Қызылорда облысында еліміздің тарихындағы ауыр кезеңдерде қаза болған сарбаздардың отбасыларын қолдап, олардың құқықтарын қорғаумен айналысатын ерекше ұйым бар. Ол – Қызылорда облыстық «Чернобыль, Ауғанстан және Совет армиясы  әскерлері жесірлерінің «Ару-Ана» жесірлер одағы» қоғамдық бірлестігі. Бұл ұйым Чернобыль апаты, Ауған соғысы және Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтеп, ерлікпен қаза болған ардагер сарбаздардың жарлары мен балаларының әлеуметтік жағдайын жақсарту, медициналық және оңалту мәселелерін шешуге ықпал етумен айналысады.

Ұйымның құрылуы және қызметіне тоқталатын болсақ, «Ару-Ана» жесірлер одағы 2000 жылы құрылып, қазіргі таңда Сарымсақова Раушан Төлетқызы басшылық етеді.

Қоғамдық бірлестіктің құрамында 62 әйел азамат бар, олардың ішінде:          

  • 45-і – Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагер сарбаздардың жесірлері;
  • 7-і – Ауған соғысы ардагерлерінің жесірлері; 
  • 10-ы – Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтеген ардагерлердің жесірлері.

Ұйым ардагерлер отбасыларының заңды құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғаумен қатар, олардың ерлік істерін өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.

«Ару-Ана» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен білім беру ұйымдарында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда,            «Ата-баба ерлігі арқасында», «Ерлік» тақырыптарында кездесулер мен сұхбаттар, «Супер әже» байқауы – ұлттық дәстүр мен отбасы құндылықтарын насихаттау шарасы,            балаларға арналған «Ертегілер әлемі» атты ертеңгіліктер,            акциялар мен қайырымдылық шаралары.

Мұндай шаралар ардагер сарбаздардың батырлығын дәріптеу арқылы жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.

«Ару-Ана» жесірлер одағы – қарапайым ұйым ғана емес, тарихи жадыны сақтау мен батырлардың рухын ұлықтауға бағытталған қозғалыс. Өткенге құрметпен қарап, болашақ ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру – оның басты мақсаты. Осындай ұйымдардың қолдауы мен еңбегі арқылы ардагерлердің есімі ұмытылмай, олардың ерлігі келер буынға өнеге болып қалады.

«Ару-Ана» бірлестігінің жұмысы – елдік пен бірліктің, патриотизм мен қайсарлықтың жарқын көрінісі. Сондықтан бұл ұйымның қоғамдағы рөлі айрықша әрі маңызы зор.

Облыстық үкіметтік емес ұйымдарға

арналған ресурстық орталығы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған