Үкіметте вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының барысы қаралды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2025 жылғы 28 тамыздағы жағдай бойынша Sanaq.gov.kz платформасында 236,9 мың ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген. Оның ішінде 226,2 мыңы немесе Бюроның жоспарында көрсетілгендердің 85,3%-ы сауалнамадан өткен.
Жалпы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ішінде есеп бергендердің үлесі – 75,4%, ал оның ішінде белсенді жұмыс істеп тұрғандары – 82,2%.
Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, санақтың жалпы тізіміне барлық субъект, тіпті соңғы бірнеше жыл бойы еш мәлімет бермегендер де енгізілген. Мұндай кәсіпорындардың саны 13 мыңнан асады. Бұл барлық тізімнің 4,5%-ы.
Жеке қосалқы шаруашылықтар арасында сауалнамаға 277,9 мың үй шаруашылығы қатысқан, бұл жоспарланған көрсеткіштен 1,5 есе артық. Ең жоғары белсенділік Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалып отыр. Ал Түркістан мен Қарағанды облыстары, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар қалыс қалып келеді. Осыған орай онлайн кезеңді тек ұйымдасқан шаруашылықтар үшін ғана 20 қыркүйекке дейін ұзарту ұсынылды, бұл аграрлық шаруашылықтарды толық қамтып, офлайн санақ кезеңіне зиян келтірмеуге бағытталған.
Жалпы алғанда онлайн кезең шаруалардың қызығушылық танытқанын және бірқатар өңірде статистиктердің әкімшіліктермен өзара тиімді іс-қимыл жасағанын көрсетті.
20 қыркүйектен бастап ең күрделі кезең – далалық санақ басталады. Ол бір айға созылып, 20 қазанға дейін жалғасады. Бұл кезеңде интервьюерлер шаруашылықтарды аралап, жеке сұхбат форматында мәлімет жинайды.
Кеңес отырысын қорытындылай келе Серік Жұманғарин:
– «Бәріміз ауыл шаруашылығындағы статистиканы ретке келтірудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Бұған мемлекеттік қолдау шаралары, саланың даму жоспарлары, салық түсімдерінің болжамы және басқа да мәселелер байланысты. Онлайн кезеңде шаруалардың жоғары белсенділігі қуантады. Далалық жұмыста да жақсы нәтижелер күтемін», – деп онлайн кезеңде шаруалардың жоғары ынта танытқанына қуанышты екенін атап өтті.
Санаққа салғырт қарамайық…
Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен егін жинауға әзірлік, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу мәселелері талқыланған жиналыс өтті. Оған облыстық басқарма басшылары, селекторлық режимде аудан әкімдері және жауапты мекеме басшылары қатысты.
Облыс әкімі жауапты науқан алдында бірқатар тапсырма жүктеді.
– «Биыл өңіріміздегі вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауымен көршілес мемлекеттермен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, вегетациялық кезеңді шығынсыз өткеруге бар жағдай жасалды.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Үкімет басшысы бастаған делегация өңірімізге арнайы жұмыс сапармен келіп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты.
Одан бөлек Су ресурстары, Ауыл шаруашылығы министрлері бірнеше рет арнайы келіп, су тапшылығын болдырмау жолдарын жан-жақты пысықтады.
Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрам мен 25 насос қондырғысын жеткізіп, екі ай бойы шаруалар игілігі үшін қызмет жасады.
Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, егінді ысырапсыз, мерзімінде жинауды қатаң бақылауға алыңыздар.
Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың негізгі салаларының бірі. Санақ жұмыстарының нақтылығы мен сапалы жүргізілуі біз үшін өте маңызды. Қала, аудан әкімдері санақ жүргізушілерге жан-жақты қолдау көрсетіп, статистика департаменті, ветеринария, ауыл шаруашылығы басқармаларымен бірлесіп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында жауапты департамент, басқарма басшылары Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының өту барысы туралы баяндама жасады.