Аумақтық коалицияның ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Қармақшы аудандық орталық ауруханасында жалғасты. Аумақтық коалиция жетекшісі Әділ Қошалақов, коалиция мүшелері Бақытжан Нысанбаев, Мырзаш Бекбаев медицина саласының қызметкерлерімен кездесіп, конституциялық реформалардың мазмұнын түсіндірді. Ата Заңдағы денсаулық сақтау жүйесіне қатысты бастамаларды талқылап, сала мамандарымен ашық диалог орнатты.

Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сала қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелері кеңінен сөз болды. Әсіресе ауылдық елді мекендердегі медициналық қызмет сапасын көтеру, кадр тапшылығын азайту және жас мамандарды тарту тетіктері талқыланды.

Коалиция жетекшісі Әділ Қошалақов жаңа Конституциялық реформалардың түпкі мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті.

«Жаңа реформалар – ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Денсаулық сақтау саласына басымдық берілуі медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе ауылдық жерде еңбек ететін дәрігерлер мен орта буын мамандарына қолдау көрсету мемлекет саясатының маңызды бағыты», – деді ол.

Коалиция мүшесі Мырзаш Бекбаев реформалардың тек құқықтық өзгерістермен шектелмей, нақты әлеуметтік-экономикалық тетіктер арқылы жүзеге асатынын жеткізді. Оның айтуынша, медициналық инфрақұрылымды жаңарту мен цифрландыру процесі сала сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Қармақшыда өткен бұл басқосу денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін тағы бір мәрте айқындады. Себебі сапалы медицина – ұлт саулығының кепілі, ал медицина қызметкерлері қоғамның ең жауапты әрі құрметті мамандарының бірі.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған