Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті IX конференциясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде облыстық ардагерлер кеңесінің атқар­ған жұмыстары мен алдағы міндеттері, кеңестің тексеру комиссиясының есебі, сайлау мәселелері қаралды.

Жиында облыс әкімнің орынбасары М.Шермағанбет Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерілген маңызды бастамаларға тоқталып, ардагерлерге көрсетілетін тұрақты қолдаулар жайлы айтты.

– «Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды» деп, өңіріміз үшін айрықша мәнге ие маңызды бастамаларды атап өтті. Қызылорда қаласында драма театрдың жаңа ғимаратының, тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхананың құрылысы басталатыны белгілі болды.

Аймақта қарттарды әлеуметтік қолдау мен медициналық қызмет сапасын арттыруда жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы үш жылда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жыл сайынғы бір реттік әлеуметтік көмек 1,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге, ал оларға теңестірілгендерге және тыл ардагерлеріне берілетін көмек 90 мыңнан 196 мың теңгеге дейін артты.

Өткен жылы 1 700-ге жуық ардагерге бір реттік көмек көрсетілді. Бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы аясында 225 жалғызбасты қарт, әлеуметтік осал топтағы азаматтар күнделікті ыстық тамақпен қамтылады.

Меценаттардың қолдауымен 130-дан астам ардагер еліміздің түрлі шипажайларында демалды. Жыл сайын 2 мыңнан астам егде жастағы азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін бюджеттен 2,9 млрд. теңге бөлінеді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық автодәлі­зінің «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы бөлігін кеңейту, «Бейнеу – Сексеуіл» автомо­биль жолының құры­лы­сын бастау – көлік-логистикалық инфра­құрылымды дамытудағы аса ауқымды жобалар.

Күні кеше Ұлттық құрылтайдың қорытын­дысы бойынша Олжас Абайұлының төрағалы­ғымен Үкімет отырысы өтті. Жиында біздің облысқа қатысты мәселе­лер қозғалып, салалық министрліктерге нақты тапсырмалар берілді.

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше қолдауы бізді жаңа жетістіктерге жетелейді, еселенген жауапкершілік жүктейді», – деді М.Шермағанбет.

Басқосуда Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының ІХ съезіне бекітілген квота бойынша 4 делегат сайланды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кеңестің белсенді мүшелері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған