Қызылорда қаласының әкімі Н. Ахатовты былайғы жұрт үлкен-кіші әкімдер арасында жас көріп жүргенімен, енді бір екі-үш жылда ол “ер жасы 50-ге келеді”.
Қызылорда қаласына әкім болып келгенге дейін осыдан 25 жыл бұрын облыстың Статистика жөніндегі есептеу орталығының маман жабдықтаушысы болып қызмет бастап, өз туған жері Шиеліде 8 жылдай әр алуан қызмет атқарып, елдің қыр-сырына қанықты. Сондай – ақ, Қызылорда қаласына әкім болып төтеннен келген жоқ. Бұдан шамалы уақыт бұрын қала әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасары, Қызылорда “Автобус паркі” директоры қызметтерін атқарды. Тіпті қалалық мәслихатқа депутат болып та сайланды.
Бәлкім, Қызылорданың жай күйінен бұрыннан да осы қанықтығының, әрі Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтында “бухгалтерлік есеп және аудит” бойынша алған білімінің де әсері болар, әйтеуір, биылғы жылдың 6 айын қорытындылағанда қала кірісі 19 млрд. 60 млн. теңге деп жоспарланғанымен, қала бюджетіне 21,1 млрд. кіріс кіріп, жоспар 110,6 пайызға артығымен орындалған. Талдап айтар болсақ:

• 7 416 602,2 мың теңге – корпоративтік табыс салығы;
• 1 666 166,4 мың теңге – жеке табыс салығы;
• 1 067 610,1 мың теңге – әлеуметтік салығы;
• 1 275 469,9 мың теңге – мүлік салығы;
• 1 582 773,9 мың теңге – көлік салығы;
• 165 265,6 мың теңге – жер салығы;
• 7 902 765,4 мың теңге – басқалары;
Барлығы – 21 076 653,5 мың теңге.
Кіріс қайдан көбейді дегенде Қызылорда Өңірлік Коммуниациялар қызметі алаңында брифинг берген Ахатовтың өз сөзімен айтар болсақ:

– “Қаржы көлемін ұлғайту мақсатында кәсіпкерлік және басқа да жылжымайтын мүлік нысандарына қайта бағалау жүргізіп, олардың құнын 10 есеге дейін арттыру, жер және мүліктердің нысаналық мақсаттарын кәсіпкерлікке ауыстыру шаралары секілді жұмыстар жүзеге асуда.
Мысал ретінде, бастапқы құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 16 кәсіптік нысанға қайта бағалау жүргізіліп, нәтижесінде 4,7 млрд теңгені құрады. Сәйкесінше, олардың мүлік салығы 11,3 млн теңгеден 45,3 млн теңгеге ұлғайып, қосымша 34,0 млн теңге түсім күтілуде. Нәтижесімен жыл басынан бюджетке қосымша, яғни жоспардан бөлек 1,2 млрд теңгеге жуық түсім түсіріліп, жыл аяғына дейін қосымша 2 млрд теңге түсім күтілуде. Алдағы уақытта қала аумағында жоспарға сәйкес 800-ге жуық нысан қайта бағаланатын болады”.
Демек, қала бюджетінің кірісі бұдан да еселеп көбейіп, Ахатов жыл қорытындысы бойынша брифинг бергенде қала бюджетінің еселеп артқанын білетін боламыз деген сөз.
Соңғы жылдары Қызылорда облысы экономикалық, әлеуметтік макрокөрсеткіштердің барлығынан да ел алдында келеді. Мәселен, брифингте айтылғандай аймақтың негізгі капиталына 295,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 121,5 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 144,5 пайызға (112 млрд. теңге) жоғарылады. Өңдеу өнеркәсібі – 117,2 пайызға (188,2 млрд. теңге), тұрғын үй – 106,0 пайызға (350,4 мың шаршы метр), ауыл шаруашылығы – 102,8 пайызға (31,5 млрд. теңге), сауда – 104,2 пайызға (246,5 млрд теңге) артты десек, аймақ басшысы Н. Нәлібаевтың айбыны асқақтай түсетіні рас.
Брифингте Н. Ахатов бұл деректерді текке келтірмепті. Өйткені Ахатовтың өз сөзімен айтар болсақ: “Бұл өсімдерде облыс орталығы – Қызылорда қаласының үлесі бар екенін атап өткен жөн.

