Әкім болып тағайындалғанына бір ай болмаған қала әкімі Нұржан Ахатов таңның атысы күннің батысы қаладағы қызу жұмыстарды қарап, бақылап жүргенін ел байқап отыр.
Қалаға қарасты «Сабалақ» саяжайының қала аумағына енгеніне 3-4 жылға жуықтады. Қала әкімі лауазымына жақында тағайындалған Нұржан Ахатов бірнеше күн бұрын тиісті сала басшылармен бірге «Сабалақ» саяжайына барып, ондағы тұрғындармен кездесті. Сабалақтағылардың айтуынша ауыз суға қол жеткізе алмай, құдық суын ішуге мәжбүр. Саяжай тұрғындары сары судың кесірінен түрлі ауруға шалдығып жатқандарын айтып шағымданды. Бұған дейін кездесуде басшылар мәселенің шешілетінін айтып келе жатқанымен еш нәтиже болмаған.
– Су жоқ. Бақшамызды суаратын аяқ суды ішіп жүрміз. Күндіз де, түнде де ақпайды су. Күнде таңертең скважинаның басына барып тексеремін. Қысымы 1-ден аспайтын скважинаны әкім келеді деп мамандар бірден 8-ге көтеріп қойыпты. Бұл не деген көзбоушылық?,- дейді саяжай тұрғыны Гүлсәнім Әукенова.
Тұрғындар су тапшылығын жауапты мамандар қолдан жасап отыр деп алаңдайды. Сол себепті жақында тағайындалған қала әкімі Нұржан Ахатовты шақырған.
Шаһар басшысы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап болғаннан кейін өзінің ойын айтты.
– Зерттеп жатырмын. Суды бірден ағызатын «»әулие» емеспін. Ауыз су бір үйде ағып тұрса, екінші үйде ақпай тұр. Тиісті мамандармен скважинаның басына да бардық. Қажеттілік болатын болса тағы бір скважина қосамыз, немесе күшейтеміз. Осыған байланысты тиісті мамандармен бірлесіп шешім қабылдаймыз,-деді ол.
Расында да Ахатов ақиқатын айтыпты. Әкім деген әулие емес екені шын. Әкімдердің қолынан келсін, келмесін істейміз деп, болатын, болмайтынына қарамастан болдырамыз деп, соңында оның бәрі айтқан құр сөз болып қалып, өтірікке алданған елдің билікке деген сенімін әлсіреткен талай кездері келмеске кетті.
Бүгінгі жұртқа құр уәде беретін «әулие» әкімнен гөрі мәселені анықтап, зерттеп болатынын болады, болмайтынын болмайды деп айтатын заңгер-экономист, инженер – құрылысшы әкім керек.
Ахатов қалай айтса да , ел қалай қабылдағанда да жалпы әкім деген әулие емес…
P.S Қазір қала бойынша ауыз суды тиімді пайдалануды қадағалау, су пайдалану ережелерін бұзу және бақшаларды заңсыз суару фактілерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Бұл қадам ауыз су беру жүйесіне түсетін жүктемені төмендетуге және соның салдарынан туындайтын мәселелерді болдырмауға, сумен жабдықтау желілеріндегі қысымды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. «Сабалақ» саяжайына рейд барысында ауыз су тұтынушыларының басым бөлігінде су есептегіш құралдарының істен шыққаны анықталды. Соның негізінде тұрғындар ауыз суды есепсіз пайдаланып, бақшаларды суарып келген деректері тіркелді. Бұл құқық бұзушылықтар 3 күн мерзім ішінде жойылмаған жағдайда, су пайдаланушыға тиісті шара көріледі. Ал, ауыз судың болмау дерегі анықталған үйлер бойынша сала мамандары ақаудың туындау себебін зерделеуде.
Жасыл желектерді және бақшаларды ауыз сумен суаруға тыйым салынады. Сондай-ақ, су есептегіш құралдарының пайдалану мерзімі өткен жағдайда ауыстыру қажет. Егер де, су есептегіш құралы істен шыққан немесе пломбасы үзілген жағдайда тұтынушы сала мамандарын хабардар етуі тиіс.
Атап өткен жөн, жүргізілген тексеру жұмыстарымен 17 заң бұзушылық анықталып, қайта есептемелер берілді. Жалпы, Сабалақ саяжайындағы ұңғымадан тәулігіне үздіксіз, жеткілікті деңгейде 1300 текше метр ауыз су беріліп отыр.- дейді ресми орындардан жеткен ақпарат.