«Құқық бар да, Отан бар», «Заңды білу – заман талабы» деп бекер айтылмаған. Еліміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін, 1993 жылы 4 бөлім, 21 тараудан тұратын Конституция, одан соң, 1995 жылы 30 тамызда еліміздің қазіргі қолданыстағы – Конституция қабылданды.
Ата Заңымызда елімізде өмір сүріп жатқан халықтың ортақ құндылықтары дәл көрсетілген.
Конституцияда республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленген. Басты құжатта бейбітшілік пен тұрақтылық, барлық халықтың игілігіне экономикалық даму секілді басты конституциялық қағидаттар қамтамасыз етіледі.
Конституцияның негізінде заманауи мемлекеттік механизм және құқықтық жүйе құрылды, тиімді экономиканың іргетасы қаланды, адамның құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, біздің басты игілігіміз – бейбітшілік пен татулық мызғымайды. Жалпы, әділ заң салтанат құрған мемлекеттің болашағы қашанда жарқын болатыны шындық. Еліміздің Конституциясы азаматтардың сот төрелігіне еркін қол жеткізуін белгілеп, әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік береді.
Ата Заңымыздың VII бөлімінде соттар жəне сот төрелiгi, прокуратура, адам құқықтары жөніндегі уəкіл туралы айтылған. Конституция бойынша, егемен елімізде сот жүйесі мемлекеттік биліктің бір тармағы болып танылады. Осының өзі соттың ерекше маңыздылығын нақты айшықтайды. Қазақстанда сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары, заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады.
Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады.
Республиканың сот жүйесі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгіленеді. Қандай да бір атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді.
Бүгінгі күні сот жүйесінде ашықтық пен жариялылық алдыңғы қатарға шыққанын айта кеткен жөн. Іс құжаттары, талап арыздар мен өтініштер «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы қабылданады. Атқару парақтары, құжат айналымдары жүз пайыз электронды нұсқада дайындалады. Соттардағы құжат айналымдары «Төрелік» ақпараттық жүйесі, ал мемлекеттік органмен «Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі» арқылы жүреді.
Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр.
Бүгінгі таңда Конституцияны бұлжытпай орындау, оның қағидаларының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, толық және ұтымды пайдалану ортақ міндетіміз болып табылады.
Қызылорда қаласының №2 сотының бас маманы М.Бекетова