21.10. «Реал Мадридтің» алаңға шығатын негізгі құрамы: Куртуа, Асенсио, Хёйсен, Алаба, Гарсия, Чуамени, Себальос, Гюлер, Мастантуоно, Винисиус, Мбаппе.

21.45. Футболшылар «Орталық стадион» алаңына шықты. 

21.47. «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч 0:0. «Қайрат» футболшысы Дас­тан Сатпаев ойынның оныншы секундында-ақ баспен «Реал Мадрид» қақпасына шабуыл жасап үлгерді. Куртуа өз орнында.

21.54. Ойынның алтыншы минутында Жоржиньо «Реал Мадрид» қақпасына шабуыл жасамақ болды, бірақ «Реал Мадрид» футболшысы жолын кесті.

21.08. «Қайрат» футболшысы Луиш Мата «Реал Мадрид» ойыншысы Мбппені құлатты. Ойынның он минутында «Реал Мадрид» өз алаңынан шықпады. Ойынның оныншы минутында алаң иелері батылдық танытты.

21.09. Ойынның 12-минутында Мбаппенің «Қайрат» қақпасына бағыттаған соққысына Мартынович бөгет болды. Ойынның 14-ші минутында Винисиус жалғыз өзі өкшесінің сырт жағымен допты штангіден алыс тепті.

22.04. Сол қапталдан Дастан Сатпаев «Реал Мадрид» қақпасына қауіпті шабуыл жасады.

22.06. Ойынның 18-минутында Арда Гюлер «Реал» бұрыштама добын қауіпті орындады.

22.08. Матчтың 20-минутында қақпашы Шерхан Қалмырза Мбаппенің қауіпті соққысын қайтарды.

22.11. Ойынның 24-минутында Мбаппе «Қайрат» қақпасына пенальти орындап, гол салды. Осылайша есеп ашылды.

«Қайрат» командасы:

Қалмырза, Тапалов, Мартынович, Сорокин, Луиш Мата, Мрынский, Касабулат, Арад, Громыко, Жоржиньо, Сатпаев.

«Реал Мадрид» командасы:

Мбаппе, Родриго, Беллингем, Гарсия, Диас, Камавинга, Себальос, Алаба, Асенсио, Вальверде, Куртуа бар.

22.15. «Реал Мадрид» шабуылын үдетті. 27-минутта Шерхан Қалмырза қарсыластың екі соққысын қайтарып үлгерді.

22.20. Ойынның 31-минутында «Реал» футболшысы Себальостың «Қайрат» қақпасына бағыттаған соққысын Қалмырза қайтарып қалды.

20.25. «Қайрат» алғашқы таймның соңғы минуттарында шабуыл жасады. Бұл жолы Громыконың соққысы қақпадан сырт кетті.

22.26. Ойынның 37-минутында қақпашы Қалмырза мадридтік Гарсияның соққысын қайтарды.

22.30. Шерхан Қалмырза «Реал» ойыншысы Винисиустің соққысын қайтарды.

22.33. Төреші 45 минут біткен соң қосымша бір минут қосып берді. Матчтың бірінші таймы 0:1 есебімен аяқталды.

22.47. Футболшылар алаңға оралды. Екінші тайм басталды. «Реал Мадрид» алғашқы минуттан шабуылға шықты.

22.54. «Қайрат» сапындағы Валерий Громыко қарсыласына өрескел әрекет жасап, сары қағаз алды. Енді оған ойын соңына дейін байқап ойнауға тура келеді. 

22.56. Мбаппе жалғыз өзі «Қайрат» қақпашысы Шерхан Қалмырзамен бетпе-бет келіп, қақпаға бағыттаған соққысы голға ұласты. Есеп – 0:2.

22.59. Сатпаев «Реал» қақпасына айып соққысын бағыттады. Алайда доп тордың сыртынан табылды. Жанкүйерлер доптың торға тигенін көріп гол деп ойлап қалды.

23.01. «Қайрат» ойыншысы Арад «Реал» қақпасына доп бағыттады. Бірақ қақпадан сырт кетті.

23.06. «Қайрат» футболшылары ойынның 60-минутында шабуылды үдетіп, қарсылас қақпасына бірнеше соққы жасап үлгерді.

23.07. Ойынның 64-минутында «Қайрат» бірден үш ойыншысын ауыстырды. Арадтың орнына Эдмилсон, Жоржинью орнына Байбек, Тапалов орнына Станоев шықты.

23.12. Дани Себальос қарсыласын шалып құлатты. Төреші пенальти беру керек еді, алайда бас төреші Марко Гуида VAR қарап, пенальти болмайтынын айтты

23.16. «Реал» сапындағы Родриго пен Браим Диас Винисиус пен Мастантуононың орнына алаңға шықты.

23.17. Ойынның 73-минутында Гюлерден пас алған Мбаппе «Қайрат» қақпасына үшінші голын салды. Есеп – 0:3.

23.24. «Реал» сапында ойыншылар ауысты. Камавинга, Беллингем және Гонсалолар Гюлер, Тчуамени және Мбаппені алмастырды. Ал «Кайрат» сапында Громыко мен Саптаевтың орнына Зария мен Рикардиньо шықты.

23.27. Алаңға енді ғана шыққан Эдуардо Камавинга «Қайраттың» бос қақпасына гол салды. Есеп – 0:4.

23.32. Ойын соңына жақындап қалды. «Реал Мадрид» футболшылары допқа иелік етіп, бір-бірімен алмасып, «Қайрат» футболшыларына бермей жатыр.

23.35. Негізгі уақыт аяқталды. Төреші үш минут қосты.

23.38. Ойынның соңғы минутында «Реал» футболшысы Браим Диас гол салды. Есеп – 0:5.

23.40. Тарихи матч аяқталды. «Реал Мадрид» футболшылары «Қайрат» қақпасына бес гол салып, ойын 0:5 есебімен бітті. 

Қазақстан клубының бақылау кеңесінің басшысы Қайрат Боранбаев:

БҰЛ ЖӘЙ ФУТБОЛ ЕМЕС, БҰЛ ЫНТЫМАҚТЫҢ, БІРЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

– Елімізде өтіп жатқан маңызды оқиғалар көп. Алайда футбол әлемінде мұндай жағдайлар өте сирек. Әрине, “Қайраттың” Чемпиондар Лигасында болуы Алматы үшін ғана емес, еліміз бойынша үлкен оқиға. “Реалды” әуежайда, қала көшелерінде мыңдаған адамдардың күтіп алып жатқанын көргенде, бұл қайталанбас, ұмытылмас тарихи сәт екенін сезіндім. Бұл – жәй футбол емес. Бұл – бүкіл ел бір матчпен, бір тілек, бір арманмен өмір сүретін бірлік, ынтымақ сезімі. Әрине бұл көңілге әсер етеді, көзден жас шығарады. “Реал” – футбол аңызы, оның көшбасшы екеніне ешкім дауласа алмайды. Мен үшін ойын соңындағы таблодағы нәтижелерден гөрі біздің команданың жүрек соғысы маңызды. Мен жігіттер клуб үшін, қала үшін, ел үшін батыл, адал ойнайды деп сенемін. Олар алаңдағы ойынға барлық жан-тәнін салады. Әрине осы матчтың өзі тарихқа жазылды.

Жанкүйерлер жанайқайы

Жас қақпашы – бүгінгі күн батыры

– Жарайсың, Шерхан! Қорғаушылар қолдай алмады. Алға “Қайрат”, алға Қазақстан!

Билет қанша тұрды?

«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттері 23 қыркүйекте сағат 17:00-де клубтың ресми сайты мен Ticketon плат­формасында сатылымға шықты. Ресми ақ­парат бойынша бір ЖСН бойынша бір адамға екі билеттен артық сатылған жоқ. Деректер сатып алу кезінде де, ста­дионға кіргенде де мұқият тексерілді.

УЕФА-мен келісілген және барлық ойынға бірыңғай болып белгіленген билеттің бағасы 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін болды. Баға саясаты турнир талаптарына және Чемпиондар лигасы матчтарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келді.

Абонемент иелері өз орындарын ерте­рек тиімді бағаға сатып ала алды. Ticketon қызметкерлері сатылым басталғанға дейін алдын ала хабарласып, орындарды сатып алу бойынша толық ақпарат берді. Осылайша, клуб ең адал жанкүйерлеріне ерекше қамқорлық көрсетті.

Билеттердің бір бөлігі дәстүрлі түрде бекітілген әлеуметтік және клуб квоталары аясында бөлінді. Олар «Қайрат» Академиясының және клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбие­ленушілеріне, паралимпиадалық спорт түрлерінің спортшыларына, сондай-ақ клубтың қызметкерлері мен ардагерлеріне берілді. Белгілі бір квота клуб демеушілеріне қолданыстағы серіктестік міндеттемелер аясында қарастырылған.

Клуб билетті тек ресми арналардан, яғни клубтың ресми сайты, Qairat SuperApp мобильді қосымшасы және Ticketon сервисі арқылы сатылды. Осы сервистерден алынған билетпен ғана стадионға кіруге мүмкін болды.

Стадион сыйымдылығы 23 мың адам. Алайда матчты көргісі келген жанкүйерлер саны одан ондаған есе асып кеткен.

Ресми сұраныстың өзі 140 мың бол­ған. Команда бас жаттықтырушысы Рафаэль Уразбахтин айтуынша футболшы­лардың өзіне 5 билеттен ғана берілген. Ойын басталғанға дейін электронды кезекте 200 мың адам тұрған.

Ақша таптық…

Қазақстанға келген туристердің негізгі легі Қытай, Үндістан, Ресей азаматтары.

Кешегі “Қайрат – Реал Мадрид” ойынына «e-Qonaq» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, Қазақстанның өзге өңірлерінен келген жанкүйерлермен бірге санағанда көрермен саны ондаған мың адамға жетті.

Туристердің негізгі легі Қытай, Үндістан, Ресей, сондай-ақ Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД және өзге де Еуропа мемлекеттерінен келген.

Сонымен қатар еліміздің басқа облыстарынан келген жергілікті туристер де бар. Mastercard компаниясының мәліметі бойынша, Алматыға келген әрбір шетелдік туристің орташа шығыны шамамен 1 500 АҚШ долларын құрайды екен. Демек матчта “Қайрат” жеңіске жетпесе де шағын және орта бизнестің дамуына серпін берді, қызмет көрсету саласы жанданды.

Түнде тегін автобус жүрді

Алматы қаласында Қайрат-Реал матчынан кейін жанкүйерлер үшін тегін автобустар қатынаған. Сондай-ақ, метроның жұмысы да ұзартылған. Мәселен 60 автобус 6 бағытта жан­күйерлерді тасымалдаған.

Олар:

Орталық стадион – «Алматы Арена» (тақтайша – А1, жүретін орны – Абай даңғылы батыс бағытта);

Орталық стадион – Райымбек/Алатау (тақтайша – А2, жүретін орны – Абай даңғылы батыс бағытта);

Орталық стадион – «Алматы-1 вокзалы» т/ж (тақтайша – А3, жүре­тін орны – солтүстік бағыттағы Бай­тұрсынов көшесі);

Орталық стадион – Орбита ш/а (тақтайша – А4, жүретін орны – оңтүстік бағыттағы Байтұрсынов көшесі);

Орталық стадион-Жұлдыз ш/а (тақтайша – А5, жүретін орны – Шығыс бағыттағы Абай даңғылы);

Орталық стадион – әуежай (тақ­тайша – А6, жүретін орны – шығыс бағытта Абай даңғылы).

Әжетхана көбейді

Алматының орталық стадионы халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, жарық беру жүйесі мен инфрақұрылымы жақсарған.

Төрешілер мен ойыншыларға барлық жағдай жасалған, киім ауыстыратын бөлмелер жабдықталып, спортшылардың жайлылығы үшін қажетті нәрселермен қамтамасыз етілген.

Стадионның ішкі безендірілуіне де ерекше көңіл бөлінген: трибуналар жаңартылып, Алматы қаласының айдентикасы мен стадион сәулетіне сай жаңа көркем суреттер жасалған. Көрермендерге ыңғайлы болу үшін 1,5 мыңнан астам орындық ауыстырылып, санитарлық тораптар жаңартылып, қосымша 60 биодәретхана орнатылған.

Полиция қырағы

Матч кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Алматы қаласы Полиция департаментінің 2 382 қызметкері жұмылдырылған.

Бақылау-өткізу бекеттеріне металл детекторлар мен қол сканерлері қойылып, стадион аумағында жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру бригадалары кезекшілік етіп, эвакуация жоспарлары мен дабыл беру жүйесі тексерілген.

Матч жарнамасы

Sport24 тілшісі әлеуметтік желілердің бірінде жарияланған осы жарнама иесімен тілдесіп үлгірген. Жарнама иесі Реал командасы тоқтаған қонақүйдің қызметшісі екен. Оның айтуынша “әлеуметтік желідегі бар әңгі­ме “Қайрат” пен “Реалдың” ойы­нына тіреліп тұрғандықтан, өз мүмкіндігіне қарай ол да қал­жың­дағысы келген. Ол әлеу­меттік желіде әркімнің әр нәрсе сатып жатқанын көріп, осылай қалжыңдағысы келген. Мәселен, бір шопыр ойыншы­лар­мен түскен суретін, енді бір жан­күйерлер ойыншыларды күтіп алға­нын жариялап жатқанда, ол да елді таңқалдырғысы келген. Жалпы спорт әлемінде автографтарды, яғни “Реал” ойыншыларының автографтарын немесе басқа бір заттарын сатып жатқандар жоқ емес. Содан да әзілдегісі келген. Негізі жұрт оның әзілін түсінгендіктен де көп хабарласпады дейді.

Пікір жазушылардың арасында қонақүйдің әкімгершілігіне шығып, Мбааппе іш киімін сатуға кім рұқсат берді деп сұрағандар да болыпты.

Матч материалдары әлеуметтік желі бойынша дайындалды.

ҚҰРМЕТТІ ФУТБОЛ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ!

Көптен күткен Қызылорда қаласындағы Жаңа стадионның ашылу рәсімінде еліміздегі ең ауқымды футбол матчы Ордабасы – Тобыл арасындағы Қазақстан Кубогының финалдық кездесуі өтеді.

Футбол жанкүйерлерін Сыр еліндегі бірегей нысанда асыға күтеміз!

Кеш қонақтары Sadraddin, Bellucci.

4 қазан 18:00. Билеттерді «Ticketon» сайтынан ала аласыздар!

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған