Жаңақорған ауданы әкімі Мажит Самитов су тапшылығы мәселесіне байланысты күріш егістіктерін аралады. Аралау барысында су кезектілігінің үшінші ауысымы жүріп жатқан Аққорған, Келінтөбе, Қаратөбе ауылдық округтеріндегі ішкі шаруашылық каналдарының тазалау жұмыстарын бақылады, шаруашылық құрылымдарымен өзекті мәселелерді талқылады.
Шаруашылық құрылымдарының жетекшілері кезектесіп суару нәтижесін көріп отырғандықтарын айтып, биік танаптарға егілген күріш егістіктерін су қашыртқы каналдарға қойылған насостар арқылы суландырып жатқандықтарын жеткізді.
Аудан басшысы егіс басындағы шаруалармен кездесу барысында ішкі су арналарын тазалау жұмыстары үшін ауызбіршілік қажеттігін айтып өтті. Алдағы тамыз айында Сырдария өзенінде су көлемі тағы да азаю мүмкін екендігін жеткізген аудан басшысы диқандарға су қарқынын бәсеңдетпеу мақсатындағы барлық амал шараларды қарастыру қажеттігін баса айтты.
Кездесу соңында аудан әкімі сала басшылары мен ауыл әкімдеріне ішкі шаруашылық каналдарының бойындағы олқылықтарды қысқа мерзімде орнына келтіруді тапсырды.