Бүгін аудандық емхананың мәжіліс залында республикалық референдумның қорытындысына байланысты арнайы жиын өткізілді. Жиынға аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева төрағалық етті.
Жиынды ашқан бас дәрігер Жанар Әшімқызы аудандық аурухана ұжымының республикалық референдумға белсенді әрі ұйымшылдықпен қатысқанын тілге тиек етті.
– Сыр өңірі еліміз бойынша республикалық референдумға қатысу деңгейі жөнінен алдыңғы қатардан көрінді. Референдум учаскелеріне келген көпшілік жақсы көңіл күйде болды. Республикалық референдум – халықтың пікірін айқындайтын, азаматтардың саяси белсенділігін арттыратын маңызды қадам. Сондықтан әрбір азамат өз дауысын беру арқылы елдің дамуына үлес қосты. Бұл – тек құқық қана емес, сонымен қатар үлкен азаматтық жауапкершілік. Өйткені қабылданған шешімдер еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына тікелей әсер етеді. Ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білген іргелі ұжымға шынайы алғысымды білдіремін, – деді бас дәрігер.
Өз кезегінде ақ халатты абзал жандар да өз ойларын ортаға салып, ұжымның әрбір мүшесі мемлекетіміздің болашағына бейжай қарамай, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысқанын атап өтті.