізіңіздер;
– сыбайлас жемқорлықты алдын алу мен оны болдырмау, тәуекелдерін жою бағытында кешенді шараларды қабылдаңыздар;
– әкімдер мемлекеттік қызметкердің әдеп нормаларын сақтап, орынсыз сынға қалмау керек;
– барлық мемлекеттік мекемелермен бірлесе «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлау алды бағдарламасының орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет;
– қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын, елдің бірлігін сақтап, атқаратын қызмет аумағында елмен бірге тұруын қатаң тапсырамын.
Ауыл әкімдерінің форумында сөйлеген сөзінен
Өзіміз айта беретіндей өте қиын болған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тоз-тозы шыға бастаған ауылдар сол ауылдағылардың өздерінің өлермендігімен әйтеуір тарап кетпей аман қалды.
“Ауыл жылы” дедік, “тірек елдімекендер” дедік, мүмкіндігінше ауылдарды сақтап қалудың жағдайын жасап, ауылдарды қысқартпадық.
Ресми дерек бойынша биылғы жылдың 1 қазанына Қызылорданың халқының 53% ауылда тұрады екен. Салыстырмалы түрде қарасақ, еліміз бойынша Қарағанды облысында ауылдықтардың қарасы аз екен. Қарағанды облысында 1134,3 мың адам тұратын болса, осының 18,1% ғана ауылдықтар екен. Ал, қызығы Алматы облысында 1551,4 мың тұрғын болса, осы халықтың 80,5% ауылдықтар екен.
Түркістан облысы халқының да 74,9%- ы ауылдықтар. Жетісулықтардың 55,2%, жамбылдықтардың 56,3%, солтүстік қазақстандықтардың 51 %-ы ауылдықтар, содан кейін Қызылорда облысы халқының жарыдан астамы ауылдықтар екен.
Демек, халқымыздың жарыдан астамы тұратын ауылдарды жақсарту сырбойылықтардың әлеуетін көтеру деген сөз. Ауылдарды жақсарту дегеннен шығады, бүгінде Қызылордада республика бойынша мақтаныш ететін Нағи Ілиясов ауылы бар. Қазір мақтан етіп жүрген Таң, Жаңажол ауылдары да “Нағи” ауылының қатарына қосылып келеді.
Бір ғана “Бесарық” ауылын алып қаралық:
Осы форумда сөз алған осы ауыл әкімінің айтуынша «Бүгінде ауылда 2437 адам тұрады. Оның 1011-і экономикалық белсенді халық. Ауылдық округте 2024 жылдың 1 қарашасына тіркелген кәсіпкер саны 299, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны 294 болып, тіркелгендер үлесі 98,3 пайызды құрады.
Жыл басынан бері Бесарық ауылында мемлекеттік және Өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,1 млрд. теңгені құрайтын 46 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде 1 млрд. 78 миллион теңгенің 30 жобасы несие болса, 23,6 млн. теңгенің 16 жобасы – қайтарымсыз грант қаражаты.
Мемлекеттік әріптестік аясында «Абай-Даулет» серіктестігінің демеушілігімен ауылдық округте бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы Бесарық ауылдық округінде «Абай-Даулет» серіктестігінің демеушілігімен 697 млн. теңге инвестиция тартылды. Атап айтар болсақ, серіктестік шағын өндірістік аймақ құрылысын 520 млн. теңгеге жүргізді.
«Абай-Даулет» серіктестігі тарапынан 70 млн. теңгеге ауылдық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді.
Үлкен залға жаңа орындықтар орнатылып, мәдени нысанның іші және сырты заманауи талаптарға сай жаңарды. Серіктестік көлемі 3800 шаршы метр болатын орталық алаңды брусчаткалау фонтан орнату, ауыл паспортын жөндеуге 40 млн. теңгеге демеушілік көрсетті. Сонымен қатар 35 млн. теңгеге 2 мың шаршы метр болатын «Рәміздер алаңын» брусчаткалап, газон егу, жарықтандыру және қоршау жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек ауылды абаттандырып, көркейтуге 32 млн. теңгеге қаржылай көмек көрсетті.
Серіктестік тарапынан ауыл тұрғындарына әлеуметтік қолдаулар тұрақты жасалып келеді. Жыл сайын ауыл тұрғындарына, оның ішінде шаруашылық жұмысшы-қызметкерлеріне көмірмен, азық-түлікпен қолдау көрсетіп, ардагерлерді шипажайларға, оқушыларды демалыс лагерлеріне жіберуге үлес қосып келеді. Сондай-аз серіктестік соңғы 5 жыл көлемінде шаруашылықтың үздік қызметкерлеріне 9 автокөлік сыйға тартты».
Әрине, ауылдарда егін егіп, мал бағып, өндіріс ашып табыс тауып жатқан инвесторлар ауылдарға қаржы салса, қайсыбір ауылдың болмасын бағы жанғалы тұр…
Н.Нәлібаев бастамасымен өткен жылдан басталған “Үлгілі елді мекен конкурсы да” талай ауылды үлгілі етуге үлес қосып келеді. Әсіресе, тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін елді мекендердің жобаларын қаржыландыруға берілетін 15 млн. теңге сыйақының да Үкіметтің әлгіндей тізімінде жоқ ауылдарға үлкен қолдау екені рас.
Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі.
Президент Үкімет пен облыс әкімдеріне Мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық қолдауларды тиімді және мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу міндетін қойды.
Бүгінде облыстың 447 мың тұрғыны (облыс халқының саны 845 мың адам) немесе 53 пайызы ауылда тұрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – Ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асуда.
Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облысымыздың бюджеті 744 млрд. теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд. теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады.
Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Өңір республика бойынша алғашқы үштікте.
Өнеркәсіп өндірісі – 2 пайызға (807,1 млрд.теңге), өңдеу өнеркәсібі – 28 пайызға (268,4 млрд.теңге), ауыл шаруашылығы – 3,8 пайызға (147,5 млрд.теңге), инвестициялар тарту – 25,1 пайызға (424 млрд. теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі – 43,6 пайызға (173,8 млрд.теңге), тұрғын үй – 4,6 пайызға (646,2 мың ш.м.), көлік – 3,5 пайызға (216,3 млрд.теңге), сауда – 6 пайызға (593,1 млрд.теңге) артты.
Елді мекендердің әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл – Ел Бесігі» жобасы аясында облыста тірек және спутник елді мекендер айқындалды.
Жоба жүзеге асқан 5 жыл ішінде (2019-2024 жж.) облыста құны 31 млрд. 200 млн теңгеден асатын 435 жоба жүзеге асырылды.
Ағымдағы жылы облыстың 39 ауылдық елді мекенінде 71 жобаны жүзеге асыруға 11 млрд. 100 млн. теңге бөлінді (республикалық бюджеттен 5,5 млрд.теңге, облыстық бюджеттен 5,6 млрд. теңге). Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарына бағытталды.
Жоба аясында жыл сайын қаржы көлемі ұлғайтылады деп күтілуде.
Тұрғындардың қолайлы ортада өміру сүруін қамтамасыз ету мақсатында ойын алаңдары, аулаларды абаттандыру, парктер мен аллеялардың құрылысы жүргізілуде.
Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар Сыр елін көркейтуге, ауылдарды дамытуға белсенді араласып, өз үлестерін қосуда.
Аймағымызда демеушілер есебінен барлығы 50 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асуда.
Биылғы жылдың 9 айында 424 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 25,1 пайызды құрады (9 ай 2023 ж. – 332,2 млрд. теңге).
Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 69 198 бірлікті құраса, оның 33 112 бірлігі аудандарға тиесілі.
Кәсіпкерлікті қолдауға соңғы 2 жылда (2022-2023 жж.) 127 млрд. 500 млн. теңге тартылып, 12 мыңнан астам жоба қаржыландырылды.
Биылғы жылы екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылуда. Оның 65 пайызы ауыл тұрғындарының жобалары (яғни 1919 жоба 23,6 млрд теңгеге қаржыландырылды).
Бүгінгі күні облыс халқын табиғи газбен қамту деңгейі 75 пайызды құрайды.
Өңірдегі барлық қалалар мен аудан орталықтары және 29 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылған. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Аталған қаржыға 306 шақырым газ желілері салынды. Бұл 20 мыңнан астам халқы бар 17 елді мекенді газға қосуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өңірдің газбен қамту көрсеткішін 78 пайызға жеткіземіз.
2022 жылдан бастап облыс аумағында ауыз сумен қамту бойынша жалпы құны 16 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын 55 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде, халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 98,6 пайызға дейін жетті.
2025 жылы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз.
Электр энергиямен қамту бағытында 2022 жылдан бастап 18 млрд. теңгеге 70 жоба жүзеге асырылды. Биылдың өзінде 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде, электр желілерінің тозу деңгейі 62 пайызға төмендейді.
Биылғы жылы аймақта 43 млрд теңгеден астам қаржыға ұзындығы 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары мен көпір өткелдері жөндеуден өтуде.
Соңғы үш жылда жөнделген жолдардың ұзындығы 1 мың 271 шақырымды құрайды. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады.
Облыс бойынша биылғы жылы 133 млрд. 400 млн. теңгеге 187 жобаның құрылысы жүргізілуде.
2022-2023 жылдары 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.
Биылғы жылы мемлекеттік бюджеттен бөлінген 37 млрд. 100 млн. теңгеге 3 мыңға жуық пәтер пайдалануға беріліп, 13 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін табады.
Аймақ халқының денсаулығын арттыру, медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру мақсатында өңірімізде 2022-2024 жылдары құны 58 млрд. 300 млн. теңгені құрайтын 45 денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында өңірімізде 27 нысан салынуда.
Өткен жылы елді мекендерде 16 жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды.
Қараша айында 11 медициналық нысан пайдалануға беріледі.
Облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес аймақтың барлық елді мекендеріндегі денсаулық сақтау ұйымдарына 245 санитарлық автокөлік алынды.
Ұлттық жоба аясында 3 млрд. теңгеге Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы және Шиелі көп бейінді ауруханасының қосымша құрылысы басталды.
Арал ауданында 25 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы және Арал, Қазалы, Жаңақорған көп бейінді ауруханаларының қосымша құрылысы басталады.
Қазақстан халқы қоры арқылы құны 1 млрд. 100 млн. теңгеге жылжымалы медициналық кешен алынып, аймақтағы барлық ауыл тұрғындарына скрининг жүргізуде.
2024 жылы білім саласына қаралған бюджеттің (262 млрд. 100 млн. теңге) 58 пайызы яғни, 151 млрд. 646 млн. теңгесі аудандарға тиесілі.
Облыста оқушылар саны 184 мың 924 баланы құрайтын 298 мектеп бар.
Кент және ауылдардағы мектептердің үлесі – 77,5 пайыз (231 мектеп). Онда 94 мың 453 бала білім алуда.
2022 жылдан бері облыста 20 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның 12 білім нысаны аудандарға тиесілі. Жыл соңына дейін ауылдарда 4 білім нысаны іске қосылады.
Күрделі жөндеуден өткен 15 білім нысандарының 9-ы ауылдарда орналасқан.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аймақта 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 6-уы ауылдық елді мекендерде салынуда.
Ұстаздар күні қарсаңында облыс орталығында республикада алғашқы болып 900 орындық жайлы мектеп пайдалануға берілді.
Биылғы жыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары салынуда.
Нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.
2024 жылдан бастап Мемлекет басшысының «Адал азамат» Тұжырымдамасы аясында Қызылорда облысындағы 171 мәдениет үйлері мен елдімекендерде орналасқан клубтар «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы ретінде жұмыс жасай бастады.
Соңғы үш жылда ауылдарда 10 мәдениет нысанының және 21 спорт кешенінің құрылысы салынуда. Оның 5 мәдениет нысаны және 9 спорт кешені пайдалануға берілді.
Президент бастамасымен өткен жылдан бастап ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды.
Жоба аясында өткен жылы 3 млрд. теңгеге 406 жоба жүзеге асып, 713 жаңа жұмыс орны ашылды.
Биыл бағдарлама аясында 4 млрд. 600 млн. теңгеге 575 жоба жүзеге асырылуда.
Ауылдық аймақтардың жағдайын жақсартуда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өңірде агробизнес өкілдері тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нәтижелі жұмыстарын ерекше атап өту қажет.
Алдағы уақытта осы тәжірибені кеңінен пайдаланып, облыстың барлық ауылдарында өндіріс, сауда нысандарын ашу бойынша тапсырма берілді.
Жерді өз игілігіне пайдаланып отырған шаруашылықтар елді мекендерді қолдауды өз міндеттеріне алып, халықтың әл-ауқатын арттыруға атсалысуы тиіс.
Соңғы жылдары елді мекендерді абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту және әлеуметтік нысандарды қайта жаңғырту жұмыстарына ауылшаруашылығы құрылымдары тарапынан 7 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталды.
Нағи Ілиясов, Бесарық, Таң, Жаңажол ауылдарындағы шаруашылық есебінен жүзеге асып жатқан ауылды дамыту жобалары барлық ауылға үлгі болуы керек.
Өткен жылдан бастап елді мекендерді дамыту мақсатында «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы өткізіліп келеді.Былтыр конкурс 2 мәрте (көктемгі және күзгі конкурс) өткізілді. Конкурс жеңімпаздарына облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп, елді мекендердің күнделікті ел тұрмысына қажетті деген 29 арнайы техника табысталды. Биыл конкурс жалғасын тауып, жеңімпаз елді мекендерге құны 436 млн. теңгені құрайтын 19 арнайы техника берілді.
«Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін елді мекендердің жобаларын қаржыландыруға 15 млн. теңгеден берілді.
Бұл конкурс келесі жылы да жалғасады.
С.Бихожаева