Қала әкімі болып тағайындалғанына 5 айға жуықтаған Серік Қожаниязовтың 2024 жылдың І тоқсанындағы халықпен кездесуі Тасбөгет кентінен басталды. Кездесу ашық диалог форматында жүрді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ел Үкіметінің қолдауы және облыс әкімінің үйлестіруімен өңірдің, оның ішінде қаланың өсіп-өркендеуі жаңа сатыға көтерілді. Шаһар басшысы Серік Салауатұлы биылғы атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарларын таныстырғанда оған айрықша тоқталды.

Тасбөгетте халық санының артуына байланысты инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу секілді мәселелер өз шешімін тауып келеді. Кенттің қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму барысында серпіліс ерекше.

Кенттегі ауқымды жұмыстардың бірі Сабалақ саяжайының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету болса, оған байланысты жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Сонымен қатар, аталған саяжайдың 15 көшесіне жарықшам орнатуға және 2 көшеге жаяу жүргінші жолын салуға қаржы бөлінді.

Тұрғындардың көптен бергі ұсынысы Қызылорда су тоспасы көпірін ашу болса, жақында облыс әкімінің қолдауымен осы көпір ашылды. Осылай қала мен кент арасындағы көлік қатынасы кеңейді.

Биыл кентте 6 көшеге жарықшам орнатылды, 9 аялдама қойылды. Тағы 6 көшеге жарықшам, 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жүзеге асады. Көркейту және көгалдандыру мақсатында Амангелді көшесінің бойынан арық қазылып, оған демеушілер есебінен 2 су насосы орнатылды.

– Менің есімім Дүйсенбек Пірімқұлов. Тасбөгет кентіндегі С.Сейфуллин көшесінің тұрғынымын. Қала басшысы ретінде жұмысыңызға табыс тілейміз. Мен бірнеше мәселені айтқым келеді. Тасбөгет кентінен №8 жеке Газельдер уақытылы жүрмейді. Таңертең жұмысқа баратын уақытта, кешке жұмыстан қайтатын уақытта ғана жүреді. Түскі уақытта таппай қаламыз. Қалаға жақын болғандықтан қалаға көп қатынаймыз. Тағы бір мәселе: «Сталин каналы» дейміз ғой, сол жерге жақын маңда 150 метрдей жер ашық қалған. Жел тұрса шаң-тозаң болады. Сол жерді көркейтіп немесе алаң салсаңыздар деген ұсыныс бар. Әйтпесе қаладан кіріп келе жатқан кезде ыңғайсыз көрінеді.

– Тасбөгет кентін қаладан бөліп жаруға болмайды. Сіз айтқан шаң-тозаң болып жатқан жерді қарастырамыз, зерттеп көреміз. Қоғамдық көлікке байланысты Газельдердің мерзімі тамыз айында бітеді. Біз оларға сылтау айтпай, уақытылы, сапалы қызмет көрсету керек деп талап қойып отырмыз. Бұл мәселеге байланысты зерттеп көреміз.,-деді шаһар басшысы.

– Тасбөгет кентінде орналасқан №8, 10, 11, 13 екіқабатты үйлердің тұрғындарының атынан келіп тұрмын. Бұл үйлер 1976 жылы салынған. Осы уақытқа дейін әкімшілікке барып, шу шығарып, арыз жазған емеспіз. Бұл үйлерде жүре алмайтын қариялар тұрады. Сол себепті алдыңызға мені жіберіп тұр. Осы уақытқа дейін үйлеріміз жөндеу жұмыстарын көрген емес. Алдыңғы күндері жел, боран болды. Шатырымыз ұшып кетті. Жаңбыр жауып электр тоқтарымыз күйіп кетті. Ертең ол өртеніп кетуі де мүмкін. Біздің өтінішіміз шатырымызды жөндеп, үйіміздің сыртын әдемілеп берсеңіз.

– Мәселе жоқ емес, бар, оны мойындау керек. Бұл үйлердің жағдайын мен жақсы білемін. Қариялардан кешірім сұраймыз. Кент әкімі және тиісті мамандармен ақылдасып жұмыс жасайтын боламыз.

– Тасбөгет кентінде туып өскен адаммын. Жеке шаруамның емес, Тасбөгет кентінің мәселесін айтамын. Тасбөгеттің әкіміне барсақ, өмірі орнында отырмайды. Тағайындалғалы бері көрген жоқпын. Қайда кетті десек, қалаға жиналысқа кетті дейді. Таусылмайтын не жиналыс?-дейді ашынған тұрғын.

Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Тыныштықбай бұл тұрғынды жеке қабылдайтынын айтты.

– Менің есімім Нәлібек Мәмбет. Тасбөгет кентінің тұрғынымын. Көп жылдан бері жауыр болған мәселеміз: кенттегі емхана мәселесі. Нақты жауабын айтыңызшы, осы мәселе туралы. Емханаға сау болып кіресің, ауру болып шығасың. Тағы бір мәселе: кентіміздегі бейіт мәселесі. Емхана дұрыс болмағасын адамдар көп қайтыс болып жатыр. 13 гектар жер бейітіміз бар еді бүгінгі таңда толып қалды.

– Әкім болып тағайындалғалы бері Тасбөгет кентіндегі емханаға екі мәрте келдім. Бір рет денсаулық сақтау басқармасының басшысымен, екінші рет басқарма басшысының орынбасарымен келдім. Қазіргі таңда емхана қала әкімдігіне қарамайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайды. Бейіт мәселесіне келетін болсақ менің әке-шешем де, ағайын-туысым да осы кенттегі бейітте жерленген.

Кездесуде тасбөгеттіктер бұдан бөлек қала әкіміне аяқ су мәселесін көтеріп, оның шешілуіне ықпал жасауды сұрады. Жиын қорытындысында тұрғындар ашық диалог форматындағы кездесуге алғыстарын білдіріп, ақсақалдар батасын берді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған