Фото: pixabay

15 желтоқсан күні сағат 23:23-те Алматы облысында жер сілкінді. Қонаев қаласында көрсеткіш 3 баллды, Күрті мен Алатауда 2 баллды құрады. Қираулар мен зардап шеккен адамдар саны байқалмады. Осы орайда, жақында үкімет сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткенін еске алсақ.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Әбдішев Taspanews.kz редакциясына берген сұхбатында бұл жоспар қамтитын іс-шаралар санын және алдағы уақытта орын алатын өзгерістер туралы мәлімдеді.

Жоспар Төтенше жағдайлар министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген және ҚР Үкіметінің ағымдағы жылғы 2 шілдедегі № 526 қаулысымен бекітілді.

Батырбек Әбдішев кешенді жоспар сейсмикалық қауіпсіздік шараларын арттыруға бағытталғанын мәлімдеді.

Осы мақсатта 15 сейсмикалық аудандастыру картасы жасалады. Карта Қазақстанда жер қыртысының жылжу қаупі жоғары аймақтарындағы жер сілкінісі ошақтарының шамамен 70 пайызын болжауға мүмкіндік береді, сондай-ақ сейсмикалық қауіпті аймақтардағы ғимараттарды паспорттауға жол ашады және қазіргі заман талабына сай құрылыстық нормаларды әзірлеуге ықпал етеді.

Паспорттау ең осал ғимараттарды анықтау үшін қажет. Осылайша, жер сілкінісі жағдайында тұрақсыз болатын құрылыстарға сейсмикалық қауіпті азайту бойынша шаралар қолданылады.

Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған сейсмикалық станцияларға қосымша 285 жаңа станция қосу жоспарланған. Одан бөлек, жұмыс істеп тұрған 70-інде жөндеу және жаңғырту іске асады. Жоспарға ғимараттардың құрылысы мен пайдалануға берілу барысын бақылау, мониторинг үлгілерін жетілдіру, сейсмология саласындағы мамандарды заманауи технологиялармен қамтамасыз ету де кіреді.

“Кешенді жоспарда Қазақстан аумағында жел сілкінісі қаупін бағалау бойынша 52 іс-шара және жер сілкіністерінің залалдарын болжау, мониторинг желісін кеңейту, “Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы” ЖШС-нің материалдық-техникалық базасын жақсарту қарастырылған”,– деп түсіндірді ТЖ вице-министрі.

Ақпарат көзі: https://kaz.taspanews.kz/zhanaliktar/almaty-oblysynda-zher-silkinisi-zhiilep-ketti-seysmikalyk-kauipsizdik-sharalary-kalay-kusheytiledi-756195963039/

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған