Қазақтың қанында бар қасиет ұрпақтың жадынан ешқашан өшпейді. Қолда барымен бөлісу, өзгеге көмектесу де адамшылықтың, кісіліктің көрінісі. Өз еркімен елдің қамын ойлаған еріктілік. Әрине, сауапты іспен айналысу дұрыс нәрсе. Тіпті, бүгінгідей сәтте көмекке зәру жандар көп. Сондықтан да, өңірде мемлекеттік қызметшілерді жақсы іске тарту, сол арқылы ұлттың болмысында ғасырлар бойы қалыптасқан қайырымдылық қасиеттерін насихаттау мақсатында бүгінде департамент тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда, 2025 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің ерікті мемлекеттік қызметшілерімен қаламыздың тазалығына үлес қосып жүрген жұмысшыларға қайырымдылық шарасы негізінде ыстық шәй мен тоқаш таратылды. Бұл шара қала көшелерін тазалап жүрген жұмысшылардың бойын жылытуға, жақсы көңіл-күй сыйлауға бағытталды.

Сонымен қатар, 2025 жылдың 12-14 ақпанында Қызылорда облыстық қан орталығында «Донор бол!» акциясы өткізіліп, атаулы шараға Қызылорда облысы әкімі аппаратына қарасты басқармалардың ерікті мемлекеттік қызметшілері, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер арасында «Еріктілер кеңесінің» мүшелері қатысып, қан қорын көбейтудегі игі бастамаға өз үлестерін қосты. 

Бұдан бөлек, облысымызда «15 наурыз – Қайырымдылық күні» деп жарияланып, бұл шараға қала, аудандардағы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері белсене атсалысты. Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарт және мүмкіндігі шектеулі кісілерге азық-түлік, ыстық тамақ сияқты өмірлік қажеттілікке керек-жарақтар таратылып, 1000-нан астам отбасыға көмек көрсетілді.

Сондай-ақ, «таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі, табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді» – демекші, департамент қызметкерлері 2025 жылдың 15-наурызында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырды. Еріктілер қаламыздың көшелеріне тазалық жұмыстарын жүргізіп, шаһарымыздың көркеюіне өз үлестерін қосты.

Халқымыз «Көп түкірсе – көл» – дейді. Сауапты істің үлкен-кішісі болмайды. Бірақ, ірілі-ұсақты көптеген шаруаның көптің көмегімен бітетіні тағы бар. Осындай игі істерге өз үлестерін қосып жүрген ерікті мемлекеттік қызметшілерге алғысымызды айта отырып, ораза айында жасаған жақсылықтарыңыздың сауабы өздеріңізге еселеп қайтсын демекпіз.

Әлия Сатыбалдықызы Хожбанова

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша Департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы

                                                                                  

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған