Семей қаласында Абайдың 180 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне» атты Қызылорда облысының өнер күндері өтті. Семейдегі Абай атындағы театрда Абай елінің көрермендеріне сұлу Сырдың жыр сәлемі жеткізіліп, аймақ басшысы концертке келушілерге ізгі тілегін білдірді.

– «Еліміздің ұлттық руханияты мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің ордасы – киелі Семей өлкесінде Өздеріңізбен жүздес­кенімізге қуаныштымыз! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы» деп лайықты бағасын берді.

Абайдың есімін иеленген қасиетті өлкеде ұлы тұлғаның 180 жылдығы биыл аса жоғары деңгейде аталып өтті. Мемлекет басшысы «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлт­тық болмысымыздың айнасы» деген болатын. Ақын өсиет­­тері – бүгінгі ұрпақтың айнымас қазығы. Баршаңызды қазақ­­тың ұлы ақыны, «адамзаттың Абайы» атанған ағартушы, рухани реформатор Абай Құнанбайұлының жалпыхалықтық тойымен Сыр жұртшылығының, Өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!

Семей және Қызылорда қалалары ұлтымыздың тағдыршешті мәселелері қаралып, маңызды шешімдер қабылданған саяси орталық ретінде тарихқа таңбаланған.

Бүгінде Президентіміздің қолдауымен дербес облыс болып құрылған Абай елінде серпінді жобалар қарқын алғанына қуаныш­тымыз. Мәдениет пен руханиятты дамыту – еліміздің тұтастығын, ұлттық сана мен қоғамдық келісімді нығайтудың берік негізі. Бүгінгі шара екі өңірдің мәдениет, өнер саласы қызметкер­лерінің тәжірибе алмасуына, іскерлік байланыстарды арттыруға ықпал етеді. Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, болашағы жарқын болғай!», – деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік басқосуда Абай облысының әкімі Берік Уәли сөз сөйлеп, өнер күндерін өткізуге қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, атсалысқан өнерпаздарға алғысын жеткізді.

Концертте Қорқыттың күйі, халық әндері, Сыр сүлейлерінің тер­мелері, «Ұлы дала поэмасы» хореографиялық қойылымы, күй тартыс, «Махамбет» поэмасы және басқа да туындылар көрерменге ұсынылды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған