Дүние кең дейміз-ау, оның әлгі оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке қарай ағылып жататын темір жолдары ертелі-кеш бір тоғыспай кетпейді екен. Дидар жазса деп жүргенде, кітап авторы, Қырғызстанның Бельгиядағы елшісі, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовпен екі мәрте Брюссельде кездестім. Жолым түскен соң аға­мызға сәлем бере бардым. Әңгіме-дүкен арасында көкейде жүрген сауалдарымды қойып үлгірдім.

– Шыңғыс аға, «Боранды бекет» болып шыққан кітабыңыздың желісін қайдан алдыңыз? Себебі, сондағы табиғат суреті мен адамдар тағдыры менің туған ауылым- “Диірментөбеге” ұқсайды екен.

Шыңғыс ағамыздың құлағы елең ете қалды.

– Қазанғаптың қара нары туралы жақсылап оқыған боларсың.

– Әлбетте, аға.

Қазақтың мақалы мен мәтелі, көшелі сөзі, жұмбағы қолға ұстаған түлігінен шығады ғой. Бала кезімде кешкілік пеш түбінде, немесе үй көлеңкесінде отырып жұмбақ жасырғанда, ең бірінші әңгіме сол түйе төңірегінде болып кететін.

“Ит мінген, есек өңгерген, ешкі бөктерген, Келеді бір мақұлық түйе айдаған. Ол не?”

Иттің аяғы, есектің құлағы, ешкінің арқасы, түйенің тілік ерні бар бір ғана мақұлық ол – қоян. Бірақ біз жұмбақтың шешуін шарадай басымызды шақшадай қатырып таба алмаймыз. Ел арасында суреттеу, образдау деген асқан шеберлікпен жасалушы еді. Шың­ғыс ағам бұл жағын назарлап көрген де болар. Ал, ауыл бала­лары Қазанғаптың қара нары емес, оның бітім-болмысына туа таныс.

“Үлкен келін есік ашты,

Кіші келін домалай қашты”, – дейміз.

Бұл – түйенің құмалағы. Елде өскен зерек балалар осы жұмбақтың шешуін де тауып жатады. Жұмбақ жасыру созылған сайын түйе туралы әңгіме тереңнен тереңге қашады.

“Ермекбайдың екі ұлы ерегісіп келеді,

Төлебайдың төрт ұлы төбелесіп келеді,

Жағалбайдың жалғызы жағаласып келеді…”

Ермекбай – екіөркеш, Төлебай – төрт аяқ, Жағалбай – жалғыз құйрық…

Немесе:

“Тамға таяқ сүйедім.» Бұл – құйрық. Тіпті, «Боранды бекеттің» үстін басып өтіп, ертелі-кеш ағылып жататын отарбаға дейін біздің елдегілер жұмбаққа қосып жіберген.

“Қалмайды бір-бірінен, тағы озбайды,

Аяғын көз ілеспес тез қозғайды.

Үстіне не салсаң да тиеп алып,

Қара інген ботасы жоқ құр боздайды”.

Міне, отарба ойсылдың тілге түскендегі әп-әдемі суреті.

Әңгіме Қазанғаптың қара нарынан шығып кеткен соң, ойға не нәрселер түсіп отыр. Соның бірсыпырасы айтылып та қалды. Көбісі – халық даналығы, оның пәлсапалық бағыты. Мысалы:

«Алтын артқан атанның алдында – есек,

Артында ит жүреді…»

Тағы да:

«Арқалағаны алтын болса да,

Түйенің жегені жантақ».

… Шықаң сәлден кейін барып әңгімесін бастады.

– Е-е, Бақберген бауырым, сен сол өңірден бе едің? Хош деңіз…

Міне, депутаттықтың жер бетіндегі жақсыны, жаманды көретін, одан ой түйемін деген жанға тигізетін осындай шерепеті бар. Соның арқасында ұлы жазушының алдынан шығып, дидарласып отырмын.

Шықан жайменен әңгімесін тарата берді.

Жетпісінші жылдар болса керек-ті. Мен «Қырғызстан» пойызымен Мәскеу жақтан келе жаттым. Қазалы стансасынан кәдімгі бізде киетін ақ қалпақтың етегін қайырған, кескін-келбеті қырғызға келетін қария вагонға мінді. Іште жайғасатын артық-ауыс орын жоқ болғасын, шалды қасыма шақырып, шай бердім де, ел-халықтың амандығын сұрадым. Сөйтсем, қария өмірде көргені мен түйгенін қатар ұстаған көшелі кісінің өзі болып шықты. Даланың ақылманы кәдімгі. Төретам стансасынан түседі екен. Әңгіме орайында ата-бабасының мәңгілік мекені әскерилердің қоршауында, аяқ астында қалғанын айтты.

– Көп жыл теміржол бойында қара жұмыс істедім. Кезінде сол өңірде басқарма болып, колхоз құрып, шапқылаған шалдың бірі мен едім. Егін шықпай қалған қуаңшылықта “сен әдейі аштық болсын деп қастандық жасадың” деп ұстады да, түрмеге салды. Сол жақтан соғысқа кеттік. Қырғыннан аман-сау оралғасын: “Қой, Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл”, алтын берсе де, атқамінерден аулақ жүрейін деп, қолыма папка ұстамай, темір жол жағасынан бір-ақ шықтым, қарағым. Бір бала Қызылордада, екіншісі Төретамда, өз тіршіліктерін жасап жатыр. Елдің алдына түспесе де, ешкімнен нан сұрап жемейтіндей нәментайлау қызметі бар. Соны дәтке қуат етіп отырмын.

Міне, сол шал Төретамға дейін бір жарым сағат ішінде маған “Боранды бекет” романының жалпы желісін айтып берді. Ал мәңгүрт туралы аңызды Қырғызстанда жүріп естідім. Қара нар да сол шалдікі, боранды бекет те, жолшыны айналдырған түлкі де, Найман Ана бейіті де – шалдың дерегі. Егер ғайыптан кездескен қария “Диірментөбенің” адамы болса, “Боранды бекеттегі” менің ауылым деп иемдене беруіңе болады.

Шыңғыс ағамызбен қоштасып шыққан соң көп ойландым. “Боранды бекет” біздің “Диірментөбе” ме, басқа бір мекен бе, мәселе онда емес, әңгіме – сол тектес адамдар мен алуан түрлі тағдырлардың біздің қатарымызда өмір сүргенінде. Мен ”Диірментөбенің” барлық адамы бақытты болды деп айта алмаймын. Пойыз оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке қарай ағылып жатыр дейміз, алжирлік Альберт Камю деген жазушының “Торғай оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке қарай да ұшпайды, себебі оған қалай қарай ұшса да, бақыт жоқ” деген әңгімесі секілді ғой. Соғыстан соңғы туғандар таршылықты, зарлық пен мұңлықты, ел еңсесін басқан ауырмалықты көп көрді. Біздің “Диірментөбе” де соның қатарында еді. “Көппен көрген ұлы той” дейді. Әкемнің қолынан қара май кетпей, апамның пойызға айран сатып, біздің балалықтың жалаңаш-жалпы өткені “Заман” деген ұлы дастанның тарауындағы бір ғана сөйлем шығар. “Боранды бекетті” біздің ауыл ма деп емексіп қалғаным – сол замандағы адамдар тағдыры бір-бірінің көшірмесіндей ұқсас еді. Мұң мен қайғының арғы атасы ортақ қой.

Мен солай деп ойлаймын.

ЗАМАННЫҢ ҚАРА НАРЛАРЫ

Көкемді қашан көрсең де бір күйі, емен-жарқын әңгіме айтып отыратын шежірелі адам емес, бүкіл өмірі бейнетпен өткесін бе, топтың алдына түсіп сөз бастайтындай көсемшілігі де жоқ. Шаруасын, бала-шағасын, көрші-қолаңын біледі де, одан әрі ұзап билік айтатындай дәрежеге жетпеген. Шойын жол бойында отырғасын, көршідегі орыс дәстүріне елтіп, ауылдағы Әбділда, Күнтуар деген достарымен рабайда арақ ішіп, «шаң басатыны» бар. Бірақ бүкіл өмірінде тыным таппаған, қолы жұмыстан кеткен емес. Жаңалық атаулыға құмар. Ал теміржолдың бойы жаңалықтың алуан арқауы, күн сайын өткен жолаушыдан бір ауыз сөз естісең де, қанша нәрсені біліп қаласың.

Отбасымызда бала басы көбейіп келеді. Құдайберген, Қайырбергеннен соң қарындасым Гүлсім дүниеге келді. Төбесі әңкигенмен, іші қуықтай темір­жолдың кішкене бөлмесіне сыюдың өзі қиындап кетті. Заман түзелген сайын үйге келетін қонақ-қопсы көбейді, тар жер айналымға келмей қалатындай.

Менің бастауыш мектепті бітіру­ге қараған шағым. Ендігі жылы Жосалы­ның теміржол интернатына жатып оқимын. Әйтеуір, басымнан «оқи берсем» деген арман кетпейді. Әсіресе, әдеби кітаптарға өшпін. Теміржолдың бойынан, немесе орыстардың үйінен газет қиындысын көрсем де, шұқынып тұрып аламын. Жақсы көретін пәнім – математика және сурет сабағы. Бір мәрте сурет сабағында алма ағашын айнытпай салып, Төремұрат ағайды таң қалдырғаным бар. Біздің ауылда алма ағашы өспейді. Әкем қолына түскен ағаш-тасты жинап, сәулет-сәнін өзі сызып, бір үй салған еді. Үйіміздің жер бетінен биіктігі екі метрге жетпейді. Көкем жетпесін жердің астынан толықтырған. Топырақты төмен қазып, соның орнына еден есебінде қызыл кірпіштер қалады. Төбесінде теміржолдың шпалынан ауысқан қиқа-жиқа ағаштар, туғалы бері көріп келе жатқан құрылыс заттары. Үрлік, шабағын жүргізген де, төбені жұқалап бір сылап өткен. Сосын әктеген. Бұл екі бөлмелі баспана вокзал басындағы бір бөлмелі үйге қарағанда хан сарайындай кең. Міне, үй тұрғызған соң әкем сол үйдің төңірегіне бау-бақша салып, жеміс ағашын ексем деген ниетте болды. Бір күні кезекшіліктен қолына бір бума ораулы қағаз ұстай келді.

– Саған бір қызық көрсетейін, мында кел,- дейді әкем апама жол бойынан тауып алған әлгі қағаздың орауын жазып жатып. Әлі мұның ішінен ақша шығады.

Көкем қағаздың орауын жазып отыр, жазып отыр, өзегінде қандай байлық жатқанын білмейміз. Ақыры соңғы орауды жазып жібергенде, ішінен ат басындай алтын… емес, кәдімгі шиенің саудыраған дәні шықты.

– Мен бір тауар орап тастаған шығар десем,-деді апам.

– Не ақша, не кітап ораған шығар деп едім, – деп ертеден бері ынтығып отырған мен де кері айналдым.

– Сендер не білесіңдер, осының өзі бізге ғайыптан тайып келген несібе шығар. Мына шиенің дәндерін жерге тігейін,—деп әкем тысқа беттеді.

Сол шиенің дәні «Диірментөбенің» топырағына алыстан арнайы келген екен, тұра қалды. Бірінші жылы көктеп, жер бетінен екі сүйемдей көтерілді. Төрт-бес жылда гүл ашып, алғашқы жемісін бере бастады. Ауылдың сәні, бау-бақшаның өзегі секілді, сонадайдан көз тартып, өткен-кеткендерге мен мұндалап тұрады.

Ал алма ағашын Жосалыда көрдім. Оның суретін кескіндерде көкемнің сақал қыратын алмасын алып, орта­сын­дағы ойықтарын бастырып салдым. Әдемі, домалап тұр, сары түсті қалам­мен бояп жібергесін, жанып кетті. Ағай мен балалар таң-тамаша қалды. Сірәсі, жеміс ағашын өсіру бекет балаларының арманы болды-ау деймін.

Теміржол маңынан ұзағасын, қораға азды-кем мал айнала бастады. Үш-төрт жандығымыз бар, бір сиыр сауып отырмыз. Сиырдың айраны да, сүті де жақсы-ақ, бірақ сол малға қыстық шөп орайық дегеннен мазам кетеді. Мен үшін «Диірментөбеде» өмірдің екі түрі ғана қызық. Біріншісі – бірге оқитын достарым Аман, Мерген, Қалжан, Бостанмен сиыр сәскеден қара кешке дейін доп қуу, айкөл ойнау, ләңгі тебу. Екіншісі – кешкілік екі қырдың астындағы әскерилер қалашығына барып, солдаттармен қатар отырып далада кино көру. Ал шөп ору дегенің күн көзі көтерілгеннен сары масаға таланып, ернің кезеріп, орағың, тырмаң қолыңда, далада азап кешу. Онда да ауыл қасында жусатып салатын шабындық жоқ. Бір жағымыз жусан, баялыш өскен жалаңаш қыр да, екінші жағымыз дариялықтың қойнауы. Ол »Диірментөбеден” бір шақырым жерде. Сол дарияның бағзы заманнан су шықпай қалған ортасын жұрт “Бақша арал” деп атайды. Көктем тууына ауыл адамдары шабандап қимылдал, кетпен-күрегін асынып, «Бақша аралдан” күрке тігіп, жертөле қазып, жер кетпендеп, қарық тартып жатқаны. Одан мойны алты шақырым әріге түсетін “Әбіл аралы” бар. Шөп шапқанда, ешқайда бұрылмастан осы «Әбіл аралына” тартамыз. Түнемелік әскерилер киносын көріп, одан қалды ойыннан сілесі қатып келген 11-12 жасар бала таң азаннан төсегінен тұра ала ма? Ұйқым қанбағасын, ертемен шай ішкен әкем есегін ерттегенше қиғылықты салып, сылтаудың неше түрін айтып қаламын.

– Апа, көкеме айтшы… Қатты ұйқым келіп жатыр. Шапқан шөбін түске таман өзім барып жинап кетейін,-деп жалынамын.

– Сағат онда шөптің жапырағы қурап түсіп қалады. Сояу сабақтарын малға қалай береміз. Кеше азырақ ойна, ерте жат, киноны есің кеткенша қарай бергенше, деміңді ал деп қанша айттым, – деп апам жалынғаныма құлақ аспайды.

Біздің үйдің балалары әкеме өтіні­шін апам арқылы жеткізеді. Көкем сылтауыңды тыңдамастан, сөзді шорт кесіп тастайтын біртоға жан. Сол міне­зінен қаймығып, апамызды айнал­шық­тап жүреміз. Ақыры өтілім өтпегесін әкем­нің ізіне еремін. Таң қараңғылығы тарқа­маған, көкжиек­тегі бозамық енді-енді себездеген күңгірттеу шақ. «Әбіл аралының» шөбін ерте барып жусатқан шаруаға жайлы. Ылғалы бойында тұрған шөп бір біріне жабысып, тастаған сайын ұйыса түседі. Көкем соны есепке алады. Тағы да аралдағы шабындық біздің үйдің үкімет бекітіп берген меншігі емес, онда “Диірментөбеде” тұратын отыз қаралы шаңырақтың үлес жері бар. Бірінің жеріне бірі аттап баспайды. Ауыл арасындағы ауызекі заң солай. Сондықтан өз жеріне ертерек үлгіргісі келетін болса керек. Асыққаннан “тықы-тықы” деп, есегін қайта-қайта тұқыртып, алдымда көкем кетіп барады. Ұйқым ашылмай, тұла бойым дел-сал болған мен әкемнен арқан бойы жер қалып амалсыз ізінде келемін. “Әбіл аралына” жетіп есегін отқа жіберген әкем шалғыларды сырылдатып тұрып қай­рай­ды. Жүзі жарқыраған кезде шөпке салып жібереді. Жасыл құрақтар баудай түсіп, жал-жалымен құлап жатады. Айырмен жинаймын, жерде қалған сабақтарын тырмалап аламын.

– Мынау өлең шөп, – дейді әкем. – Мал­дың құнығып жейтін қорегінің бірі осы. Ал, анау – ажырық, қой мен ешкінің жаны.

Аралда пішен мен бидайық та жетер­лік. Әкем шалғымен жалға түсіре жүріп, әрқайсысының қасиетін қысқаша баяндайды.

— Білгенің жақсы. Кейін өміріңе керек болады, – дейді соңынан. Ал менің әр шөптің атын білуге, келешекте шөп орып, қорадағы бір сиыр мен үш қойды бағуға сол кезде-ақ құлқым жоқ еді. Бірақ: “Көке, сіз айтқандай сиыр ұстап, қой бағып күн көрмеймін. Мен оқимын, білім іздеймін, “Диірментөбенің” адамдары түгел білетін, алдымнан шығып сәлем беретін азамат боламын” деп ішім­дегі ойымды тысқа шығарып айта алмадым. Мен баламын, бастық пен жұмысшының айырмасын білемін. Білім іздеген, оқыған адамның елден өз­геше екенін көрдім. Станса басында Қаленов Әбдіразақ деген ағамыз болды. Үстіндегі теміржолдың формалы киімі хандар жамылған зерлі шапаннан бір де кейін емес, жеңін, жағасын жылтыр шүберекпен зерлеп, ол аз дегендей омырауына құс бейнелі белгі қыстырған. Ауыл қазағы милиция мен теміржолшының ара жігін танымағасын, Әбдіразақ ағамызды сонадай жерден айналып өтеді. “Диірментөбеге” кел­ген сайын бекет басындағылар ағамызға жалбаңдап амандасады, бала-шағасының, өзінің денсаулығын сұрап, бір малын сойып, төрінде сыйлап, қонақ етеді.

Мысалы, жасы ортадан ауғанша үйленбей, Күләнда апасының үйінде өмірін өткізген Орынбай сыйлы ма, әлде Әбдіразақ құрметті ме? Қарап жүре алмаймын ғой, апама:

– Осы Орынбай неге үйленбейді? – деймін басқа шаруаның бәрін тастай тындырып, тек Орекеңнің шаруасы қалғандай.

– Орынбайда нең бар?

– Неге әйел алмайды дегенім ғой.

– Орынбайдың әйел алатындай жинап-терген байлығы бар ма?

– Бай адам ғана үйлене ме?

«Ендеше көкем екеуің қалай үй­лен­діңдер?», деген сөз көкейіме келіп қалды. Жарлы ғой, сілкіп салар төсек­терінің өзі тозық, кілем түгілі, алаша да жоқ. Бар байлығы жақында сал­ған екі бөлмелі үй, сосын әкемнің еккен шиесі. Бүгін бе, ертең бе, қашан пышаққа түсері белгісіз жалғыз сиыр мүйізі қуарып қорада тұр. Бұлардан Орынбай­дың несі кем? Қысқасы, әңгіме осымен бітеді. Мен де ертең ебіл-дебіл үйленбей, теміржолда қара майға батып жүрсем қайтемін?

Жақында ғана Алматыда оқитын Наушан деген «Диірментөбенің» баласы ауылға келіп қайтты. Киімі тап-таза, күннің көзі тайып жығылатын шығар. Жүрісі, тұрысы, сөйлеген сөзіне дейін біздің ауылдың әуенінен бөлек. Наушан, көрерсің, ертең бәрінен бұрын үйленеді. Сонда ол «Диірментөбеге» келе ме, келмей ме? Әрине, қазірдің өзінде «Диірментөбені” желкемнің шұқыры көрсін» деп жүрген шығар.

Көкеміз екеуміз шөпті шауып, оны күдеге салып, бір көзе көжені бөліп ішіп, ауылға жаяу, не есектің артына мінгесіп қайтып келе жатқанда осы туралы ойлаймын. Шынында, мен оқу озатымын. Біздің тұқымда көп оқып қолы ұшпаққа жетіпті деген бір адамның атын естімеппін. Қарабазар Кете руының ішіндегі Айдаболдан тарағанбыз. Айдаболдан – Баубек – Марқасқа – Құлтан – Досманбет. Менің класс журналындағы фамилиям Досманбетов. Иманы жолдас болғыр аталарым оқуға мектеп таппаған шығар. Көкем үш ағайынды. Қойшыбай, Сәрсен, Қыпшақбай болып келеді. «Сауаттарыңды ашамыз, оқың­дар» деген заманда менің ата-көкем қозғала қоймаған. Енді ағайынды үш жігіттің бір баласы Кеңес мектебіне барып тілін сындырған шығар, бірақ оқыды дейтіндей ешқайсысы сауат алмаған. “Әй, бұлар сонда неге оқымаған, ә?!. Оқыса қайтер еді? Әбдіразақ көкеміз секілді теміржолдың оқалы костюмін киіп, анда-санда “Диірментөбеге” бір соғып тұрса, ауыл балалары:

— Мына кісі сенің көкең бе? Өзі бастық па? Үйі қайда тұрады? Аты-жөні кім?-деп жік-жаппар болып сұрар еді ғой.

Сонда «Ертең мектеп бітіргесін, мені Қойшыбай атамның балалары оқытады» деп шіреніп тұрмас па едім. «Оқымаған? Неге оқымаған, қалайша оқымаған?» Мен дауысымның қалай шығып кеткенін білмей қаламын. Көкем “не болды?» дегендей есегінің тізгінін тежеп, бұрылып соңына қарайды.

– Жүре бер, көке, қазір жетемін,-деп ыңғайсызданып қаламын. Енді өзім туралы ойлаймын. «Ертең адам боламын. Атамның, әкемнің жолын қусам, оқымай-ақ Орынбайға ұқсап, сақалым кеудеме түскенше жүремін де, сол Орынбай ағам секілді қартайған кезде біреуге үйленемін. Ал, үйленейін… Ал балаларым болады. Ал теміржолда стрелочник болайын. Менің де бір сиыр, үш-төрт қойым бар делік. Сол малға шөп керек. Тағы да әкем секілді жылда «Әбіл аралына» есекпен есіп жүрем ғой. Ойыннан көзі ашылмаған балам болады, ол да қалғып-мүлгіп есегімнің соңында еріп отырады. Шөп шабамыз, шалап ішеміз, шиеге су береміз, сонымен барлық өміріміз өтеді де кетеді. Сонда бұл өмірге “мен, менің әкем Сәрсен, Сәрсеннің әкесі Досманбет» деп айту үшін келдім бе? Тіптен баламның баласы да оқымайды, ал! Одан әріде әріпті таяқ деп білмейтін ұрпақ жетіледі. Сонда біздің әулеттің күнкөрісі темір жол мен «Әбіл аралының” арасында, көк есектің үстінде өтеді екен. Қой, мен оқимын. Оқығанда, қартайғанша оқимын. Оқу қолымнан келеді. Класта сабақты менен жақсы білетін бала жоқ. Қай күні мұғалім:

– Міне, балалар, алма суретін салуды Бакберден үйреніңдер,-деді. Ендеше, бестен басқа алатын бағам жоқ, мен неге оқымаймын?

Дауысым тағы да қатты шығып кетсе керек, әкем есегінің «тежегішін» бас­қандай, ‘»тықы» деп құлақ түбінен таяқ­пен бір шұқып, тоқтатып маған қарады.

– Не болды, Бакбер…

– Көке, келе жатырмын.

– Есекке мінгесіп алсайшы. Шар­шаған шығарсың.

– Мінбеймін, көке, жүре беріңіз. – Әсер­лі ойдың жетегінде келе жатып әкеме мінгессем, өмірбақи есектің үс­тінен түспей қалатындай шошынамын. Алты шақырым жер ауылдың іші, қа­бақ­тың асты емес, жаяу мен есек мін­ген адамның бір жарым сағат жүре­тін жолы. Маған өз ойыммен өзім болға­ным жақсы. Еркімше келешектегі оқу­дың жайын ойлай бермеймін бе? Жұрт­тың әкесі, ағасы, інілерін қолынан жетек­теп апарып, оқуға беріп, ақшасын алақа­нына салып тұрып: «Ал, айналайын, оқы, адам бол” деп ауылға қайтып келіп жа­тады екен. Ал бізді білім жолына бас­тайды деп жүрген көкем Қып­шақбай немістің қолында тұтқында кетіпті.

Жалғасы бар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған