Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық, саяси және әлеуметтік дамуының негізгі тірегі болып табылатын аса маңызды құжат. Ол мемлекеттің барлық құқықтық жүйесінің іргетасы саналады және халықтың еркін, мүддесін, мемлекетіміздің болашақ даму бағытын айқындайды. Конституция әрбір азаматтың құқығын қорғап қана қоймай, қоғам мен мемлекеттің үйлесімді өмір сүруінің кепілі болып отыр.

Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл күн елімізде жыл сайын мемлекеттік мереке – Конституция күні ретінде аталып өтеді. Жаңа Конституция еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, демократиялық құндылықтарды орнықтыруда ерекше рөл атқарды.

Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Бұл бап мемлекеттің басты ұстанымын айқындап, қоғамдағы адам құқығының ең жоғарғы құндылық екенін дәлелдейді.

Конституция мемлекеттің құрылымын, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын негізгі заң болып табылады. Оның басты қағидалары:

Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі. Әрбір азаматтың өмір сүру құқығы, ар-ождан еркіндігі, білім алу, еңбек ету, еркін жүріп-тұру және пікір білдіру құқығы Конституцияда кепілдендірілген.

Мемлекеттік биліктің бөліну принципі. Қазақстанда билік заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінеді. Бұл жүйе биліктің тепе-теңдігін сақтап, әділдік орнатуға бағытталған. Парламент заң шығарады, Үкімет оларды жүзеге асырады, ал сот билігі заңдылықты қадағалап, әділ шешім қабылдайды.

Тәуелсіздік пен тұтастық. Конституция Қазақстанның егемендігін, аумақтық тұтастығын, мемлекеттік рәміздерін, мемлекеттік тілді және ұлттық бірлікті қорғауды көздейді.

Конституция – мемлекет пен қоғам өміріндегі тұрақтылықтың, келісім мен бейбітшіліктің негізі. Ол азаматтардың құқығын қорғап қана қоймай, мемлекеттің билік органдарының да заң аясында әрекет етуін талап етеді. Бұл өз кезегінде әділеттілікті қамтамасыз етіп, құқықтық мәдениетті қалыптастырады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Конституция елді демократиялық жолмен дамытуға, нарықтық экономикаға бейімдеуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға қызмет етіп келеді. Бүгінгі жаһандану дәуірінде Конституцияның маңызы одан әрі арта түсуде. Өйткені ол – қоғамның бірлігін сақтайтын, ел болашағын айқындайтын құжат.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – халқымыздың еркін таңдауының нәтижесі, елдің басты нышандарының бірі және мемлекеттіліктің берік тұғыры. Ол мемлекеттің саяси, әлеуметтік, құқықтық негіздерін қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің кепілі болып отыр.

Әрбір қазақстандық Конституцияны қастерлеп, оның талаптарын орындауға міндетті. Өйткені Конституция – тәуелсіздігіміздің тірегі, демократиялық дамуымыздың негізі және болашаққа нық қадам басудың кепілі.

М.Д.Атабаева

Қызылорда қаласының №2 сотының жетекші маманы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған