Фото: pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Дәрігердің қателігінен науқас мүгедек болып қалса, 3 145 600 теңгеге дейін өтемақы төленеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінен хабарлады.


Егер дәрігердің қателігінен науқастың денсаулығына зиян келсе, жапа шеккен азамат өтемақы өндіруге құқылы. Ол үшін пациент немесе оның туыстары ем алған медициналық ұйымның ішкі сараптама қызметіне шағымдана алады

– ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы Кодексінің 270-2-бабына сәйкес, денсаулық сақтау субъектісі пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметінен пациенттің не оның жұбайының, жақын туыстарының немесе заңды өкілінің медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені туралы жолданымы келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәуелсіз сараптама комиссиясын құрады. ТСК қызметінің тәртібі және зиян келтіру фактісін анықтауға қойылатын минималды талаптар ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 40 бұйрығымен реттеледі, – делінген жауапта.

Жапа шеккен пациентке берілетін өтемақы мөлшері оның денсаулық жағдайына байланысты. Оны тәуелсіз сараптамалық комиссия анықтайды. Комиссия құрамына пациенттің денсаулығына зиян тигізген мекеменің мамандары кіре алмайды.

Пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келіп, мүгедектік белгіленсе:
Үшінші топ мүгедектігіне – 500 АЕК

Екінші топ мүгедектігіне – 600 АЕК

Бірінші топ мүгедектігіне – 800 АЕК

Мүгедектігі бар бала – 500 АЕК

Пациенттің өліміне алып келген зиян үшін – 3 000 АЕК
Ал мүгедектік белгіленбеген, бірақ денсаулығына зиян келтірілген жағдайда науқастың емге кеткен барлық шығыны есептеліп, қайтарылады. Бірақ бұл сомма 300 АЕК-тен аспауы керек.

Айта кетейік, 2025 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3 932 теңге болып бекітілді.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған