Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда өткен жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды.
Ресми ақпараттардан мәлім болғанындай Премьер-министр өткен жылыту маусымы қалыпты деңгейде өткенін, ал қыста технологиялық бұзушылықтар 10%-ға төмендегенін атап өтті. Қабылданған шаралар жылу стансаларын жаңғырту жұмыстарын қаржыландыруды 44%-ға, жылу желілеріне шамамен 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.
– «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең алдымен 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Тозығы жеткен қалған барлық жылу станциялары мен желілерін жөндеуді жалғастыру қажет. Біздің міндетіміз – халықты жылумен және электр энергиясымен сапалы қамтамасыз етіп, қолданыстағы жабдықтардың пайдалану мерзімін қауіпті деңгейге жеткізбеу. Ал, ол үшін энергия көздері мен желілердің негізгі жабдықтарын жөндеу және ауыстыру жұмыстарын тұрақты әрі жоспарлы түрде жүргізу қажет. Жөндеу науқанының белсенді кезеңі енді басталып жатыр, сондықтан алдағы жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. Талап қатаң болады», — деп атап өткен Үкімет басшысы осы айда Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғырту үшін резервтен 25 млрд. теңге бөлу туралы қаулыға қол қойған. Осы жиында Олжас Бектенов Үкімет бұл қаражаттың тиімді жұмсалуын және одан алынған нәтижені бақылайтынын атап өтті.
Бірқатар өңірлердегі энергия көздерін жөндеу жұмыстарының кешеуілдеу қаупі бар. Мәселен, Семей қаласында қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Ал, Маңғыстау облысында «МАЭК-тің» 2-ші Жылу орталығындағы турбинаны жөндеу тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілген. Қостанай облысында Рудный жылу электр орталығындағы турбинаны жөндеу 10 сәуірден бері басталған жоқ. Арқалық жылу станциясындағы қазандық бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр. Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстарының қарқыны да тым баяу.
– «Мұндай кемшіліктер өңірлердің бәрінде дерлік кездеседі және ол тиісті бақылаудың жоқтығын білдіреді. Әкімдіктер министрліктерге сілтеп, немесе қаражаттың жоқтығын, конкурстарды сылтауратып, бұл жұмысты назардан тыс қалдыруға болмайды. Жылыту маусымына дайындық – әкімдіктердің алдағы үш ай ішіндегі негізгі міндеті», — деп атап өткен Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.