Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам –жемқорлықсыз қоғам, салауатты  өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет-жемқорларсыз мемлекет.

Еліміз елу елдің қатарына ену үшін аяқ  басқанда  айналамызды ашкөз алаяқтардан аластап, қоғамды тазарту – азаматтық міндетіміз.

Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққак қарсы күрес  еліміздің  стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі  екенін айтты.

Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай  онымен күресу, бұл-жел диірменмен  алысу.

Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын  көріп қана қоймай, ол жұмыс  істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі  өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының  деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.

Қазіргі таңда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық  қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек.

Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке барлығымыз атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

    М.Бекетова

Қызылорда қаласының №2 сотының бас маманы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған