Жалағаш кентіндегі №153 референдум учаскесінде Ауған соғысының ардагерлері республикалық референдумда дауыс беріп, елдік іске белсенді түрде атсалысты.
Ел тәуелсіздігі мен тыныштығы жолында қызмет еткен ардагерлер бұл жолы да азаматтық ұстанымдарын танытып, мемлекет болашағына қатысты маңызды саяси науқаннан шет қалмайтындықтарын көрсетті.
Ардагерлердің айтуынша, мұндай маңызды кезеңде әрбір азаматтың пікірі мен таңдауы айрықша мәнге ие.
«Бұл – ел болашағына бастайтын маңызды қадам. Сондықтан әрқайсымыздың дауысымыз маңызды деп есептейміз», – деген ауған соғысының ардагерлері кемел келешек үшін жасалып жатқан игі бастамалар жалғасын таба беретініне сенім білдірді.
Елдің тыныштығы мен тұрақтылығын жоғары бағалайтын ардагерлердің мұндай белсенділігі – кейінгі ұрпаққа үлгі. Олардың елдік мәселелерге бейжай қарамай, қоғамдық маңызды шараларға қатысуы қоғамдағы бірлік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі болып табылады.