Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі теміржол арқылы өтетін аспалы көпірдің ашылу рәсімі болып өтті. Рәсімге қатысқан аймақ басшысы Н.Нәлібаев жиналған жұртшылықты құттықтап, жол инфрақұрылымын дамытудағы ауқымды жұмыстарды атап өтті.

– «Бурабайда өткен Ұлттық құрыл­тайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жер көлемі жөнінен әлем­де тоғызыншы орын алатын еліміз­дің көлік-транзит саласында зор мүмкін­діктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт», – деген болатын.

Осы мақсатта өңірімізде белсенді жұмыстар атқарылуда. Мемлекет бас­шымыздың, Үкіметтің ерекше қолдауы­мен 2022-2025 жылдары 1 600 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерді, 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуге 150 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өткен жылдың өзінде жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд. 605 млн. теңге қаралып, 329 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтуде.

Кейінгі жылдары теміржолдан өтетін көлік және жолаушы қозғалысын реттеу мәселесі аспалы көпір салу арқылы шешімін тауып келеді. Халық ұзақ жылдар бойы күткен Арал қаласындағы, Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпірлер пайдалануға берілді.

Бүгінде 4 млрд. 700 млн. теңгеге облыс орталығындағы Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы құрылысы қарқынды жүруде. Ендігі кезекте сол жағалауға апаратын екінші көпір салу жобасы қолға алынды. Қазір жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. Қармақшы ауданының Жосалы кентінде 5 млрд. 515 млн.теңгеге теміржол арқылы өтетін көпір құрылысы жақын уақытта басталады.

Қазалы вокзалы жанындағы 1,3 млрд теңгеге салынған теміржол үстінен өтетін аспалы көпір – осындай байыпты бастамалардың жалғасы. Бүгін ел игілігіне табысталатын жаяу жүргіншілерге арналған көпірді Әйтеке би кентінің арғы бетінде тұратын 13 мыңнан астам тұрғын қолданады. Бұл өткел арқылы 2 мыңнан астам адам күнделікті әрлі-берлі қатынайды. Сондықтан да жұртшылықтың темір­жолдан қауіпсіз әрі тез өтуіне тигізер пайдасы ұшан-теңіз.

Көпірді сапалы етіп салып, мер­зімінде аяқтаған мердігер «ҚазТемір­жол Engineering» ЖШС-нің құрылыс­шы­ларына алғыс білдіреміз. Қуаныш­тарыңыз құтты болсын! Жаңа көпір жақсылықтың бастауы болғай!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде «Құрмет» орденінің иегері, Қазалы ауданының Құрметті Азаматы Оразғали Бекбанов бата берді. Темір­жол саласында еңбек ететін мамандар мен көпір құрылысын салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған