Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазыбек Иса, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Жаңақорған кентінде әлеуметтік жағынан осал топтарға арнап салынған 80 пәтерлік 40 тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсіміне қатысты.

​Аймақ басшысы тұрғындарды қоныстойымен құттықтап, осы жыл да өңір үшін жаңа бастамалар мен жарқын жоспарлар жүзеге асатын, береке мен бірлікті бекемдейтін кезең болатынын атап өтті.

– «Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен барлық салада серпінді жобалар қолға алынды. Аймағымызда қалыптасқан қолайлы инвестициялық климат ірі инвестициялық жобаларға жол ашты.

Жаңақорған ауданында 2023-2024 жылдары 174 пәтерлік 87 тұрғын үй жерлестерімізге берілді, 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» шәкірттерін қабылдады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде бой көтерген 10 мектептің екеуі Жаңақорған ауданына тиесілі.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жаманбай батыр, Қыркеңсе ауылдық округтерінде дәрігерлік амбулатория, Төменарық ауылында амбулаториясы бар 15 орындық аурухана, аудандық көпбейінді аурухана жанынан қосымша ғимарат салынды.

Қараша айында автоматты газ тарату стан­циясын салтанатты түрде іске қосқан болатынбыз. Қазір станцияның қуаттылығы 2 есеге дейін ұлғайтылды. Өткен жылы 40 көше, оның ішінде аудан орталығының негізгі Хорасан ата көшесі күрделі жөндеуден өтті. Жақында ғана Екпінді ауылында 100 орындық клуб ашылды.

Бүгін, міне жаңақорғандықтарды баспаналы бо­лу қуа­нышымен құттықтау үшін жиналдық, ау­дан орталығынан 1 млрд. 500 млн. теңгеге салын­ған 80 пәтерлік 40 тұрғын үйді иелеріне табыс­тай­мыз! Мемлекет қолдауымен жақсылыққа кенел­ген бар­шаңызға қоныс құтты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.

Рәсімде Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен тұрғын үйді сапалы етіп салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған