Қызылорда облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадырдың төрағалығымен құқықтық оқыту семинар-кеңесі өтті. Құқықтық оқытуға облыстық қоғамдық даму, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармаларының, осы басқармаларға қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметкерлері қатысты.
Семинар-кеңес барысында Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Гүлсара Қарымсақова мен бас маман Эльвира Көпешбаева мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кірістері мен мүлкі туралы декларациясы толтырудағы және салықтық шегерімдерге қатысты өзгерістерді баяндады.
«Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары) – жұмысқа қабылдау туралы бұйрығы шығарылғанға дейін, декларация тапсыру айының бірінші күніндегі жағдай бойынша активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруға (250.00 нысан) және одан кейін жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларация (270.00 нысан) тапсыруға міндетті», – деді Г.Қарымсақова.
Декларация тапсыруға міндетті азаматтар кірістері мен мүлкі туралы 270.00 нысаны бойынша декларацияны 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыруы қажет. Декларацияны онлайн форматта, eGov.kz порталы, eGov mobile қосымшасы, сондай-ақ kgd.gov.kz сайтындағы Салық төлеушінің кабинеті немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы тапсыру мүмкіндігі бар.

Әдеп жөніндегі уәкіл Бағдат Әбдіқадыр Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» белгіленген қызметтік әдептілік стандарттарын және 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын түсіндірді.
Сонымен қатар, мемлекеттік орган қызметкерлерінің арасында лудоманияның алдын алу мақсатында ойын мекемелеріне барудан бас тарту, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу туралы түсіндірме берілді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағы 6) тармақшасына сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және оларға теңестірілген адамдар «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды», – деді Б.Әбдіқадыр.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының 15-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың қатысуына тыйым салынған.
Сәйкесінше сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамау лауазымға қабылдаудан бас тартуға не жұмыстан шығаруға (атқарып жүрген лауазымынан босатуға, өкілеттіктерін тоқтатуға) алып келеді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңның 10-бабында мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулердi сақтау міндетті екендігі көзделген.