Атап айтар болсам, 2025 жылғы 1 шілдеге қаламыздың негізгі капиталына салынған инвестиция 147,5 млрд. теңгені құрап, 129,3 пайызға артты (облыстағы үлесі – 50%). Құрылыс жұмыстарының көлемі 59,3 млрд. теңгеге жетіп, 158,2 пайызға өсті (облыстағы үлесі – 53%). Өңдеу өнеркәсібі – 103,7 пайызға (47,1 млрд. теңге), тұрғын үй – 104,9 пайызға (200,3 мың шаршы метр), ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі 2,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,3 пайыз болды. Бөлшек сауда көлемі 214,5 млрд теңгені құрап, 104,4 пайызға көтерілді. Облыстағы үлесі – 87%”.
Брифингте қала әкімі Н.Ахатов: Облыстың экономикалық өсіміндегі айбынды тұстарын айтып, сол өсімде өзіндік үлесі бар Қызылорда қаласының да айбынын асырды.
Қала әкімі кім болғанда да қала басшысына абырой болар ауқымды жобалардың барлығы аймақ басшысы Н. Нәлібаевтың ауқымы екені ақиқат. Мұны қала басшысы Н. Ахатов та жоққа шығармайды. Қала әкімінің өзі айта беретіндей, “Аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастамалары нәтижесінде” қалада жүзеге асып жатқан “маңызды жобалардың қатарында биылғы мамыр айында Үкімет қаулысымен облыс орталығында көлемі 550 гектар болатын (авиацияға қызмет көрсету – 50 гектар, көтерме-бөлшек сауда және қоймалау – 100 гектар, өнеркәсіптік аймақ – 400 гектар) жаңа арнайы «Қорқыт ата» экономикалық аймағы пайда болды.
2049 жылға дейін бұл аймаққа тартылатын инвестиция көлемі 156 млрд. теңгеге, оның ішінде шетелдік капитал 88 млрд. теңгеге дейін жетеді. Өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі 527,1 млрд. теңге болады деп күтілуде. Жаңа жұмыс орындары – 3 366, қатысушы компаниялар саны – 39. Экономикалық аймақ аумағында арнайы құқықтық режим әрекет етеді, бұл салықтық және кедендік жеңілдіктерді қамтиды. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасап, өңірдің экономикалық дамуына серпін береді.

Көпшілік арасында “Қорқыт атаның” пайдасы қандай, онда салықтық жеңілдіктер бар ма деген сұрақ бар. Осы ретте қала әкімі АЭА салықтың жеңілдіктеріне де тоқталды.
Ахатовтың айтуынша, “қаламызда бұған дейін де 1996 жылы арнайы экономикалық аймақ болған (1996 жылы 8 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы). Араға 30 жыл салып, облыс әкімі Н. Нәлібаевтың қажырлы еңбегінің арқасында осындай тарихи сәтке куә болып отырмыз”.
Қала әкімі Н. Ахатовтың Шиелі ауданы әкімі, Сырдария ауданы әкімі аппаратының басшысы болған тәжірибесін ескерер болсақ, ауыл проблемасы да оған жат емес. Содан да болар, брифингте белгілі болғанындай, қала әкімі ауыл шаруашылығында да өсімді еселеуді жоспарлап отыр. Әкім сөзінен үзінді келтірейік: “Биылғы жылы барлығы 8 695 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 3 454 гектар (2024 ж – 3 856). Көктемгі дала жұмыстарына 154 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Мемлекет тарапынан 269,5 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. 3 278 тонна (100%) тыңайтқыш және 3 025 литр (100%) гербицид сатып алынды. Бұл салада да ірі жобалар іске асуда.
Атап айтқанда, «Қызылорда Құрылыс НК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Қосшыңырау а/о, Жезқазған жолы) құны 7,5 млрд. теңгеге 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасын, «СК Сапа KZ» ЖШС-нің (Саяхат м/а) жоба құны 2 млрд. теңгені құрайтын 1500 тонналық көкөніс сақтау қоймасын, «Агро балық МА» (Ақсуат а/о) (180 млн. тг) пен «Бал Али» (Қызылжарма а/о) (400 млн. тг) қожалықтары жалпы құны 580 млн. теңге құрайтын балық шаруашылығын дамыту және балық өсіру жобасын іске асыруда».
Жұмыссыздық деңгейін төмендету – Мемлекет басшысының барлық әкімдерге бірдей қойып отырған басты талабы. Қызылорда қаласындағы жұмыссыздық деңгейі облыстан төмен. Мәселен, қалада жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз болса, облыста 4,8 пайыз. Демек, облыс аудандарына қарағанда, қалада жұмыс орындары көптеп ашылып жатыр деп айтуға болар. Әкім айтқандай, жыл басынан бері 7 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, 1589 бос жұмыс орны ұсынылыпты. Оның үстіне жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 233 адамға мемлекеттік гранттар берілген. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 4652 жаңа жұмыс орны құрылыпты.
Брифингте Ахатов әлеуметтің ең әлеуетті, әрі өзекті мәселесі баспана деп баса айтты. “Жыл басынан бері пәтер кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 120 баспана табысталды (Жаппасбай батыр көшесі 60 пәтерлік тұрғын үй, Сырдария өзені сол жағалау 60 пәтерлік тұрғын үй). Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтер сатып алу жалғасады. 2025 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында бес қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысына (400 пәтер) облыстық және қалалық бюджеттерден 2 млрд. 886,4 млн. теңге бөлінді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға (2528 пәтер) 37,1 млрд. теңге кредит бөлінді (РБ – 3 млрд. 828 млн. тг, ОБ – 33 млрд. 268 млн. тг).
Қазіргі есеп бойынша қаламызда 75 тұрғын үй (66 көппәтерлі, 9 жеке жер үй) апаттық деп танылған. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 617 отбасы тіркеуде тұр. Жыл басынан тұрғын үйлері апатты деп танылған отбасыларға 135 пәтер табысталды. Алдағы уақытта да коммуналдық тұрғын үй қорынан бұл санатқа тұрғын үй салу (ОБ – 596,1 млн. тг, 135 пәтерге бөлінді. Жалпы құны 1 млрд. 879 млн. тг) жалғасатын болады”.

Осылайша апатты үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешетін боламыз, – деп Ахатов брифингте нық сенімді сөйледі.
Қалада салынып, пайдалануға берілген Кірпіш зауыты, Музыкалық колледж, Шығармашылық академия, Мұражай сияқты нысандармен қатар стадион сияқты салынып жатқан жаңа құрылыстардан да қала халқы хабардар. Биыл – Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл. Әрі келесі жылы Ұлттық құрылтайдың ІV отырысы да Қызылорда қаласында өтеді.
Дарияның сол жағалауына жаңа қала салып, жаңарып жатқан Қызылорданың ел тарихындағы жауапты сәттері әлі алда…

2025 жылы «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 9 млрд. 027 млн. теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылуда.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде жалпы құны 2 млрд. 282 млн.теңгеге (ҚР Ұлттық қорынан – 1 932,1 млн. тг, РБ – 350,0 млн. тг) қалаға қарасты 6 елдімекенде (Ақсуат, Досан, Қызылжарма, Қараөзек, Айнакөл ауылдарында және Қараөзек бекетінде) жаңа қоныстанған аумақтарда электр желілерінің құрылысы салынып, тозығы жеткен электр желілері қайта жаңғыртылуда.

Халық игілігі жолындағы шаруаларымыздың бірі – елдімекендерді толық газ желісімен қамту.
Көгілдір отын тарату мақсатында 3,1 млрд. теңгеге Сабалақ саяжайын, 331,8 млн. теңгеге қалада көгілдір отын желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды (ақ дақтарды) газдандыру іске асуда. Сонымен қатар, Қызылөзек (3 елді мекенінде) және Қызылжарма (Қызылжарма – 1, 2 аудандарында) ауылдық округтерінің елдімекендерінде газ құбырын тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамаларын, сараптама қорытындысымен әзірлеуге 43,1 млн. теңге қаралды.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – бұл тек қатынасты жақсарту ғана емес, сонымен қатар қаланың экономикалық қарқынын, әлеуметтік келбетін, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды тетігі. Қызылорда қаласында бұл бағытта жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
2025 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 23,2 млрд. теңге бөлініп, ұзындығы 61,9 шақырымды құрайтын 64 жоба жүзеге асуда.
Облыс орталығының негізгі көшесінің бірі «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылын жаңғырту жалпы екі кезеңнен тұрады.
Қазір бірінші кезеңі толық аяқталды. Екінші кезеңі Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін Сырдария өзенінің қорғаныш бөгетін бекітумен қатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жол түскенде көлік ағынын реттеуге мол мүмкіндік тумақ. Шет аймақтардағы 17 көшеде күрделі жөндеу жүргізілуде (2,5 млрд. тг).

Аспалы көпір (1,4 млрд. тг) аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпіріне қайта жаңғырту қарқынды жүруде.
Қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірі пайдалануға берілді (428 млн. тг). Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ каналы» арқылы өтетін көпір жөнделуде (292,3 млн. тг).
Сондай-ақ, Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін темір жол асты өткелінің құрылысы жүзеге асырылуда (жалпы құны – 4,7 млрд. тг, бөлінген і-1,7 млрд. тг). Облыс орталығында бүгінде 81 мыңнан астам көлік тіркеліп, соңғы 3 жылдың өзінде 6 мыңға көбейген (2022ж-75 мың көлік). Осыған орай, жол желісін кеңейту, қауіпсіздік пен өткізу қабілетін арттыру – стратегиялық басымдық болып саналады.

Келесі жобалардың қатарында жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру да бар. Биылғы жылы қала аумағында 24,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, 42 көше жарықтандырылады (1,1 млрд.тг).
Тұрғындардың сұранысына сәйкес 30 көпқабатты (Тасбөгет кентінде 16 үй, Белкөл кентінде 3 үй, Қызылорда қаласында 11) тұрғын үйдің шатырына ағымдағы жөндеу (ҚБ 257,4 млн. тг) жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, көпқабатты 20 үйдің қасбеттері жаңалануда (ОБ 1 млрд. 4 млн. тг).

Қаладағы көпқабатты 18 тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруға және ойын алаңдарын салуға қалалық бюджеттен 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, 19 шағын футбол алаңы, 25 жаттығу алаңы, 21 балалар ойын алаңы, 15 аулаішілік шаруашылық алаңы мен 13 демалыс орны қарастырылған.

Қаламызда қоғамдық көлік мәселесінің толық шешілгендігін жақсы білесіздер. Бұған дейін алынған заманауи үлгідегі 300 жаңа автобус, бекітілген 32 бағыт бойынша тұрғындарымызға сапалы қызмет көрсетуде.
Осындай игілікті істің жалғасы ретінде аймақ басшысының қолдауымен 100 экотакси келді. Бұл көліктер қызылордалықтардың сұранысын қанағаттандыруда.
Қаланы көгалдандыру жұмыстары бағытында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңа механизм енгізілді.
Әріптестік аясында қала аумағын көгалдандыру және абаттандырумен «KazStroy Capital Kyzylorda» (КазСтрой Капитал Қызылорда) мекемесі айналысуда.
(5 жылға жалпы құны 18,6 млрд. тг құрайды, оның ішінде 2025 жылы облыстық бюджеттен 1 980,0 млн. тг бөлінді)
Мекеме құрамында 250 қызметкер жұмыс атқарады, ал техникалық жабдықталуы 50 бірлік заманауи техникамен қамтамасыз етілген. Бұл қатарда су тасығыш көліктер, электрлік шаңсорғыштар және түрлі арнайы техника бар. Жұмыстар күндізгі және түнгі ауысымдарда да жүргізілуде.
Бүгінгі күні қала аумағында 46 мыңға жуық тал көшеттері мен 800 мың дана біржылдық гүлдер (петуния, виола, тагетис және т.б.), 13 мың 500 дана көпжылдық гүл көшеттері отырғызылды және 10 мың шаршы метрден аса алаңға көгал (газон) төселді.
«Hunter» технологиясына негізделген автоматты суару жүйесі енгізілді. Оған 45 шақырымнан астам құбыр тартылып, 5 мыңнан астам спринклер мен ротор орнатылды, 25 дана ұңғыма мен насос станциялары салынды.
Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру жобасы басталды. 2030 жылға дейін 2,5 млн. ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда.