Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында көлік инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында Қызылорда облысында темір жол бағытындағы вокзалдар мен қызмет көрсету бекеттерін жаңарту жұмыстары басталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов:

– 2023 жылы Қызылорда қаласындағы темір жол вокзалы мен оның аумағы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Бұл жұмыстар өз жалғасын өңірдегі Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал және Сексеуіл станцияларында жалғасын тапты. Бүгінде  аталған  7 вокзалда ішкі демонтаж жұмыстары басталып, жаңғырту жұмыс­тары жүргізілуде. Сондай-ақ, Тереңөзек пен Жалағаштағы қызмет көрсету пункттерін кеңейту немесе жаңа заманауи нысан салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағыттағы жобаларды іске асыруға тәжірибелі мердігер, жобалаушы және техникалық қадағалаушы ұйым­дар тартылған. Темір жол нысан­дарын жаңғырту – тұрғындарға қолай­лы жағдай жасау мен өңірлік көлік инфрақұрылымын дамытуға бағыт­талған маңызды қадам, – дейді.

Сондай – ақ облыс аумағында тұрғындардың аудан және облыс орталығына қатынауын қамтамасыз ету, көлік қатынасын жүйелеу мақсатында жолаушылар тасымалы бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда елді мекендер арасындағы тұрақты қатынас жолға қойылып, халық­қа қолайлы көлік қызметі ұсынылуда.

Қазіргі уақытта облыста 200-ден астам тұрақты жолаушылар бағыты ұйымдастырылған. Оның ішінде аудан­аралық, ауданішілік, қалаішілік және қала маңына қатынайтын бағыт­тар бар. Сонымен қатар еліміздің ірі қалаларына және Ташкентке дейін қатынайтын облысаралық және халықаралық бағыттар да халыққа тұрақты қызмет көрсетіп отыр. Жолаушыларды тасымалдау қызметін 30-дан астам жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыруда. Автопарктерде әртүрлі сыйымдылықтағы автобустар бар. Жыл басынан бері тасымалданған жолаушылар саны артты. Бұл тұрғын­дардың қоғамдық көлікке деген сұранысының жоғары екенін білдіреді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында орналасқан автовок­залдар мен автостансалар арқылы халыққа тұрақты қызмет көрсетілуде.

Облыс көлемінде елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту, жол желілерінің сапасын арттыру және көлік қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Қазіргі Қызылорда облысы аума­ғындағы жергілікті маңызы бар авто­мобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3545 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1024,5 шақырым, облыс­тық жолдар – 555 шақырым, ал 1965,5 шақырым аудандық маңызы бар жолдар санатына жатады. Ағымдағы жылы өңірде ұзындығы 330 шақырымға жуық жолдар мен көшелерге, сондай-ақ көпір өткелдеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – халықтың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Қызылорда қаласындағы «Әуе­жайға кіре беріс» жолы, сондай-ақ Шіркейлі, Сыздық, Жаңадария каналдары үстін­дегі көпірлер қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы кеңейтіліп, «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірінің құры­лысы толық аяқталды. Бұдан бөлек Әбілхайыр хан көшесінен Саламатов көше­сіне дейінгі Сырдария бөгеті бойымен жаңа жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар қала ішіндегі көлік ағынын қайта реттеуге және жол жүктемесін азайтуға оң әсер етеді. Жол – тек қатынас құралы емес, ел экономикасының қозғаушы күші. Сол себепті әрбір бағыт, әрбір учаске маңызды. Жергілікті биліктің басты мақсаты – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, шалғай ауылдарды сапалы жолмен байланыстыру және өңірлік көлік логистикасын дамыту.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған