Сырдария өзенінің сол жағалауын­дағы жаңа қала аумағында бой көтерген 5 қабатты тұрғын үй кезекте тұрған отбасыларға табысталды. Салтанатты шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Аймақ басшысы өз құттықтауында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталды.

– «Биыл ұлтымыздың тарихи қазақ атауының қайтарылғанының, Қызыл­орданың Қазақ елі астанасы болғанының 100 жылдығы кең көлемде атап өтілуде. Мерейлі жыл аясында аймағымызда сәулеті келіскен, әсем де заманауи ғимараттар бой көтеріп келеді.

Бұл – жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде кәсіби мереке­лерін атап өтетін құрыш қолды құрылысшы­лары­мыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Бүгін жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышына ортақтасып, пәтер кілтін табыстау рәсіміне жиналдық.

Аймағымызда тұрғындардың тұр­­мыстық жағдайын жақсартуға бағыт­тал­ған бірқатар маңызды ірі инфра­құрылымдық жобалар бар.

Облыс бойынша 96 жобаның құры­лысы жүруде.

Жақында балалар мен жасөспірім­дерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық акаде­миясы өз жұмысын бастады.

Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараттары ел игілігіне пайдалануға берілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі салтанатты түрде ашылды.

Президентіміздің қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион, «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен құны 2 млрд. 900 млн. теңге болатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Сыр жұртшылығы асыға күткен нысандар алдағы қыркүйек айында ашылады.

Облыс орталығында көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені,

Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен жаңадан «Достық үйі» бой көтеруде.

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында облыс орта­лығының озық сәулеттік үлгісін қалып­тастырып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, саябақтар мен мәдени-демалыс орындарды абат­тандырудамыз. Орталық алаң қайта жаңғыртудан өтті. Қазіргі таңда шаһар­дағы Президент саябағында, Қорқыт Ата мемориалды аллеясында қызу жұмыс қарқын алған. Жаздың басында қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі ашыл­ды. Алдағы уақытта облыс орталығындағы 50-ге жуық парк, сквер, аллеяларды кезең-кезеңімен жаңғыртамыз.

Баспаналы болу әрбір отбасыны жақсылыққа жетелейді. Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, ішіндегі әр отбасының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай!», – деді Н.Нәлібаев.

Рәсімде Наурызбай Байқадамов жаңа пәтер иелерін құттықтап, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов бата берді. Сонымен қатар тұрғын үйді салған мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Соңғы үш жылда облысымызда қаржыландырудың барлық көздерінен 2 млн. 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Кезекте тұрған халықтың әлеу­мет­тік осал топтарына, жалғыз баспа­насы апатты деп танылған азамат­тарға 5 мыңнан аса пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады. Барлық аудан орталықтарында жаңадан салын­ған 1500-ға жуық пәтер иелеріне табысталды.

Биыл тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан 3 800 дайын пәтерді сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді. Қаржыландырудың барлық көздерінен 870 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі.

Қызылорда қаласының өзінде соңғы үш жылда тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға 64 млрд. 97 млн. теңге қаралып, 5 600 пәтер табысталды. Биыл жыл соңына дейін 3 мыңға жуық пәтер беру көзделген.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған