Қазақ тілі-Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады.Қазақ тілі-әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі.Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі.
Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдыретті.
Мемлекеттік тіл егемен еліміздің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің рәміздері, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады.
Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі –қазақ тілі» деп жазылған. Әрбір Қазақстандық Ата заңымыздың талаптарын орындап, қазақ тілінде сөйлеуге міндетті. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен байланыса алады.
Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық потриотизим, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен байланысты. Түптеп келгенде, ол өңірдің, елдің ұлттық қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылығы мен интеллектуалды даму мәселесі де.
Сонымен қатар, мемлекеттік тіл-мемлекеттің бет-бейнесі. Тіл-елдің мәдениетін қалыптастыратын ұйытқы, ұлттық бірліктің негізі, адамның рухани және имандылық қасиеттерінің басты факторы. Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін терең тануға жол ашады. Өзгелерге мемлекет ретінде танылғымыз келсе, біз ең алдымен қасиетті ана тілімізді сақтауымыз қажет.
Өткені, тілі жоғалған күні ұлттың өзі де жоғалатыны анық. Тарихта алдымен тілін жоғалтып, содан соң өздері жоғалған ұлттар қаншама. Тарихтан белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші тілдің мәселесін шешеді.
Елімізде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту- бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Ал бұл істің шешуі шыдамдылық пен табандылықты талап етеді. Тілді үйрету зорлықпен емес, шынайы ынтамен ыңғайлайтын шаруа. Мемлекеттік тіл білу-кәсіби талап.
Мемлекеттік тіл-еліміздің азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары хақ. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге , оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал.
Сонымен қатар, өз тіліңізді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіріңіз. Тілсіз тірліктің тасы өрге домалайды десе қателесесіз. Сол үшін де «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр» деп ата-бабаларымыз болашақ қамын ойлап, бекер айтпаса керек.
Қазақ халқы бар тарихын көшіп жүріп өткізсе де, «батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртына қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық жинаған сөз байлығын күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл- бәрімізге де қымбатты мұра, бай қазынаң»,- деп сөз зергері Ғабит атамыз айтқандай, көнеден келе жатқан тілімізді одан әрі өрісін кеңейту, өркендету жастардың еншісіндегі ең үлкен міндет әрі аманат.
Б.Қалдыбаев
Жаңақорған аудандық сотының бас маман- сот отырысының хатшысы