Көктем-жаз мезгілдерінің келуімен орман және дала өрттерінің туындау қаупі күрт артады. Құрғақ шөптің көбеюі, жоғары температура, желдің күшеюі және адам факторлары табиғи өрттердің негізгі себептері болып табылады. Мұндай төтенше жағдайлар тек табиғатқа ғана емес, адам өміріне, ауыл шаруашылығына және ел экономикасына да орасан зиян келтіреді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, орман және дала өрттерінің басым бөлігі адамдардың салғырттығынан орын алады. Атап айтқанда, сөндірілмеген от, бей-берекет жағылған қоқыс, темекі тұқылын тастау, құрғақ шөпті әдейі өртеу сияқты әрекеттер қайғылы жағдайларға әкелуде.

Осыған байланысты Қызылорда облысында орман-дала өрттерінің алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Төтенше жағдайлар департаменті орман шаруашылығы мекемелерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, рейдтік іс-шараларды күшейтті. Өрт қаупі жоғары аймақтарда мониторинг жүргізіліп, минералданған жолақтар жасалуда.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына түсіндіру жұмыстары кеңінен ұйымдастырылуда. Халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігі туралы жадынамалар таратылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-насихат жұмыстары күшейтілді.

Мамандар келесі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді:
• Орман мен дала аумағында ашық от жақпау;
• Шөп пен қоқысты рұқсатсыз өртемеу;
• Темекі қалдықтарын бей-берекет тастамау;
• Балаларды қараусыз қалдырмау;
• Өрт байқалған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлау.

Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың борышы. Өрттің алдын алу – оны сөндіруден әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз. Сондықтан қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы біз үлкен апаттардың алдын ала аламыз.

Орман мен дала – болашақ ұрпаққа аманат. Оны өрттен бірге қорғайық!

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған