Жылдағы дәстүр бойынша күз басталғалы бері қалада жәрмеңке қызып тұр. Шаһар басшысы Нұржан Ахатов өткен аптада қаланың екі аймағында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап, аудан және ауылдардан қала тұрғындарына арзан әрі сапалы тауарды жеткізген тауар өндірушілерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, жәрмеңкедегі өнім сапасы мен бағасын бағамдап, жауапты сала басшыларына тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Қала шаруалары өз өнімдерін С.Толыбеков көшесінің бойына орналастырса, Шиелі ауданының шаруалары Тасбөгет кентіндегі орталық алаң аумағында шаһар тұрғындарына базар нарығынан 15-20 пайыз арзан бағада өнімін ұсынды.