Бүгінгі күні кең тараған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену болып табылады.
Бүгінгі таңда ең кең тараған алаяқтықтың қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады. Жиі кездесетін түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай –ақ өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.
Қызылорда қаласының №2 сотының ағымдағы жылдың 7 айдың қорытындысымен сот өндірісінде 8 адамға қатысты 8 іс қаралып, айыптау үкімі қабылданған. Сот үкімімен 7 адам сотталған, оның 5-адамға бас бостандығын шектеу жазасы, 2 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, 1 адамға қатысты тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
Сот өндірісінде Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 4)-тармағымен сотталушы Б.-ға қатысты ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқырып, алаяқтық қылмыстық құқық бұзушылық жөнінде іс қаралған.
Сотталушы Б. қылмыстық жолмен, яғни ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау арқылы оңай ақша табу ниеті туындап, «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы үлкен көлемде несие алып бере алатыны жөнінде жарнамалаған. Жәбірленуші К. «WhatsApp» әлеуметтік желісінен жарнаманы көріп, сотталушы Б.-ға хабарласып, сотталушы несие алып бере алатынын жалған айтып, жәбірленушінің жеке басы жөнінде ақпараттарды алған. Әрі қарай сотталушы жәбірленуші К.-ның жеке ақпараттарын пайдалана отырып, микро қаржыландыру мекемесінен 97 000 теңге несие рәсімдеп, өз бас пайдасына жаратқан.
Сот үкімімен сотталушы Б.-ға 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген.
Интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау керек, дербес деректерді ешкімге хабарламауға, белгісіз адамдарға ақша аудармау; өз құжаттарыңызға қол жеткізуді шектеу (жеке куәлік, банк картасы), құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жолдамау.
Мәліметтер алаяқтарға белгілі болған жағдайда, оларға алдағы уақытта микрокредиттік қаржы ұйымдарында немесе банктерде олардың атынан несиелерді оңай рәсімдеуге мүмкіндік беретін есте сақтау қажет.
Б.Алжанова
Қызылорда қаласының
№2 соты әкімшісінің бас маманы