2022-ші жылдың қаңтар айының алғашқы онкүндігінде елімізде көп жұрт қаңтар қырғыны, енді біреулер қаңтар қасіреті дейтін қаңтар оқиғасы орын алды.
Арада біршама уақыт өтті. Әлі күнге қаңтар оқиғасының анық-қанығы көп жұрт үшін беймәлім. Себебі де белгілі. Әркім өз пайымымен, болжамымен әрнәрсені айтқанымен нақты дерек, дәйек жеткіліксіздігінен шындық ашылмай тұрған іспетті.
Елімізге белгілі есім, қызметіне қатысты лауазымдарынан бөлек тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдар докторы Мұрат Бақтиярұлының дерек пен дәйекке негізделген “Қаңтар қақтығысы” кітабы жарық көрді.
Өткенде облыстық Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада кітап авторы кітапты оқырман қауымға таныстырды. Кітап таныстырылымына автормен бірге ұзақ жылдар бойы үзеңгілес болып келе жатқан зиялы қауым өкілдері, жастар, оқырман қауым жиналды. Жиналғандар кітап өзектілігін ашып айтты. Бір қызығы қаңтар оқиғасы туралы пікір білдіргендердің барлығы дерлік сол оқиғаға себеп болған әлеуметтік мәселелердің әлі күнге толық шешілмегендігін алға тартты…