— Сапар, сен маған сұрақ қойшы, — деді жай ғана.

— Есітіп отырсың ба, сұрақ қойшы деймін.

— Сұрақ? Менің сізге қояр сұрағым жоқ.

— Ешқандай да сұрағың жоқ па?

— Ешқандай да.

— Онда мен секілді аспанға қарашы.

— Ол жақта сұрақ көп пе екен?

— Айтшы, сонау көз ұшында жымыңдаған жұлдыздар мәңгілік пе?

— Мәңгілік делік. Оның бұл араға қандай қатысы болуы мүмкін?

— Иә… Ол жұлдыздар мәңгілік! Олар мәңгі жасайды.Бұдан сан миллиард жылдар бұрын тап осылай жымыңдап тұрған, әлі тұр. Бұдан кейін де тұра бермек. Олар сан жетпес ұлы оқиғалардың куәсі. Ой! Олар қандай бақытты еді шіркін! Ал, біз ше? Елу жыл, мейлі, жүз жыл бола-ақ қойсын, тіпті кісі күлерлік үлес емес пе?

Ол иығын бүлк еткізіп, миығынан күліп қойды.

— Елу жыл! Кейбіреулер аспан астындағы тіршіліктің қыры мен сырына қанықпай жатып-ақ қыршын кетеді. Елу жыл! Бұл не? Міне, мына жапырақтар төбемізден төгіліп тұр. Елу жылда осындай жапырақтарды елу-ақ рет көресің, елу-ақ рет қар басасың. Сол да үлес пе? Адамға келгенде жомарт табиғат қандай сараңдық жасаған еді! Ал жұлдызда-ар!..

Ол тағы күрсінді.

— Олар бақытты!..

— Сіз қайдағыны айтып қайғырмаңыз, Сафура апай. Сонау көктегі жұлдыздарда неміз бар, жердегі тіршілікті әңгіме етейік те.

Ол бұл жолы менің «Сафура апай» деген сөзіме көңіл бөлген жоқ.

— Сен сонша неге асығып отырсың? Мен саған бұл түнде тек жұлдыздар жайлы ғана айтқалы оңаша шығып отырған жоқпын, жердегі өмір жайлы — өз өмірім жайлы сырымды ақтармақпын. «Бұл қалай болады» деп сенен ақыл-кеңес те сұра­маймын. Иә-иә, тіпті, сөйлеспей-ақ қоюы­ма болар еді. Жер бетіндегі әрбір адам өз қалауынша тіршілік етуі керек қой. Айтшы, мен туралы дәл қазір не ойлап отырсың?

— Ештеңе де.

— Ештеңе де? Өтірік, жалған!

Ол ахахалап күліп алды.

— Менен ойындағысын жасырмақ болады! Ол үшін сен жассың, қабілетсізсің. «Ештеңе де!» Қалайша ештеңе де ойламайсың? Бір кезде ұстамдылығын сезімге тұтқындап беріп, айлы түнде сен жатқан шайлаға енген, онысымен тұрмай «Сафура» деп атауыңды өтінген әйелді, енді келіп өз үйіне жат адамды, жаңа жарын ертіп әкелген бейәдеп мына мен жайлы түк те ойламай отырмын деуің… тіптен балалық! Білемін, мен бәрін де білемін. Мені опасыз деп ойлап отырсың, жек көресің. Өйткені, мен сенен әлдеқайда үлкенмін, сондықтан мен саған қарағанда әлдеқайда ересек, ұстамды, кексе адамды ұнатамын. Сен маған іштей қызығасың, іштей мені қызғанасың. Еркек атаулының бәрі де сұлуға қызығады. Әдемілік — барлық адамның басындағы қасиеті емес. Ал сұлулыққа қызығу  нәпсіқұмарлықтың кепілі бола бермейді. Жер бетінен әдемілік жойылса адам баласындағы тіршіліктің мәні мен мағынасы да қалмас еді. «Маған қызығасың» дегенге намыстанып та отырған шығарсың. Бекер шамданасың. Егер маған шын қызықпайтын болсаң, онда сен маубассың.

— Сафура апай, мен сіздің мұныңызға төзе алмаймын!

— О-о, сен қызуқанды екенсің. Бірақ, бұл жолы қызулыққа салынуың орынсыз. Жарайды, қалсын бәрі де. Айтшы, осы менің өзге біреуді сүюге қақым бар ма?

— Сіз мұны өзіңізден сұраңыз, Сафура апай. «Қырыққа жақындаған әйелдің өз күйеуін аттап өтіп, өзге біреуге қол созуы мүмкін бе, мүмкін емес пе?» деген сауалға ешқашан жауап әзірлеген емеспін. Оның үстіне менің берген жауабым сіз үшін маңызды бола қоймас, болуы да мүмкін емес. Қайдағы бір пәтерші жігіт осылай деп еді деп, сіз де алған бетіңізден қайта қоймассыз.

— О, міне-міне, бұл ақылды жауап! Демек, менің еркім бар!.. Сен мені тыңда. Сапар, шын ықыласыңмен тыңдашы. Мен — әйелмін. Және жаман да емес сияқтымын. Мен өзге біреуді сүйе аламын, өз күйеуіме адал болуға да шамам жетеді. Осы кезге дейін адал болдым да. Мен оны, Құлахметті айтамын, барынша аяп келдім. Бүкіл өн бойымдағы қабілет пен жүректегі сезімімді сарқылып қалған күннің өзінде де қос қолыммен аямай сығып, қақтай пайдаландым. Енді ол да таусылды. Кейде өзіме-өзім сұрақ қоямын. Не білдім, қандай қызық көрдім мына жалғаннан? Жас шағымда оқи алмадым — білімім шамалы, жар сүюден жолым болмады, малына киініп, жарқырап та бір жүрген емеспін. Жас кезімде бақытты екенмін. Иә, сол кездегі қайғының өзі бақыт қой. Тез ұмытасың. Өйткені, бар үмітің ертеңгі күнде. Ал, менің жасымда бәрі уайым, бәрі қайғы. Тіпті, есіктен күнде сығалай берген бақыттың өзі қайғыға айналып кетеді. Алдында не бар? Ол да алақандағыдай ап-анық. Сүреңсіз, күйкі тіршілік. Ертеңгі ататын таңың бүгінгі батқан күннен бір де бір айырмашылығы жоқ. Мен оны аяймын, иә, өте аяймын. Бірақ, жалғыз ғана аяушылық жарасымды өмір сүру үшін аз ғой, мүлдем аз ғой! Жарайды, мен онымен мәңгілік бірге қала қояйын, одан не түсті? Бәрібір сол тұрмыс, сол қаракет емес пе? Менің онымен мәңгі тұруым екеумізге бақыт әкеле ала ма? Ол да, мен де күлкісіз, жылусыз ғұмыр кешеміз. Екеуміз де бірдей бақытсыз болғанша, біріміз неге бақытты болмаймыз?

— Сіз Құлахмет ағаймен ажырасып, ба­қытты бола алатыныңызға кәміл сенесіз бе?

— Мен өмірден көпті талап етпеймін, өз үлесімді ғана талап етемін. Басқаның маған қажеті жоқ.

— Сонда сіздің даулап отырған өмірдегі үлесіңіз Құлахмет ағаймен ажырасу ма? Және онымен арқан кесіскеннен кейінгі ұстайтын жібіңіздің «өз үлесіңізге» жеткенше үзіліп кетпей жетектей беретініне көзіңіз жете ме?

— Жетеді.

— Дұрыс-ақ, солай болсын делік. Сіз бас қамыңызды ойлап, жасыңыз қырыққа жетпей тұрған сәтте, аман-есен арғы беттегі өзіңіз туылғаннан бері сарғайып күтіп жат­қан «үлесіңізге» жеттіңіз. Сонда бергі бетте қалған Құлахмет ағайдың кісі аярлық халіне ірістей де қабырғаңыз қайыспай ма? Адам баласы елу-алпыс қана жасайды екен деп әлгінде өзіңіз айттыңыз. Қазір отыз жетідесіз. Енді жиырма шақты жыл ғана уақыт қалыпты. Сол қалған санаулы жылда «арғы бетке» өту үшін жанталаспай-ақ, мына өмірдегі бір адамды қара жерге тірі­дей көмбеудің амалын қарастырсаңыз қай­теді? Бұл сіз үшін ақыретте де жаман бол­мас еді. Қате айтсам кешіріңіз, меніңше, сіздің Смағұлыңыз да өмірден «өз үлесін» талап етіп жүрген жанның бірі ғой шамасы. Ол «арғы бетке» жеткенше ентігіп қалмай ма?

— Сен өйтіп келеке етпей сөйле! Мұндай келекең үшін мен сені пәтерден бүгін-ақ шығарып жіберемін.

— Оһо, сіз мені қатты қорқыттыңыз ғой. Онда, бұл сіздің әлсіздігіңіз, жеңіл­тектігіңіз болар еді және мен сіздерге соншалықты таңылып қалған жан емеспін ғой, басқа жерден де пәтер тауып алуыма болады. Оның үстіне, сіздің мені пәтерден шығарып жіберуіңізге қақыңыз жоқ. Сіз Құлахмет ағайдың үйінде билік айтудан қалғансыз.

— Жетті доғар! Басынған екенсіңдер әбден. Әлі де болса үй менікі, керек десеңдер, сабақты жіп қалдырмай бәрін алып кетемін!

– О-о, мұныңызға сенуге болады.

* * *

Біз үйден тату шығып, бату қайттық. Сафура қақпаға жеткенше жұмған аузын ашпады. Есік алдында бізді Смағұл мен Құлахмет ағай күтіп алды.

— Түу, көгершінім-ау, тым көп кешіктің ғой. Таң болса атайын деп келе жатыр. Суық тиіп қалады ғой саған. Не болған өзіңе, дірілдеп кетіпсің ғой, жайшылық па, жаным-ау?!

— Босат қолымды!

Ол Құлахмет ағайды итеріп тастап, Смағұлға ұмтылды. Құлахмет ағай тәлтіректеп барып, бір қолымен қабырғаға сүйеніп әзер құламай қалды.

— Смағұл, бол, жинал тез! Жүреміз!

— Жүреміз?.. Сафура, жаным-ау, ол не дегенің?

— Қайда жүрмексің? Сапар, Смеке… түу, Смағұл Толыбаевич, айтыңыздаршы, ол қайда жүрмекші?

Құлахмет ағай Смағұлдың қарсы алдына кеп, одан көз алмай тұрып қалды. Смағұл жауап беруге тайсалып, теріс айналып кетті.

— Сафураш-ау, сен сырқаттанып тұр­сың ба? Жүрейік дегенің қалай, қайда жүр­мексің? Отырсаңшы, демалсаңшы сәл ғана. Мен сендерге арнап балдай тәтті қызыл алмалардан жұлып қойып едім ғой. Ол ескіріп кеткен болса тағы да жұлып әкелейін. Оның маған ешқандай да қиындығы жоқ. Мен ағаш басына өрмелеп шығамын да… жоқ-жоқ, менде алма жұлуға арналған саты бар екен ғой, міне қазір!..

Ол сарайға сүйеулі тұрған сатыны бір қолымен қолтығына қысты да, мықтап ұстау үшін жоғары сілкіп-сілкіп қалды. Сол кезде мен оның қасына келіп, қолындағы сатысын ұстадым.

— Құлахмет ағай, түн ішінде әуре боп қайтесіз?

— Жо-жо. Айттым бітті. Мен алған бетімнен қайтпаймын. Жібер, жібер, мені Сапар!..

— Құлахмет, жетер енді. Алманың бізге қажеті жоқ!..

— Сенің… сенің денің сау емес шығар, Сафура! Үйге келген қонақты сыйласаң етті…

— Ол қонақ емес.

— Мәссаған, сөзіңе болайын сенің. Сонау жер түбінен келіп отыр, ол қонақ емей мен қонақ боламын ба? Айтыңызшы, Смағұл Толыбаевич, солай емес пе?

Смағұл болар-болмас қана басын изеді де, жанарын одан тез тайдырып әкете қойды. Оның жүзі бірде сұрланып, бірде қызарып, саусақтарының дірілдеп тұрғанын байқап қалдым.

— Айттым ғой мен саған ол қонақ емес деп! О, сорлы ол… ол – менің күйеуім!.. Естідің бе, жетті ме енді, ол – менін күйеуім!..

Сафура қолымен бетін басып, теріс айналды. Құлахмет ағай тас мүсінше қатты да қалды. Екі көзі шарасынан шығып, жоғары қараған қалпы қалшиып тұр. Өлі тыныштық. Мұнан әрі қымс етіп үн шығаруға ешкімнің батылы жетер емес. Сәлден соң Құлахмет ағайдың қолтығындағы саты дүрс етіп жерге түсті… «Мейірімсіздік қой, жүрексіздік қой бұл, Сафура, — деймін іштей. Тым болмаса Құлахмет ағаймен айырылысудың мұнан өзге жолын таңдасаң етті. Мейірімсіз, тас жүрек!» Даусымның шығып кеткенін байқамай да қалыппын.

— А-а, сен бірдеңе дедің бе Сапар? Тас жүрек? О не деген сөз? Алжыған миды қойсайшы бұл! Сен, Сафура-ау, әлгінде не дедің? Иә, күйеуім деген екенсің ғой. Жөн-жөн… Смагұл Толыбаевич, кешірерсіз, қайдан білейін мен… Сізді жай қонақ екен деп… Айтпақшы, қазір жүресіздер ғой. Әрине, кететін болған соң, ертерек кеткен дұрыс… Апырмай, тым құрыса бір күн қонып кетпей. Асығыссыздар ғой. Әлбетте, бұ күндегі адамның бір минут артық уақыты бар дейсің бе? Ал, жиналыңдар. Сафура-ау, сен неге тұрсың селтиіп, Сапар, Смағұл Толыбаевич! Сіздерге не болған түге, әртіс көргендей маған қадалып қалғандарың қалай? Жиналыңдар ертерек. Апырмау десеңші, тілің мен жағыңа сүйеніп, өзің нағып тұрсың демейді-ау маған ешкім.

Ол тез-тез басып үйге кірді. Сәлден соң біз де кірдік. Құлахмет ағай кереует астынан чемоданын алып, қағып-қағып жіберді де:

— Міне, мынаған бар ғой, дүниенің мүлкі сыяды, қалғандары ана екеуінен артылмас, — деді.

Мен Сафураның қасына келіп:

— Алған бетіңізден әлі де қайтпайсыз ба? — деп сыбырладым.

— Жоқ, – деді ол жұлып алғандай.

— Жоқ, жоқ, жоқ!

Сафура ілулі тұрған киімдерін алып, чемоданға қарай ызалана, долдана лақтыра берді. Ол ақ-қарасын ажыратып жатқан жоқ, қолына түскен заттың бәрін салып жатыр. Бас-аяғы ширек сағаттың ішінде олар жиналып бітті. Құлахмет ағай құрақ ұшып жүріп қара чемоданды толтырды да, қалып қойғандары болса басқа чемоданға тез-тез асығыс салып жатты.

—Түу, маған не көрінген бұл? Сапар, Нәзікетіме деп алған қып-қызыл ленталар мен көйлектерді қайда қойып едім осы? Құдай-ау, Сафураға да алған туфли бар екен ғой, есіңде ме, өкшесі біздей. Сәл болмағанда ұмытып кете жаздаппын-ау. Ә-ә, енді есіме түсті.

Құлахмет ағай өз бөлмесінен ақ матаға оралған заттарды алып шығып, чемоданға сала бастады.

— Сендерді әні келеді, міні келеді деп көп күттім ғой, қуантуға асығып едім ғой мен! Мейлі дә… қайтемін… Менің Нәзікетім биыл оқуға барады. Құлыным менің! Мына көйлектер мен ленталарды көргенде қандай қуанар екен ол!.. Ал, енді жүріңдер…

Осы бір сәт менің көз алдымнан әлі кетер емес. Арада қанша жыл өтсе де дәл жаңа ғана болып өткен оқиғадай жадымда берік сақталып қапты. Құлахмет ағай теңселіп тұрды. Ол ешқайсымызға қараған жоқ. Өкпе-бауырын әлдекім білдірместен суырып алып жатқандай көзін жұмып үнсіз қалыпты. Тыныс алғаны да сезілмейді. Оның жүзінде әбіржу де, қайғыру да, опыну да жоқ, сүйікті Сафурасына, қатыгез Сафурасына деген реніші мен күйініші де жоқ, бәріне көнген, бәріне разы. Лапылдаған қайғысы мен күйініші, бұрқанған намысы мен ызасы, ешқашан орны толмай өтетін азабы мен өксігі, бәрі-бәрі де мейірім мен ізгілік үшін ғана жаралған кеудесінде қамалып, тұншығып жатыр. Ол Смағұлды да, Сафураны да, ешкімді де кінәламайды, ешкімді де қаралап, қарғамайды. «Бұларың адамдық емес, хайуандық!» — деп даурықпайды да. Бәрін үнсіз көтереді, әл-қуатының жеткенінше шыдап бағады. Ет жүрегі суға түскен кесектей езіліп, жаншылып, ішкі дүниесіне қара қан боп тамшылап таусылғанша төзіп бағады.

— Қане, жүрелік, – деді Сафура өлі тыныштықты бұзып. — Смағұл, сен нағып қалшиып қалғансың, болсаңшы!

— Ә-ә, шынында да… мен өзі… япыр-ай, не боп барады бұл? Қане, Құлеке, қоштассақ па екен?

Ол Құлахмет ағайға жақындап қолын ұсынды. Бірақ, Құлахмет ештеңе сезбегендей үнсіз тұра берді.

— Қ-қош болыңыз, Құ-леке, – деді Смағұл. Үні дірілдеп әзер естілді.

— Қо-қош болыңыз!..

Олар үш чемоданды көтеріп, өлік шығар­ғандай үнсіз жүріп кетті. Үйде Құлах­мет ағай екеуміз-ақ қалдық. Ол әлі қимылсыз. Осылайша екеуміз ұзақ тұрдық. Бір кезде сырттан дүрсілдеген адам аяғы­ның дыбысы естілді де әлдекім есікті жұлқа тартып, қатты ашып қалды. Мен селт етіп, келген адамға жалт қарадым. Бұл келген Смағұл еді. Ол ентігіп, жүгіріп барды да, өлген адамдай әлі қалшиып тұрған Құлахмет ағайдың тізесін құшақтап құлай кетті.

— Кешіріңіз, кешіріңіз мені! Бұлай болады деп мүлдем күтпеп ем. Керегі жоқ, керегі жоқ маған мұндай бақыттың. Естіп тұрсыз ба, керегі жоқ! Кеше көріңіз мені!

Құлахмет ағай оны иығынан ақырын кө­теріп тұрғызды да, қолын жай ғана сілтеді.

— Барыңыз.

— Жо-жоқ, мен сізді мұндай халде қалдыра алмаймын, оған арым жетпейді.

— Барыңыз, – деді Құлахмет ағай оның сөзін бөліп. — Сафураны қорламаңыз. Барыңыз.

Ақырын айтылса да бұл сөздер өктем естілді. Смағұл оның алдында қалтырап ұзақ тұрды да, есік жаққа қарай шегіне берді. Ол шығып кеткен соң Құлахмет ағай:

— Сен де бар. Шығарып сал, – деді күбірлеп.

Бұл сәтте оның дегенін екі ету мүмкін емес еді. Мен далаға сытылып шықтым да, олардың соңынан жүгіре жөнелдім. Көшеде жүргіншілер аз екен. Таң атып, маңай түп-түгел күміс нұрға малынып қапты. Алатаудың арғы бетінен қайнап шығып жатқан таң сәулесі бірте-бірте күшейіп, зәулім теректердің ұшар басына қонақтап жатыр. Көше-көшені қуалап, емін-еркін сайран салып жүрген жібек самал салқын алақанымен бетті аймалайды. Мен оларды екі көше өткен соң қуып жеттім. Сафура үлкен қайыңның түбінде қолымен бетін басып, жылап отыр екен. Екі иығы солқ-солқ етіп, ауық-ауық көз жасын бет орамалымен сүртіп қояды. Смағұл екі қолын артына ұстап, үнсіз тұр.

— Шығарып салуға келдің бе? – деді Сафура өздеріне жақындағанымда маған бетін бұрып.

— Иә.

— Керегі жоқ, әуре болмай-ақ қой. Біз қастерлеп, шығарып салуға тұратын жандар емеспіз.

— Адам жауына да құрмет көрсетеді, ал сіздер жау емессіздер, бақытын іздеген жансыздар ғой.

— Сен тым болмаса осы жолы келеке етуіңді қойсаң етті… Сорлы Құлахмет…

Сафура егіліп жылап жіберді. Бұл жолы оның даусы қаттырақ шықты.

— Сен… сен мені мазақ етпе. Мен… онсыз да тағдырдың тәлкегіне ұшыраған әйелмін. Ой, құдай-ай, маған арнаған сыбағаң –көз жасы мен азап қана ма еді?!..

– Сафура апай, жыламаңызшы, көше­дегі кісілерден ұят болар, одан да жүре сөйлесейік.

— Сөйлесетін ештеңе де қалған жоқ, – деді ол еңсесін көтеріп. Сонан соң Смағұл­ға бұрылды.

— Сен әлі кетпегенсің бе? Жүре бер. Бірақ, мені кінәлама. Қайтейін, қайта айналып келмейтін бес күн жалғанның қалған санаулы сәттерінде тәттінің де дәмін татайын, көрейін қызығын деп талпынып едім, бәрі бекер екен. Ой, ақымақ басым-ай, десеңші!.. жолыңнан қалма. Мен басқа поезбен кетейін.

Смағұл тапжылмады. Ол да қатты толқып, басында шырмауықтай шарпысқан екі ойдың қай жағына шығарын білмей дал болып тұр.

— Сен, Сафура, Сафура, – деді бір кезде ол ауыр бір күрсініп. — Сен оның осындай жан екенін бұрын айтсаң ғой!.. Егер оның орнында басқа біреу болып, өз бақыты, өз намысы үшін таласса, менің бетіме түкіріп, сенің шашыңнан сүйресе, бәрібір саған үйленген болар едім. Ондай адамдар қайғысын тез ұмытуға тырысып, арын аяққа таптап кеткен жандардан өзін биік, асқақ ұстап, қапыда айырылған сыбағасына қуанғандай, өмірден молырақ қарымта қайтаруға әрекет жасар еді. Ал, Құлахметті… Ол мүлде басқа жан. Оның жүрегіндей жүрек өмірде санаулы-ақ. Ондай­ларды қастерлеу керек, алақанға сап аялау керек!

— Сенің де ақылың түстен кейін кірген екен. Біреудің әйелін тартып алатын болған соң, күйеуінің қандай халде қалатынын білмеп пе ең? Сен ақпын, адамдық арымды таза сақтап қалдым деп кетіп барасың ғой. «Қастерлеу керек, алақанға сап аялау керек, неге де болса сен үшін тәуекел етемін» деп жалбарынғаның қайда, бірге өткізген түндерді қалай ұмытасың? Сөйте тұрып, «аялау керек» деп шырынын сорған жемістей мені оған қайта лақтырып тастағалы отырсың. Мұның бәріне де өзің кінәлісің, Сафура. Сен маған әуелгі кезде күйеуім жоқ дегенсің. Әйтпесе, нем бар сен сайқалмен байланысып демексің ғой.

— О не дегенің, Сафура. Өзің жайлы бұлай деуге қалай аузың барады?

— Жоғал! Көрінбе көзіме, көлгірсудің маған қажеті жоқ, – деді Сафура ақырын, тістене сөйлеп.

Смағұл не істерін білмей абдырап қалды. Сафура орнынан тұрып оның қасына барып, көзіне тіктеп қарады.

— Әйеліңді таста деп азғырған да мен бе? Екі балаңды тірі жетім етіп қаң­ғыртып жібер деген де мен бе? Қыр соңым­нан қалмай, жатсам жастығым, тұр­сам төсенішім бол деген де мен бе? Енді саған қажетім жоқ, өйткені үш ай бойы менен керегіңді алып тындың, енді бәлеге басыңды байлай бергің келмей, «аялау керек, қастерлеу керек» деп шыға келдің. Жүрегің езіліп тұрған мейірімді бол­саң еңіреп қалған әйеліңе, екі балаңа неге жаның ашымады? Жоғалт, батыр енді қараңды!

Смағұл «қош» дегендей еріндерін болар-болмас күбірлетті де жүріп кетті. Оның тұлғасы көзден таса болған кезде Сафура чемоданға отыра кетіп, ызалана жылап жіберді… Мен оның иығынан ұстадым.

— Сафура апай, жыламаңыз, басыңыз­ды көтеріңізші.

Ол жасқа толы жанарын маған бір тастады да, көз жасын көрсеткісі келмегендей қайта төмен қарады.

— Ол да менен ақылды боп шықты, – деді күбірлеп. — Бұл күнде жұрттың бәрі ақылды, бәрі данышпан, ақымақ боп жүрген тек мен ғана. «О, сорлы, аласұрып нең бар еді қартайғанда жар іздеу не теңің» деп сен де күліп тұрсың ғой. Мейлі, күле беріңдер. Мен сияқты ақымақтар болмаса толып жүрген ақылдылар ішқұса боп жарылып өлер еді. Бірақ, мен солардың бәрінен де адал, ақ бола алар едім. Қайтемін, осылай боп шықты…

— Қойыңыз, үйге баралық.

— Жоқ. Мен төркініме кетемін. Нәзікетім сағынып қалған шығар. Сен мені кешіргейсің. Бір білместік өтті, сайтан азғырған шығар. Қазір соның бәрі есіме түссе ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын.

Сафура орнынан тұрып, чемоданын қолына алды.

— Бір жағдай болса хат жазармын. Шығарып салмай-ақ қой, Құлахметке бар, ол жалғыз қалып еді ғой… Қош, қош бол..

Ол менің қолымды алып қоштасты.

— Тез хат жазыңыз, Сафура апай. Біз сізді сағынамыз ғой. Қош боп тұрыңыз!

Сафура кілт бұрылып, ширақ адыммен ілгері қозғалды. Мен терең бір дем алып, үйге қарай беттедім. Құлахмет ағай төсекте жа­тыр екен. Мен кіріп келгенде «Кетті ме?» деді.

— Иә.

— Бірге кетті ме?

— Жоқ.

Бір кезде ол орнынан атып тұрып, қабырғадағы шегені сипалай берді.

— Сапар-ау, менің… Нәзікетімнің суретін де алып кетіпті ғой. Балапаным, жарығым менің! Енді сенің суретің де бұйырмады-ау маған! Менің Сафурам ондай ессіз емес еді ғой. Көр де тұр, ол барған соң суретті қайта салып жібереді, осы айтқаным дәл келмесе қарап тұршы!..

Ол кереуетке қайта жатты. Сафура, Нәзікет жайлы тынымсыз сөйлеуде, сөз арасында бір-екі жөтеліп қалды да, менен темекі сұрады. Оған сигарет ұстатып, сірің­ке жағып еңкейгенімде көз жасының көл болып, жастықты жуып жатқанын көрдім…

(Жалғасы бар)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған