Биыл егемендігіміздің ең басты құқықтық негізі – Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Ата Заңымыз – мемлекеттігіміздің берік тұғырына айналды. Бұл күн – тәуелсіз Қазақстанның демократиялық даму жолына бет бұрған тарихи сәті ретінде ел жадында сақталды.
Конституция – елдің барлық заңнамалық жүйесінің қайнар көзі, қоғамдық қатынастарды реттейтін басты құжат. Ол мемлекеттің құрылымын, билік тармақтарының өкілеттіктерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын белгілейді.
1995 жылы қабылданған Конституция тәуелсіз Қазақстанның жаңа кезеңдегі даму жолын айқындап берді. Бұл құжатта Қазақстан өзін зайырлы, құқықтық, әлеуметтік және демократиялық мемлекет ретінде жариялады. Адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары – ең қымбат қазына ретінде танылды.
Осы 30 жыл ішінде Ата Заңымызға бірнеше мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер – қоғам мен заман талабына сай елдің даму бағытын, саяси жүйенің эволюциясын көрсететін маңызды қадамдар болды.
Әсіресе, 2017 және 2022 жылдардағы конституциялық реформалар елдің басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізді. Президенттік басқару формасынан Парламенттің рөлін күшейтуге бағытталған өзгерістер халықтың саяси процеске белсенді қатысуына жол ашты. Сонымен қатар, Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Конституциялық Сот, жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі деген тұжырымдардың енгізілуі – жаңа Қазақстанның әділетті қоғамға бет бұрғанын білдіреді.
Ата Заң – тек заңдар жинағы емес, ол – бүкіл халықтың еркін білдіретін, елді бірлікке ұйыстыратын ортақ құндылық. Конституцияда елдің барлық азаматтарына тең құқықтар мен мүмкіндіктер қарастырылған. Тілдік, этностық, діни ерекшеліктерге қарамастан, барлық азаматтар заң алдында тең.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, этносаралық келісім мен бейбітшілік саясаты – осы конституциялық қағидаттардың нақты іске асуының көрінісі. Конституцияда қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде бекітілсе, өзге ұлт өкілдерінің тілі мен мәдениетіне де құрметпен қарау қағидаты сақталған.
Қазіргі таңда Қазақстан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген жаңа басқару үлгісіне көшуде. Бұл – Ата Заңымызға енгізілген өзгерістердің жемісі. Конституцияның тұрақтылығы мен өміршеңдігі еліміздің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы беделінің артуына сеп болды.
Бүгінгі таңда Конституцияға арқа сүйеген ел жаңа экономикалық модельге, цифрландыруға, жасыл экономикаға және әлеуметтік әділетке бет бұрды. Халықтың еркіндігі мен құқығы нақты қорғалған қоғамда өркендеу мен прогресс болуы заңдылық.
Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуы – бұл тек құқықтық актінің мерейтойы емес, бұл – елдің тәуелсіздік жолындағы жарқын жетістіктерінің, халық бірлігі мен ынтымағының, демократиялық даму бағытының айғағы.
Ата Заң – әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі қасиетті құндылық. Оны құрметтеу – елді құрметтеу, болашаққа сеніммен қарау. Ендеше, келер ұрпаққа әділетті қоғам мен заң үстемдігі салтанат құрған елді аманат ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Жылкелді Әлібек Қанатұлы
Қызылорда қаласы №2 сотының бас маманы, сот-отырысының хатшысы