Фото: Pexels
2025 жылы 18 ақпанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер комитеті 600-ге жуық қазақстандық блогер салық декларациясында табысын төмендетіп көрсеткенін хабарлады. «Жасырылған» табыстың жалпы сомасы 53,3 млрд. теңгені құрады. Бұл шешіммен келіспеген жағдайда оларда қосымша есеп беру немесе түсініктеме беру үшін бір ай уақыт бар. Салық саласы бойынша сарапшы, Salyqtez заң фирмасының басқарушы серіктесі Айдар Масатбаев Taspanews.kz редакциясына бұл миллиардтардың қайдан шыққаны, блогерлердің қандай камералдық бақылау хабарламаларын алғаны және салықты есептеу кезіндегі мүмкін болатын техникалық қателер туралы айтып берді.
– «Ресейде жүргізілген Елена Блиновская сияқты блогерлерді тексеру үдерісі бізге де келіп жетті. Біріншіден, салық органдары оларда біздің жеке карталарымыз жайлы көп ақпарат барын айтады, алайда оны ашып дәлелдей алмайды. Менің ойымша, салық есептеу үшін арнайы іс жүзінде тиімді практика ойластырылып, тәжірибеден өткізіліп, қолданысқа енгізілуі керек. Сонда нақты сандарға жақындау мүмкін болар еді», – деді Айдар Масатбаев.
Салық саласы бойынша сарапшы блогерлердің табысы туралы ақпарат аударымдардан да тұруы мүмкін екенін түсіндірді.
– «Оларға үлкен көлемде қаражат аударылуы мүмкін. Алайда блогерлердің көп бөлігі қайырымдылық акцияларына қатысып тұрады, яғни олар ақшаны қайырымдылық немесе басқа да бастамалар үшін жинауы ықтимал», – деді Salyqtez заң фирмасының басқарушы серіктесі.
Сондай-ақ, сарапшы өз пікірінде табыс туралы ақпарат Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы бастамасы бойынша қаралған Common Reporting Standards – бірыңғай есеп беру стандарттарынан алынған болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл стандартқа сәйкес шетелден келетін кірістер туралы ақпарат беріледі.
– «Мүмкін, олар Youtube платформасынан төлемдер алып тұрған болар», – деп мысал келтірді Айдар Масатбаев.
Сарапшы Youtube өз төлемдерінің ең жоғары пайызын американдық нарықта жасайтынын айтты. Бұл жағдайда блогерлер жан-жақты қорғалған, себебі олардың материалында орналастырылған жарнама үшін сыйақыны YouTube төлейді. Осы сыйақыдан салық АҚШ-та алынып қояды. Ол 30%-ды құрайды.
– «Сонымен қатар салық есептеу кезінде ақаулар болуы мүмкін. Осы салада қызмет атқаратын кеңесші ретінде мұндай жағдай жиі кездеседі деп айта аламын. Мәселен, төленіп қойған көлік салығы бойынша қайтадан берешек шыққан. Техникалық қателер де болып жатады»,– деп түсіндірді сарапшы.
Айдар Масатбаев тізімдегі блогерлер енді мәселесін шешу үшін салық органдарымен тығыз байланыста болуы қажет екенін түсіндірді, себебі камералды бақылау хабарламаларындағы ақпарат АҚШ-тағы Deficiency секілді түпкілікті болмауы мүмкін. Ендігі кезекте блогерлер әр ақшалай аударымды негіздеп, әр кірісі бойынша есеп беру керек.
– «Егер блогерлер, айтып өткеніміздей қайырымдық шаралары немесе басқа да әлеуметтік шаралар бойынша қаражат жинаған болса, алайда нақты қандай шарадан келген ақша екенін, оны кім аударғанын нақты есінде сақтамаса, есеп беру қиынға соғады», – деді Айдар Масатбаев.