Қазақстанда дербес кассациялық соттар 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істей бастайды. Бұл өзгеріс сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мақсатында жүзеге асырылды. 2024 жылы 5 шілдеде Мемлекет басшысы тәуелсіз кассациялық соттарды құруды көздейтін Конституциялық заңға қол қойды .Бұл өзгеріс Қазақстан Республикасының жаңа Әділет жүйесін жетілдіру аясында жүзеге асырылды.
Кассациялық соттың негізгі міндеті – сот шешімдерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуы мен түсіндірілуінің сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
Бұл жаңашылдық қарапайым халықтың құқықтарын қорғауға, бостандықтарын сақтауға зор әсерін тигізеді деп күтілуде. Халықтың сотқа деген сенімін нығайтады. Және де реформаның негізгі мақсаты әрбір сот сатысының тиімділігін арттыру.
Кассациялық сот – сот шешімдерін қадағалайтын және түзететін сот жүйесінің бір түрі. Істерді қассациялық сатыдағы сотта қарау белгілі бір негіздер бойынша ғана мүмкін болады. Қассациялық сатыдағы сот шешімдердегі нормалардың сақталуын тексеруге баса назар аударады.
Кассациялық сот заң тәжірибесінде маңызды рөл атқарады және құқықтық жүйенің дамуына ықпал етеді. Оның шешімдері қоғамдағы дауларды шешуде өте маңызды. Мұндай сот жалпы юрисдикциядағы соттар жүйесінде соңғы шешуші инстанция ретінде әрекет етеді. Бұл істі кассациялық сотта қарағаннан кейін шешімге шағымдануға мүмкіндік жоқ деген сөз.
Жаңа кассациялық соттардың ерекшеліктері
• Құрылымы:
• Үш дербес кассациялық сот құрылмақ: біреуі — қылмыстық істер бойынша, екіншісі — азаматтық істер бойынша, үшіншісі — әкімшілік істер бойынша.
• Құзыреті:
• Кассациялық соттар төменгі сатыдағы соттардың шешімдерін қайта қарау құқығына ие болады.
• Істер үш судьядан тұратын алқаға тікелей түседі, алдын ала қарау сатысы болмайды.
• Процедуралық ерекшеліктер:
• Сот процесі ауызша түрде, тараптардың қатысуымен өтеді.
• Істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды.
• Шектеулердің жойылуы:
• Азаматтық істер бойынша талап қою сомасы 200 айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың және талап қою сомасы 30 000 айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты даулар бойынша кассациялық шағым беру мүмкіндігі жойылады.
Жоғарғы Соттың рөлі
• Жаңа рөлі:
• Жоғарғы Соттың рөлі өзгеріп, ол тек сот тәжірибесін зерделеп, оны жинақтап қорыту және сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі заңдылықтың сақталу мәселелеріне бағдарланады.
• Қайта қарау мүмкіндігі:
• Сот актілері ерекше жағдайларда Жоғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Дербес кассациялық соттарды құру жөніндегі іс-шаралар жоспары Қазақстанның сот жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған батыл әрі маңызды қадам. Бұл реформа сот төрелігінің ашықтығын, әділдігін және қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің құқықтық жүйесінің жалпы деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Сот жүйесіне енгізілетін бұл өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтеді, заң үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Ж.Жәкеева
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы