Ауыл әкімдерінің брифингі – ашықтық, жариялылық
Ауыл әкімдері брифингі – ашықтықтың, жариялылықтың озық үлгісі. Брифинг барысында әр ауыл әкімдері өз округтеріндегі халық саны, олардың экономикалық белсенділігі, тұрғындардың жұмыспен қамтылу барысын қамти отырып, ауыл ішінде қай көшенің қаншаға жөнделіп жатқанын, кім жөндеп жатқанын да нақты айтады. Сондай-ақ алдағы уақытта қандай көшелердің жөнделетіндігі, қай көшеге жарық бағаналары орналатындығы, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы қаржы көздерін, грант, жобалар туралы толық мәлімет берілетіндіктен де ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген, үлкен-кіші әкімдер кездесуінде ұсыныс етіп айтқан мәселелерінің қаншалықты шешім тауып жатқанын бағамдай алады. Әрі ауылда біткен іске, алдағы жоспарға қарап, әкімдерінің қабілет-қарымын, іскерлігін де таразылай алады.
Осы ретте Қызылорда қаласына қарасты ауыл әкімдерінің брифингін ықшамдап жариялағанды жөн көрдік.
Ақжарма ауыл округінің бүгінгі қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты, бірқалыпты. Ауылдық округі Баймұрат батыр және Талдыарал елді мекендерінен тұрады. Ауылда 2512 адам мекен етеді. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 1090 адам, жалпы жер көлемі 7700 га, егістік жер 1700 га, ауыл әкімшілігіне қарасты 902 га. Үй саны 503.
БЮДЖЕТ БОЙЫНША 2025 жылға 4 салық түрлері бойынша 9 млн. 070 мың теңгеге бекітіліп, бірінші жартыжылдық бойынша салық түсімі 7 млн. 822 мың теңге салық түсіп, 86,2% пайызға орындалды. Жоспар бойынша көлік салығы 5 млн. 500 мың теңге, мүлік салығы 250 мың теңге, жер салығы 1 млн. теңге, жеке табыс салығы 2 млн. 320 мың теңге болып бекітілді. Көлік салығынан 5 млн. 802 мың теңге, мүлік салығынан 40 мың 711 теңге, жер салығынан 265 мың 699 теңге, жеке табыс салығы 1 млн. 531 мың теңгеге орындалып отыр.
Ауылдық округте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының, көпбалалы аналардың мұң-мұқтаждарын үнемі назарда ұстау мақсатында құзырлы орындармен бірлесіп, шешімін табу бағытында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда 2025 жылы 6 айда 12 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Жыл сайын әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны азайып келеді. Бұл үрдіс азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру және түрлі мемлекеттік бағдарламаға тартуға байланысты.
КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ БАҒЫТЫ БОЙЫНША 2025 жылға ӨИҚ арқылы жеңілдетілген несие алуға 1 жылыжай ашатын жоба, «Ауыл аманаты» бағдарламасына 1 СТО ашуға құжаттар рәсімделіп, несие алуға талаптануда.
Баймұрат батыр ауылының жаңадан қалыптасқан көшелеріне тас жол салуға қажетті қаржының 323,3 млн.теңгесібөлініп, 19 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. жұмыстар 90% орындалды. Жоба құны – 372,4 млн.теңге.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Талдыарал елді мекенінің 1 көшесіне көше жарығын орнатуға 3,1 млн.теңгеге мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес хабарлама берілді.
8 наурыз мейрамына орай мерекелік концерт ұйымдастырылып, жиналған әйелдер қауымына сыйлықтар мен гүл шоқтары таратылып, 70-тен асқан ауылдың аналарына және 9 Мамыр 1 тыл ардагеріне құрмет көрсетіліп түрлі сыйлықтар ұсынылды.
22 наурыз мерекесіне орай ауыл орталығында «Армысың, Әз Наурыз»атты мерекелік шара өтіп, қазақи нақыштағы киіз үйлер тігіліп, қазақи ойындар ойнатылып, дәмді тағамдар таратылып, түрлі сыйлықтар таратылды. Сонымен қатар «Қайырымдылық акциясы» аясында және Рамазан айында жалпы 19 отбасына демеушілер қолдау білдіріп, ет пен азық-түлік себеттері таратылды.
Баймұрат батыр ауылында көнерген көше жарығының 100-ге жуық шамдары ауыстырылды.
Ауылды аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында көше арықтары тазартылды. Көркейту-көгалдандыру айлығында мекемелер сенбілікке шығып, 500 сыр талы мен терек көшеттері отырғызылды, тал ағаштары мезгілінде әктелді.
Қай мемлекеттің де негізі тірегі – білімді де білікті, іскер де, белсенді адамдар. Сондықтан заман талабына сай қоғамды көркейтетін, дамытатын жастар тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз. Ауылдық округте 2 орта мектеп, 1«Ина-Жан» балабақшасы, 1- мектепке дейінгі даярлау тобы, 1 Мәдениет үйі, 2 кітапхана жұмыс жасайды.
Ақжарма мәдениет үйінде 5 үйірме, 15 қызметкер халыққа қызмет жасайды. Олар «Сыр Орда» вокалды аспапты ансамблі, «Сәулем-ай» әжелер ансамблі, Әуен-ән үйірмесі, «Көркем сөз оқу» үйірмесі, «Мерей» би үйірмесі, «Қолөнер мол – өнер» қолөнер үйірмесі жұмыс атқарады.№ 9 және №10 кітапханаларда барлығы 35941 кітап қоры және 1355 тұрақты оқырманы бар.
Ағымдағы және алдағы жылдарға қаржыландыруды қажет ететін жобалар
• Баймұрат батыр ауылына құны 182,0 млн.теңге болатын аяқ су жүйесіне науа (лоток)құрылысы жұмыстарына және ұзындығы 3,15 шақырым болатын 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын (тротуар) жүргізу үшін 73,9 млн.теңгеге ЖСҚ дайындалып, сараптама қорытындысы шығып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.
• Талдыарал елді мекенінде су тарату насос станциясы (водозабор) құрылысына жеңімпаз «Бақ-Береке» ЖШС-гі анықталып, қазіргі таңда қаржысы күтілуде. Жоба құны 656,9 млн.теңге.
• Демеушілік негізінде жабық спорт кешенін салуға “МКЗ Проект” ЖШС-мен ЖСҚ әзірленуде.
• Баймұрат батыр ауылының шет аймағында жаңадан қалыптасқан 10 көшеге ауыз су құбырларын салуға «AST Group 2030» ЖШС-гі демеушілігімен ЖСҚ дайындалуда.
• Талдыарал елді мекенінің шет аймағында жаңадан қалыптасқан жерлерге электр желілерін жүргізуге «Ер-Қанат Сервис» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын аяқтауды міндетіне алып, ағымдағы жылда бітіруді жоспарлауда. Жоба құны – 43,1 млн. теңге.
• Алдағы уақытта ауылдық округте алма бағын өсіру, көшелерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына сметалық құжаттарын дайындау жоспарлануда.