НЕМЕСЕ, ОЛАР ЕРІККЕННЕН ЕЛ АРАЛАП ЖҮРГЕН ЖОҚ…

Депутаттар  ел аралап жүр. Нақтылағанда мәжіліс депутаттары. Ауа райының қолайсыз ыстық екеніне қарамастан өздері де дамыл көрмей,  өзгелерге де тыныштық бермей, мына шеті Жаңақорғаннан бастап ана шеті Аралға дейін шаруашылықтарды көзбен көріп, елдегілермен жүзбе-жүз тілдесуде.

Олардың бізге қарағанда ауа райы салқын Астанадағы жайлы пәтерлерінде жамбастап жатпай, шіліңгір шілдеде Қызылордада ел жағалап жүргендері не жағдай?

Олардың арасында қарны салбырап, ұйқысы қанбай, жүрісі сылбыры көрінбейді. Салауатты өмір салтын ұстанатын олардың бәрінің де жүрісі ширақ.

Бүгінде Парламент – бәсекелестік ортасы. Баяғыдай елдегі қызметінен шаршаған шенділердің зейнет жасын күтіп, бейберкет уақыт өткізетін кезеңі келмеске кеткен.

Депутат болу үшін бүгінде тіл де керек, білім де керек, білік те керек. Өзінен өзгенің мықтылығын мойындай білмейтін министр дегендей Үкімет  мүшелеріне сауал беріп, сұрақ қою үшін әр депутатқа да деңгей керегі анық. Өзі сайланған өңірдің өзекті мәселесін білмеген депутат Парламентке де, өңірге де өгей…

Өңірдегі іске асып жатқан өміршең жобалардың басым дені республикалық бюджеттен қаржы­ландырылып жатқаны да анық. Ел аралап, ел әңгімесін тыңдап, арасында гір көтергендей қарбыз көтеріп жүрген депутаттар ел ішіндегі жобалардың жүзеге асу барысын саралап жүр. Қаншама ақшаға жөнделіп жатқан жол сапасы қандай? Диқанға берілген субсидия егін өнімін көтерді ме? Әлеуметтік нысандарды салынуға бөлінген қаржы діттеген жеріне жетті ме? Мемлекет басшысы тапсырған шығармашылық орталықтары ел қызметіне жарады ма?

Бүгінгі күн қайсыбір бюджеттің болмасын, әр тиыны бақылауда, қадағалауда. Әрі оны қадағалап, бақылайтындар да аз емес. Солардың бірі депу­таттар…

Елді еститін, тыңдайтын үкіметтің бір ерекшелігі ел қажетіне қызмет ету. Елдің айтқанын жоғары билікке жеткізетін мінбердің бірі – Парламент. Содан да депутаттар елмен әр кездесуде ел ұсынысын тыңдап жүр.

Есімі елге белгілі депутаттардың елге іс-сапары­ның жолжазбасын жариялағанды жөн көрдік.

  • Қызылорда қаласының сол жағалауында аймақ тарихындағы ең ауқымды спорттық нысандардың бірі салынуда. Жалпы құны 20,9 миллиард теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмыстарымен өңірде жұмыс сапарымен болған Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев танысты. Футболшылармен кездесіп, ұсыныс – пікірлерін тыңдады.

«UEFA» талаптарына сай салынып жатқан жаңа стадион жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда.  Сыйымдылығы 11 мың орынға шақтал­ған. Құрылыс қарқыны жоғары. Три­буна­лардың металл конструк­циялары орнатылып, қабырғалар, ішкі бөлмелер мен сыртқы витраждар қаланған. Қазіргі таңда футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Стадион ғимараты маңында  238 орындық автотұрақ алаңы, 40 орындық VIP автотұрақ,  автобусқа арналған 4 автотұрақ орналаспақ. Жаңа стадион футболшылар үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін де тиімді болмақ.

– «Стадионда тек кәсіби футбол­шыларға ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары, жастар, балалардың да спортпен шұғылдануына мүмкіндіктер қарастырылуда. Мұнда бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, таэквондо және фитнес залдары бар. Осы залдарда біздің болашақ чемпиондарымыз жаттығып, шынығып, өз өнерлерін шыңдап, халықаралық ареналарда Қазақстанның атын паш ететінін болады»,- дейді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев.

Ауылдықтардың сауалы – депутаттарға елдің сенімі

Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы  фракциясының мүшелері Мархаббат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапарында «Руханият» орталығында жеке қабылдау өткізді.

Жеке және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдауға келушілер инфрақұрылымды жетілдіру, құрылыс, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала және «Ауыл аманаты» жобасына өзгерістер енгізу бойынша мәселелерді көтерді.

Білім саласының ардагері Ұ.Жаналиева ауданда «Жайлы мектеп» салу мәселесі бойынша сұрақ қойды.

– «Мен білім саласының ардагерімін. Өздеріңізге белгілі, Президенттің бастамасымен өңірлерде «Жайлы мектептер» салынуда. Алайда, Тереңөзек кенті орталығына салынуы керек «Жайлы мектеп» қаржыландырылмай қалды. Кент орталығына мектеп қажеттілігі күн санап артуда. Осыған байланысты жайлы мектепке теңестірілген типтік жобадағы мектеп салып беруге ықпал етсеңіздер» – деді ардагер.

Өз кезегінде кент тұрғыны С.Тобағұлов апатты үйлер мәселесін шешу мәселесін айтты.

– «Мемлекет басшысының қолдауымен жалпы аудандарда тұрғын үйлер көптеп салынуда. Осыған байланысты атқарып жатқан жұмыстарыңызға алғыс білдіреміз. Алайда аудандағы апатты жағдайдағы үйлердің мәселесі өзекті болып отыр. Апатты жағдайдағы үй иелеріне үй салып беру үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша республикадан қаржы бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын» – деді ол.

С.Сейфуллин ауылының тұрғыны Б.Рахметов «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында мал шаруашылығын дамытуда тек асыл тұқымды мал сатып алу талабын алып тастау бойынша ұсынысын жеткізді.

– «Ауыл тұрғындарына үй жағдайында асыл тұқымды малды асырауға мүмкіндік болмауда. Яғни бұл уақытқа дейін қаржы тек асыл тұқымды мал басына ғана берілуде. Тұрғындардың сұрауы осы бағдарлама аясында несиені жалпы мал басына берсе деген өтінішіміз бар» – деді кәсіпкер.

Қалжан ахун ауылының тұрғыны Б.Зинабдинов Қалжан ахун ауылының электр желілерін жаңарту жобасы 2024 жылы басталып бүгінгі күні аяқталмай тоқтап тұрғанын айтты.

– «Президент Бурабайда өткен «Ұлттық құрылтайда» футболға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Қызылорда облысы сол тапсыр­малардың негізінде алғаш болып УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты, сондай-ақ,  халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін жаңа стадион құрылысын бастап, қыркүйек айында өтетін үлкен ойынға дайындық үстінде. Сондай-ақ, облыстық әкім­шіліктің ұстанымымен облыстың «Қайсар» футбол командасы алғаш рет легионерлерсіз ойнап, өзіміздің қазақстандық спортшыларға қолдау көрсетуде. Көпшілік ойын болғандықтан футболды насихаттауымыз қажет. Сонда жастардың ойынға деген қызығушылығы артады», -деді фракция мүшесі Мұрат Әбенов.

«Қайсар» футбол командасының қақпашысы Нұрым Салайдин: -Леги­онер­лерсіз ойнау қиын емес. Барлық ойындар отандық футбол­шылардың арқасында тұрақты түрде өтіп келеді. Ендігі біздің арманы­мыз осы жаңа стадионда өнер көрсетіп, легионерлерсіз ойынның жемісін көрсету,- дейді.

Кездесуде футбол командасының өкілдері халық қалаулыларына  аяқдоп саласындағы бірқатар өзекті мәселе­лерді баяндады. Соның бірі – легионерсіз ойнау барысында жауапты азаматтар тарапынан туындаған жағдайлар. Футбол командасының басты мәселелерін фракция мүшелері Парламентте көтеретінін жеткізді.

  •  Депутат М.Жайымбетов елмен кездескен Қазалы ауданындағы Қожабақы елді мекенінің электр желі­лері қайта құрылуда.

Сметалық құны 442,8 млн. теңгені құрайтын жобаның бас мердігері — «Нұрай-Ақжол РГ» ЖШС. Жоба аясын­да ауыл ішіндегі ескі электр желі­лері толық жаңартылып, заманауи инфрақұрылыммен қамтылады. Атал­ған қайта құру жұмысына жауапты сала басшысының айтуынша, жоба толық іске қосылғаннан кейін Қожабақы ауылындағы 292 тұрғын үйде тұратын 1520 адам сапалы және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етіледі.

  •  Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетовпен кездескен  Бекарыстан би ауылының тұрғындары спорт кешенінің құрылысын аяқтауға қосымша қаржы бөлу, ауылішілік жолдарды жөндеу, көпірлерді қалпына келтіру, денсаулық сақтау нысандары, соның ішінде ауылға аурухана қажет­тілігі туралы ұсыныстарын жеткізді.
  •  Сондай-ақ Мархабат Жайымбетов «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске қосылған ауылдағы кілем жуу орталығының жұмысымен танысты.

Аталған жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыру мен тұрмыстық қызмет түрлерін жергілікті жерде дамытуға бағытталған. Цех қажетті техни­калық жабдықтармен қамтамасыз етілген және бірнеше ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде тұрғындарға қолжетімді сервистік қызмет түрлерін ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Халық қалаулысы бұл жоба­ның әлеуметтік маңыздылығын ерекше атап өтті.

– «Ауылдық жерлерде осындай шағын, бірақ тиімді жобалардың болуы халықтың өмір сапасын жақсартуға жасалған нақты қадамдардың бірі. Мемлекет тарапынан ауыл тұрғын­дарына табыс әкелетін осы секілді баста­малар қолдау табуы тиіс», – деді депутат.

2025 жылы «Ауыл аманаты» жоба­сын іске асыруға Қазалы ауданына 835,1 млн теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарлануда. Бұл қаржы 124 жобаны қаржыландыруға және 135 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

  •  «Қазалы – Көларық – Бекарыстан би – Жаңақұрылыс» бағытындағы аудан­дық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу жобасының жал­пы құны 835 699,3 мың теңге. Жо­ба­ға сәйкес жол жамылғысы толықтай жаңартылып, қалыңдығы 18 см бола­тын үш қабатты асфальт-бетон жабын­дысы төселді. Атап айтқанда бірінші қабат қара шебень негізі, екінші қабат ірі түйіршікті асфальт, ал үшінші қабат майда түйіршікті асфальт болып табылады.

Бүгінгі күні 4 шақырымдық учаскеде алғашқы екі қабат қара шебень мен ірі түйіршікті асфальт-бетон төсеу жұмыс­тары толықтай аяқталған. Қалған 2,5 шақырымда құрылыс жұмыстары жоспар аясында жүргізілуде. Жобаны іске асыру мерзімі  7 ай.

Халық қалаулысы Мархабат Жайымбетов мердігер мекеме «Қазалы Жолшы» ЖШС-нің өкілдерімен кезде­сіп, атқарылып жатқан жұмыстар­дың сапасына назар аударды. Сондай-ақ, тұрғындар күтіп отырған инфра­құрылымдық жобаны уақытылы аяқтау қажеттігін ерекше атап өтті.

– «Жол – стратегиялық маңызы бар нысан. Сондықтан құрылыс жұмыстары сапалы орындалып, мерзімінде аяқ­талуы тиіс. Бұл халықтың күнделікті тіршілігі мен қауіпсіз қозғалысы үшін аса маңызды», – деді депутат.

  •  Қазалы мәдени – демалыс кешенінде салынып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын «Болашақ» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 655,492 млн теңге. Құрылыс басталған кезеңнен осы уақытқа дейін нысанның іргетасы құйылып, колонна жұмыстары, 10 кВ электр желісін және ауыз су жүйесін тарту секілді жұмыстар атқарылған. Құрылысты толықтай аяқ­тау үшін қаржыландыру қажет. Қазір­гі кезде 2025 жылға арналған қосымша келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыс­тары жалғасуда.

Мархабат Жайымбетұлы спорт нысаны жергілікті халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруына үлкен сер­пін беретінін атап өтіп, жобаны қаржыландыру бағы­тында жұмыс жасай­тынын жеткізді.

  •  Биылғы сәуір айында аудан орталығында орналасқан Қазалы теміржол вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мәжіліс депута­ты Мархабат Жайымбетов 120 жылдық тарихы бар нысанда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен арнайы барып танысты.

Құрылыс жұмыстарын «Қазақ­­стан Темір Жолы» ұлттық компания­сы» акционерлік қоғамының қаржыланды­руы­мен «Бақ Береке» ЖШС жүргізуде.

Аталған вокзалға соңғы рет 2013 жылы жөндеу жүргізілген. Ендігі кезекте эскиздік жобаға сәйкес, ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын нығайту, шатырын ауыстыру, есік-терезелерді жаңарту, жолаушыларға арналған күту залдарын заманауи талаптарға сай жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі азамат­тарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік жүйелерін орнату, сондай-ақ вокзал аумағын көгалдандыру және брусчатка төсеу секілді ауқымды жұмыстар атқарылатын болады.

Халық қалаулысы жауапты сала басшылары мен мердігер мекемеге құрылыс барысы бойынша өз ұсыныс-пікірлерін айтып, жұмыстарды мерзімін­де әрі сапалы аяқтап, халық игілігіне табыстау қажеттігін атап өтті.

  •  Қазалы ауданындағы аудандық көп бейінді орталық аурухана жанынан бой көтеріп жатқан 42 төсектік инсульт және кардиология орталығының құрылысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыр­ту» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Жобаның жалпы құны 1,9 млрд. теңге. Бас мердігер – «СМП Кызылорда» ЖШС-і. Құрылыстың аяқтал­уы жыл соңына жоспарланған.

Халық қалаулысы нысанды аралау барысында жауапты сала басшылары және мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс барысына қатысты нақты міндет­тер жүктеді.

Жоба бойынша орталық пайдалануға берілгеннен кейін аудан тұрғындары үшін аса маңызды мәселе болған МРТ орнатылып, инсульт және жүрек-қан тамыр ауруларына қатысты диагностика мен емдеу қызметтері қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, тиісті меди­циналық мамандардың біліктілігін арттыру да қолға алынады.

  •  Бұдан бөлек депутат «Қамқор Вагон» ЖШС-нің Қазалы вагон жөндеу депо­сында жаңадан іске қосылған дөңгелек жұптарын күрделі жөндеу цехының жұмысымен танысты.

Бұл учаске 2025 жылдың сәуір айында пайдалануға берілген. Жоба «Қамқор Вагон» компаниясының ұзақ мерзімді даму стратегиясы аясында жүзеге асып, жүк вагондарының жөндеу сапасы мен сенімділігін арттыруды көздейді.

Депутат жаңа өндірістік учаскені аралап, орнатылған заманауи жабдық­тармен, оның ішінде екі режимді престеу қондырғылары, өлшеу және бұзбай бақылау құралдары, меха­никаландырылған жұмыс орын­дары және жинақтау-бөлшектеу аймақтары­мен танысты.

– «Мұндай өндірістік жобалар еліміздің көлік-логистика саласын дамы­туда маңызды рөл атқарады. Бұл – өңір үшін де үлкен қадам. Жүк тасымалының тиімділігін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты табыс көзін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді халық қалаулысы.

Кәсіпорын қуаттылығы жылына 3000 дөңгелек жұпты күрделі жөндеуден өткізуге есептелген. Бұл өндірістік қуат тапсырыс берушілердің сұраны­сын толық өтеуге мүмкіндік беріп, вагондарды жөндеу мерзімін едәуір қысқартады.

Цех жұмысымен танысу бары­сында депутат сол жерде қызмет атқаратын жұмысшы мамандармен де пікірлесті. Ол теміржолшыларды еліміздің көлік жүйесінің жұмысын қамтамасыз етіп отырған негізгі күш ретінде атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшы­сының 2025 жылды «Жұмысшы маман­дықтар жылы» деп жариялауы өндірісте табанды еңбек етіп жүрген азаматтардың қоғамдағы рөлі мен мәрте­бесін арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.

  •  Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов Қазалы ауда­нына іс-сапары барысында Қожабақы ауылына арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жиын барысында халық қалаулысы ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелерге назар аударды.

Бірінші кезекте Мәжілісте қаб­ыл­данып жатқан заңдар мен бағдарламалар туралы ақпарат беріп, олардың өңірлердің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына тигізер ықпалына тоқталды. Бюджет қаржы­сының игері­луіне қатысты мәселеге де назар аударды.

Кездесуде тұрғындар әсіресе елді мекендегі инфрақұрылым бағытына қатысты мәселелерді кеңінен қозғады. Атап айтқанда Аранды – Қожабақы бағытындағы 12 шақырымдық жолды жөндеу, Аранды ауылынан скважина қазу, газдандыру жұмыстары, спорт кешенінің құрылысын аяқтау үшін қосымша қаржы бөлу, сондай-ақ бала­бақша салу қажеттігі сынды ұсы­ныс­тар айтылды.

  •  Мәжіліс депутаттары Мархаббат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов Сырдария ауданының «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойынан көлемі 4 гектар жерге салынған тұрмыс­тық қатты қалдықтарға арналған полигон құрылысымен танысты.

– Бұл полигонның аудан тұрғындары үшін маңызы зор. Полигон құрылысына облыстық бюджеттен 475,5 млн. теңге бөлінген. Полигонда тұрмыстық қалдық­тар сұрыпталады. Құрылыс жұмыс­тарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС атқарған. Айта кету керек, полигон шаруашылық және өндірістік аймақ­тардан тұрады. Өндірістік аймақ­та тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинайтын арнайы алаң, сүзгіш құдығы орналасқан. Мұнда жылы­на 3500 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталмақ, – деп ақпарат берді аудан әкімі Б. Сәрменбаев.

Мәжіліс депутаттары тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонның жұмысын жүйелі ұйымдастыру қажеттігін айтты.

– Біз ең алдымен халыққа берген сайлауалды уәдемізді орындауымыз керек. Жол картаға түскен әрбір іс-шараның уақытылы, сапалы жүзеге асуы қатаң бақылауда. Біз келіп отырған бүгінгі нысан да біздің халыққа берген уәделеріміздің нақты іске асуының нәтижесі, – деді Мұрат Әбенов.

  •  Парламент Мәжілісінің депутат­тары Мархаббат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапары барысында А.Тоқмағанбетов ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге аудан әкімі Берік Сәрменбаев, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төраға­сы Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депута­ты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық фили­алының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депу­таты Болатбек Ұлтанбекұлы қатысты.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары сегізінші шақырылымның үшінші сессияында атқарылған жұмыстар туралы айтты.

– Бірер күн бұрын біз «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында Мәжілістегі сегізінші шақырылымының үшінші сессиясында атқарылған жұмысты қорытындыладық. Қабылдан­ған заңдардың саны мен шешілген мәселелердің ауқымы жағынан алып қарайтын болсақ, бұл саяси тұрғыда мазмұнды кезең болды. Парламент Әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларды жүйелі жүзеге асыруда. Жалпы, біздің партияластар 62 заңға бастамашылық етті. Бұл құжаттар барлық парламенттік фракциялардағы әріптестерімізбен бірлесе жүргізген үйлесімді жұмыстың, Үкіметпен, сарап­шылармен және азаматтық қоғам­мен өзара сындарлы іс-қимылдың нәтижесіне айналды. Сөйтіп, VIII шақырылымда заң жобаларына барлығы 5300-ден астам өзгертулер мен түзетулер енгізілді және 626 депутат­тық сауал жолданды, – деді Мархаббат Жайымбетов.

– Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясы атқарған жұмыс қорытындысы жөнінде айтар болсақ, азаматтардың мүддесі мен мем­лекеттің дамуы – басты назарда. «AMANAT» партиясы фракциясы VIII шақырылымның үш сессиясы аясында Президент Жолдаулары мен партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізуді жалғастырды. Қабылданған бастамалар негізгі салаларды қамтыды: экономика, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, цифрлық инфрақұрылым және азаматтардың құқықтары. Фракция барлық заң жобаның 82,6%-на бастамашылық етті, тұрғындармен 4 мыңнан астам кездесу өткізді және азамат­тардың өмірінде орын алған нақты өзгерістерге қол жеткізді. Біз сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін ал­дағы уақытта да ескеріп, нақты жұмыс­тар атқаратын боламыз. 1 шілде күні Сыр еліне депутаттық қызмет сапарымен келдік. Саяси тілде «каникул» деп аталып кеткен, шын мәнінде парламенттік жұмыстың өңірлік деңгейде жалғасуы. Кесте бойынша іс-шара­лар, күніне бірнеше кездесулер, жеке қабылдау жоспарланған. Әріптесім Мархабат Жайымбетовпен бірге өңірді аралап, өндірістік жобалармен таны­сып, экономикалық әлеуметтік саладағы қалыптасқан жағдайды өз көзімізбен көріп, сайлаушылармен кездесеміз, – деді Мұрат Әбенов.

  •  Сырдария ауданында депутаттар М. Жайымбетов пен М.Әбенов Ша­ған ауылдық ауруханасына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары­менде танысты.

Мәжіліс депутаттарын аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов күтіп алып, ең алдымен ауданның әлеу­меттік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы туралы ақпарат берді.

Мәжіліс депутаттары Шаған ауылын­дағы аурухананы күрделі жөндеу сапалы әрі уақытылы жүргізілуі керек екенін айтып, мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесті. «РеалСтройСнаб» серіктес­тігінің өкілдері күрделі жөндеу жұмыстары наурыз айының басында басталғанын айтып, қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы аяқтал­ған, ішкі әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы күрделі жөндеу жұмыс­тарына облыстық бюджеттен бөлінген 328,9 млн. теңге бөлінген. Құрылыстың сапалы, талаптарға сай жүргізілуін қатаң бақылауға алынған.

  •  Қазақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов пен Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жұмыс сапарымен Сексеуіл кентіне барып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясын­да салынып жатқан 300 орындық мектеп ғимаратында болып, құрылыс жұмыс­тарымен танысты.

Бүгінгі күнде құрылыстың 70 пайыз­дайы орындалып отыр. Құрылыс жұмыстарына жалпы 100-ге жуық адам жұмылдырылған. Жаңа әрі жайлы үлгідегі білім ордасы ағымдағы жылдың жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріл­еді деп күтілуде.

Білім ордасының құрылысын көрген Мәжіліс депутаты нысанның мерзімінде әрі сапалы түрде халық игілігіне берілуі қажет екенін баса айтты.

Сонымен қатар мектеп ғимаратында ауыл тұрғындарымен жүздесіп, арда­герлердің ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Кент тұрғындары мәжіліс депутат­ына жол және тұрғын үй салу мәселесін көтеріп, оның шешілуіне ықпал жасауды сұрады. Мұнан өзге кент тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу бағы­тында жұмыс жасалатындығы айтылды.

  •  Халық қалулысының кезекті сапа­ры Аққұм ауылдық округіне жалғасты.

Ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосуда ауыл тұрғындары елді мекендегі өзекті мәселелерге тоқталып, халық қалаулысына өз ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда елді мекенде су ұңғымаларын қазу сынды мәселелерге тоқталды.

Азаматтармен пікірлескен М.Жай­ым­бетов көтерілген мәселелер бойын­ша заң аясында жұмыс жасай­тынын жеткізді.

 Мархабат Жайымбетов жұмыс сапарымен Байқоңыр қаласы мен Төре­там кентіне де барды.

Сапар барысында бірқатар инфра­құрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Атап айтқанда, депутат Байқоңыр қаласында салынып жатқан 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылыс алаңында болып, мердігер мекеме өкілдерінен атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімі жөнін­де ақпарат алды.

Мұнан соң, мәжіліс депутаты Байқоңыр қаласындағы сумен жабдық­тау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл бағыттағы жобалар тұрғын­дарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мақсат­ында жүргізілуде.

Сонымен қатар “Байқоңыр” кеше­нінің 70 жылдығына орай ашылған тарихи-техникалық экспозициялар орналасқан ашық аспан астындағы мұражайға барды. Бұл жерде әр жылдары ғарышқа ұшырылған зымы­ран­дар­дың макеттері мен арнайы техникалар көрмеге қойылған. Ашық аспан астындағы бұл кешен бүгінде мұражай ретінде жұмыс істеп, келу­шілерге Байқоңырдың ғарыштық тарихымен танысуға мүмкіндік береді. Парламент Мәжілісінің өкілі кешен­дегі экспонаттармен таны­сып, еліміздің ғарыш саласындағы жетіс­тіктері мен тарихи кезеңдері жайлы мағлұмат алды.

Жұмыс сапары Төретам кентін­дегі «Төретам – Ақай» бағытын­­дағы аудандық маңыздағы авто­мобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысумен жалғасты. Депутат жөндеу жұмыстарының сапа­сы мен құрылысына ерекше назар аударып, тиісті ұсыныстарын жеткізді.

  •  Бүгін Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов арнайы Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен келді. Іс сапар барысында халық қалаулылары аудан әкімі Мажит Самитов, “AMANAT” пар­тия­сы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов және “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитовпен бірге Жайылма елді мекеніндегі “Шоқымазар” шаруа қожалығында болып, шаруалармен пікірлесті.

Жайылма ауылдық округіне қарас­ты “Шоқымазар” шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған. Құрамында 21 отбасы қамтылған. Шаруақожалықтың жалпы жер көлемі 492 га, ал егістік жері 124 га жерді құрайды. Биылғы жылы шаруақожалық төрағасы Аян Әлімбайұлы 30 га бақша, 28 га жоңышқа, 4 га дәнді жүгері егіп отыр.

Жалпы Жайылма елді мекенінде ағымдағы жылы 50 га дәнді жүгері, 450 га жаңа жоңышқа, 92 га ескі жоңышқа, 13 га картоп, 26 га көкөніс, 525 га бақша, барлығы 1156 га ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды.

  •  Одан кейін халық қалаулылары Жаңақорған кенті аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойында орналасқан жаңа сервистік орталықтың құрылыс жұмыс­тарымен танысты.

Қазіргі заман талабына сай салынып жатқан қызмет көрсету кешенінде жолаушыларға барлық жағдай жасалады. Мұнда 44 нөмірлі қонақжай, 70 адамға арналған тамақтану орны, 50 орындық монша, 50 орындық жолаушыларға қызмет көрсету бекеті және жанар жағар май бекеті, сондай ақ, электромобильді автокөліктерді аса қатты жылдамдықпен қуаттайтын арнайы бекетте қарастырылған.

Жобаның құрылтайшысы «Engine­ering & Construction Company» («ЕСС») ЖШС, жоба басшысы Ашимов Талғат алдағы уақытта бұл нысанда 20 дан астам аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтылатын айтып өтті.

  •  Ары қарай Мәжіліс депутаттары Жаңақорған аудандық полиция бөлімі, Жед­ел басқару орталығының жұмысын көрді.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың қаңтар айында қалалық және аудандық полиция бөліністеріндегі кіші жедел басқару орта­лықтарын қаржыландыру жүктел­ген.

Осыған орай облыс әкімінің қол­дауымен өңірдің 7 аудандық полиция бөліміндегі Жедел басқару орталығын құруға қаржы бөлді. Жаңақорған аудандық полиция бөлімінде қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақ­са­тында кезекші бөлімшелерінде жедел басқару орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда Жаңақорған кенті орта­лығында қоғамдық тәртіпті қамта­масыз етуге 63 жерге барлығы 207 бейне бақылау камералары және жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде анықтайтын 7 дана стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылары орна­­тылып, тиісті жұмыстар атқарылу­да.

Нәтижесінде жыл басынан бері қылмыс тіркелуі 8,3 пайызға төмен­деген. Сондай ақ, 2520 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 18 млн. 562 мың теңге айыппұл салынған.

Мәжіліс депутаттары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

  •  Депутаттар Мұрат Әбенов пен Мархабат Жайымбетов Шиелі аудан­дық партия филиалының қоғам­дық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қоғамдық қабылдауға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысты.

Қабылдау барысында 6 азамат өз өтініштері мен ұсыныстарын білдірді. Олар – кент орталығындағы көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, абаттандыру шараларын күшейту, Байсын ауылына инфрақұрылым тарту, сондай-ақ аудан орталығындағы спорт кешенінің шатырына күрделі жөндеу жүргізу мәселелерін көтерді.

Фракция мүшелері әрбір азаматтың өтінішін жеке бақылауына алатындығын және тиісті сала мамандарына жолдап, заң аясында шешу жолдарын қарас­тыратынын жеткізді.

Қоғамдық қабылдау – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, билік пен бұқара арасындағы сенімді нығайтудың нақты тетігі.

  •  «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізі бойынан салынып жатқан газ құю бекеті мен сервистік қызмет көрсету кешенінің құрылыс алаңы жобасын «Эко Энерджи Плюс» ЖШС жүзеге асыруда. Жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын кешен іске қосылғанда 27 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Мемлекеттік қолдау ретінде жобаға Тұран ауылдық округі аумағынан 2 гектар жер телімі табысталған.

– Жоба толық іске қосылғанда аудан бюджетіне жылына 200 млн теңгеге жуық салық түседі деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, 15 жергілікті тұрғын еңбек етуде, – деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков.

Сапар барысында халық қалау­лылары Еңбекші ауылдық округі аумағында салынып жатқан қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясының жұмысымен де танысты. 80 гектар жерді алып жатқан нысанды China Huadian Corporation Ltd компаниясы салып жатыр. Жалпы құны – 11,5 млрд теңге. Жоба үш кезеңнен тұрады: жол және қоршау құрылысы, күн панельдері және қосалқы станция. Қазіргі таңда алғашқы екі кезең аяқталып, үшінші кезең жұмыстары жүргізілуде. Осы күнге дейін жоба аясында 55 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылған.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов:

– Мұндай ірі жобалар мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып, толыққанды инфрақұрылыммен қамта­масыз етілуі қажет, – деді.

Депутаттар жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, ауыл­дық елді мекендердегі әлеуметтік мәселелердің шешілу барысын көзбен көруді, сондай-ақ заңнамалық деңгейде қолдауды қажет ететін өзекті мәселелерді зерделеуді мақсат етті.

Сапар соңында делегация «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-нің өндіріс орнында болды. Зауыт дирек­торы У Чен Хуамен кездесіп, өнді­ріс барысын талқылады. Жылына 1 млн. 100 мың тонна цемент өндіретін зауыт­та бүгінде 264 адам жұмыс істейді, оның 226-сы – Қазақстан, 38-і – Қытай азаматтары. Жалпы жұмысшылардың 85 пайыз­дан астамы – жергілікті тұрғын­дар.

Жуырда өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңір­лік көрме-байқау­ында аталған зауыт жеңімпаз атанды.

– Бұл жетістік – сапалы өнім мен заманауи технологияның, үздік­сіз еңбектің нәтижесі. Ұжымның ұйым­шылдығы мен кәсібилігі – табыс­тың кілті, – деді депутат Мұрат Әбенов.

Осындай ауқымды жобалар мен ірі кәсіпорындар Шиелі ауданының өндірістік әлеуетін арттырып, өңір эконо­микасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосуда.

P.S. Парламенттен каникул­ға шығып, өңірге келген депутат­тардың әр күні, әр сапары қызықты өтуде. Сырт қараған көзге “қыдырып” жүрген олар елдің қажеттігі, мұқтаждықтарына орай жұрт ұсыныстарын жинақтауда. Осы ұсыныстар негізінде депутат сауалы құралатыны анық. Одан бөлек елдің әлеуметтік жағдайын, өңірдің экономикалық әлеуетін тара­зылап, зерделеуде. Келер жылдың бюджеті бекітілер тұста ауылдағылардың айтқан аманаты қаржысы қаралған жобаға айналары анық.

Билік пен халық арасындағы алтын көпір міндетін атқарып, ел аралап жүрген депутаттарды “неғып жүр” деме, ағайын…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған