Әрекет түбі – берекет

1996 жылы желтоқсанның 28 жұлдызында университет ұжымымен хош айтысып, студент жас­тардың жаңа жылдық шыршасына қатысып, жана қызметіме аттандым. Ресми қызметім –арнайы экономикалық аймақ төрағасы, әрі қала әкімі. Бұл мәртебенің жеңілдігі көп. Қызылорда көлеміндегі салық қала бюджетіне түседі де, белгілі мөлшерін ғана облысқа береміз. Қалғанын өз мүддемізге сай жұмсаймыз. Алғашқы аптадағы уақытым қала­дағы жылу орталығына қарасты үйлерді аралау­мен өтті. Жылу мардымсыз, жоғарғы қабатқа су жетпейді. Біздің жағдайымызда атаулы мәселе қалай шешілуі тиіс? Бізге дейін арнайы экономи­калық аймақ мәртебесін алған Лисаковск мен Астана қалаларына мамандарды іссапарға жібе­ре бастадым. Тіршілігіміздің басы үйлердің құжы­ра­сындағы көнерген құбырларды жаңасына ауысты­рудан басталды. Жылу – денсаулық, кәріп пен кәсер­дің, үлкен-кішінің жанын сақтап қалатын қуатты күш.

Студент кезімізде демалысқа келген сайын үйдің көмірі,тамызығы деп тыным көрмеуші едік, бәрі сол жылу үшін. Сондықтан да кінәраты көп саланы дұрыстап жөндеуден өткізейін деген шешім жасадым. Арғы жағы қолдан келетін шаруа. Жұмыс көп. Тікұшақпен ұшып, қаланы төбесінен аралап шығамын да, қай көшенің бұрышында күл, қай жерде қоқыс жатыр – бәрін карта бетіне түсіремін. Соған сәйкес, жігіттерге нақты тапсырма беріледі. Коммуналдық қызмет жөніндегі орынбасарым Жеткерген Оразбаев тәжірибесі мол, қала төңіре­гінің ұңғыл-шұңғылына дейін білетін маман. Мәсе­ленің кілті экономикада тұрғасын, осы сала бойынша бірінші орынбасарлыққа Ирина Леони­довна  Кимді тағайындадым. Бұған дейін әкімнің орынбасары болып келген Дариға Ақмағамбетова:

– Бәке, бір әкімшілікте екі әйел орынбасар бола алмайды. Маған қызмет ауыстыру керек шығар. Өзіңіз ойластырып көрерсіз, – деп өтініш айтты. Дәкең орнын тауып кетті, университеттегі өзім жаңадан ашқан “Қабілет” мектеп-лицейіне директорлыққа ұсындым.

— Рахмет, бұл дұрыс болды, – деп Дәкең кірбіңсіз, жаңа қызметке кірісіп кетті.

Идеология жөнінде өзіме жарамды серік бола­тын жігіт Бауыржан Омаров деген пікірде едім. Себебі, қаладан газет, теледидар ашып, оны өз мүддемізге сай дұрыс пайдалана білуіміз керек-ті. Бауыржан ұзақ жыл “Жас алаш” газетінде қызмет жасаған қаламы қарымды журналист. Онын үстіне университеттегі тәжірибесі бар, ақпарат құрал­дарына ақыл-кеңес беруге шығармашылық қуаты жетіп артылады. Қала-даланың өмі­рін біледі, өзі сонау Арал теңізінің “Қара­терең” деген ауылында туып өскен. Елде ержеткен азаматтың адам­гершілік тәрбиесі бөлек қой. Бауыр­жан менің ұсынысыма келісті. Сол Бауыржан бір күні маған өтініш айтты:

– Бәке, сіздің қабылдауыңызда менің әкем күтіп отыр. Қанша жер­ден сабылып келмей-ақ қоюын өті­ніп едім, тыңдар емес. “Қарағым, осы істеп жүрген қызметің шын ба, көзім­ді жеткізейін. Көзім жеткен соң үнсіз қалмай бастығыңа алғысымды ай­тайын. Атаңда жоқ қызметті  қалай ұстата салды, себебін білейін – дейді.

Бауыржанның әкесі кабинетке кіруіне көп сөйлестік.

– Аға, бұл арада тамыр-таныс­тықтың ұштығы жоқ, – дедім байып­пен. – Ректор кезімде өзім Алматыдан іздеп тауып алған жігіттерімнің бірі. Қатар қызмет атқарып, шамасын байқадым, енді қала әкімі болғанда, сол еңбегі мен қабілеті үшін қасыма әкеліп отырмын. Бауыржанға үлкен сенімім бар. Бәрі елде жүрген сіздің еңбегіңіздің арқасы. Енді балаңыз ұятқа қалдырмай, жақсы жұмыс істеуі керек, бар өтінішім осы ғана. Басқадай пікірдің болуы мүмкін емес.

Ағамыз риза болды, батасын берді, көңілі жай­ланып, ауылына райланып қайтты. Сол Бауыр­жан қазір ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министр­лігінің тіл комитетінің төрағасы, ғылым докторы. Кезінде бағыт беріп, қабілетін халық игілігіне тұтынған шығармыз, әрі қарай “талап­ты ерге нұр жауар” деген ғой, өсу жолын өзі жалғастырды.

Төңірегіме топтасқан бірқатар жігіттер жұмыс­ты бастап кеттік. Қала дегенде ауызға жылу жайынан кейін тазалық мәселесінің оралатыны мәлім. Көшелердің рельефін анықтау, сол арқылы арық тарту оңай шаруа емес. Жалпы есеп бойынша, дария суы шығыстан батысқа қарай ағуы керек. Тұран ойпатының орналасу деңгейі солай. Бізде осы заңдылық бұзылған. Көшелерге тартылған арықтардың бірімен су жыламсырап жүрсе, екіншісінде ағатын жер таппай, кенересі толып, жан-жағын басып кетіп жатады. Таудың жайпақ етегі болса бір сәрі, төмен ағып кетер еді. Мұнда бір тамшы суды да, ығытын тауып, бұрып отыруың керек. Қашаннан бері қала сәулетшілері мен коммунальниктерінің бас қатырған мәселесі бұл. Сондықтан қаланың шеткі аймақтарына арық арқылы аяғымен су бармай қалады. Сусыз жер қуарып ,шаңдатып, сорланып, көксіз-көріксіз болып жатады. Суды қала көлеміне жеткізу үшін әрбір елу метр сайын нивилер атып, жер ыңғайына арықты бұрып отырған жөн. Қанша жерді айнала шапқан арық суы ақыр соңында Тұранның ежелгі ережесінен шыға алмай, Шығысқа қарай ағуы тиіс. Бұл бір шешуі қиын жұмбақ. Қай жылы “Арай” саяжайының бергі бетінен үй салушыларға участок беріліп, оны суландыру жобасы қоса ұсынылды. Жобаны жасаушы гидролог мамандар, шығыстан батысқа емес, суды батыстан шығысқа қарай өз аяғымен жеткізуді жоспарлапты. Алғашында бұған ешкім ден қойған жоқ. Бір шақырымдық шағын қарықтың нивелерін мамандардың дұрыс қоятынына ешкімнің күмәні жоқ-ты. Сөйтіп, арна­ны ашып жібергенде, дарияның суы үріккен қой­дай дүрлігіп, шығысқа қарай аяғын баспай қояды. Одан әрі арнаны толтырса, жиегін жығып кететін­дей қаупі бар. Сол арадан өтіп бара жатқан бір шал:

— Әй, не істеп тұрсыңдар? Теріс оқырғырлар-ау, сендер арық қазған жер Тұран деген ойпат болады. Сол ойпаттың етегінен төбесіне қарай су аққанын қай ата-бабаңнан естіп едің?

– Деңгейін өлшеп едік…

— Деңгей әрі кетсе, бір ғана шақырым жер. Бүкіл ойпаттың деңгейін сен өлшей алмайсың, оның тек айтқанын ғана қыласың…

Міне, нағыз су шаруашылығының мамандары халықтың арасында жүр. Сондай талантты маман­дардың кемдігінен қала кешелеріне су бар­май, айнала қуарып, қоқыс басып жатыр. Су –тазалық көзі ғой, су айналған өңірдің ауасы сабат та салқын, аяқ астында қиқым-сиқым да жат­пайды. Жүздеген көшеге дария суын жеткізу жетіл­дірілген, компьютерлік жобаны қажет етеді. Арық­тың елу метр жерден деңгейі көтеріліп, екінші қыры­на аунап кететін «мінезі” бар. Тіпті нивелир ұста­ған мамандар оның тілін таба алмай қиналып жүр.

Экономикалық аймақ кезінде қалаға жақын шаруа­шылықтар біздің құзырымызға көшті. Оң­­түс­тікте қырық шақырым қашықта жатқан «Бесарық» деген ауыл бар. Соның үстінен өтіп бара жатқанда, қай заманда қуатты техника, алып экскаваторлармен қазылып, аяқсыз қалған канал­ды көрдім. Тарихын білдім.

Кеңес өкіметі кезінде «Бесарық» өңірін сулан­дырып, күріш екпекші болған. Білікті су мамандары әрі ақылдасып, бері ақылдасып, өлшеп, кесіп, осы каналды қазған екен, ұлтанынан су жүрмей қалыпты. Сыр бойының ойпат екенін ескермепті.

Міне, осылай жердің жайпауыт, қала көлемінің шашыраңқы жатуы көшелерді көркейтуге, көгал­дандыруға елеулі кедергілер келтірді. Жасыл желек егейік, су жеткізейік, жаз айындағы ыстығы қырық градустан төмен түспейтін қалаға тыныс берейік дейміз. Шаңды басып, ауадағы ылғалды көтермесе болмайды. Кешегі көз көрген қариялар айтады, өткен ғасыр басында Сыр бойында 1500 көл бар екен, кейін дария деңгейі түсіп, сосын жер асты сулары қашқасын, әлгі көлдің 300-і қалыпты. Қазір төңіректегі жиде, жыңғыл, шеңгел, тораңғыл тоғайы сұйылған, ылғалы кеміген. Сыр бойы тарихта болмаған ыстық өлкеге айналған. Демек, қала аумағына тыныс берудің екі жолы бар. Біріншісі, суландыру және көшелерге жасыл желек егу. Екіншісі – томаға-тұйық етіп салынған қаланың қамашауын алып, көшелердің басын ашып, сырттан соғатын ауаның ішке енетініндей дәліз жасау керек. Әйтпесе, тар қапаста отырған адам секілдіміз. Әсіресе, бұрынғы целлюлоза-картон зауытының тұсынан өтіп бара жатқанда, қоңсық иіс қолқаны атады. Кезінде мұны ағаш өңдеуге пайдаланатын химиялық конденсаттардың иісі болар деп жүргенбіз. Зауыт жұмысын әлдеқашан тоқтатты, қазір онда жұмысшы да қалған жоқ. Өнімі өтпейді. Ресей ағаш бермейді текке тұрған ғимаратқа айналған.

— Осы қоңсыған иіс қайдан шығады? – деймін орынбасарым Жеткерген Оразбаевқа.

– Қаладан шыққан алуан түрлі нәжіс, жуынды құятын тоғанға жетпей құбыр жарылып жатыр.

– Қанша уақыт балды?

– Баяғыдан солай. Ауыл арасын алып кетпегесін, ешкімнің мойны жар бермей жүр.

Басына барып көрдім, жарылған құбырдың қасы быттасып қалған, оған қосымша құс фабрика­сының қан-жыны науадай құйылып жатыр. Басқа облыстарда мұндай лас нәжісті айырып, бірін тыңайтқыш, екіншісін пайдалануға жарамды суға айналдыратын биологиялық тазалау станциялары бар. Біздегі тіршілік осы. Оның бәрін жаңалау қыруар қаржы мен қанша уақытты талап етеді. Амалсыздан құбырлардың бәрін ауыстырып салып, оны тоғанға дейін тарттық. Ескі тоған кене­ресінен асқан екен, қасынан екіншісін қазуға тура келді. Соны салып жүріп “Жоқтан бастаған іс жақсы, бардың машақаты ауыр екен” деген ой түсті. Әйтеуір қаланың сол тұсы қолқаны алатын иіс-қоңыстан шамалап болса да арылды.

Жұмыстың келесі кезеңіне көштік. Қала орталығының көрнекті жерінен “Тағзым” алаңын салдық. Аты “Тағзым” болып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың құрметіне арналғанмен, онда егілген жасыл бақтың саясын тұрғындар көретін. Жасыл желек, көк майса, көлеңкелі орындықтар… Демалуға жетпеген таза ауаны осындағы хауыз­дардан алар деген ниет біздікі. Қалай қылғанда қала ішінде сквер, саябақ, фонтандар санын көбейту керек-ті. Осы мақсатпен қала мен Тасбөгет арасындағы жол бойына дендропарк ектік. Қала ортасында, көлемі кең, алуан түрлі ағашы бар осындай бір демалыс орны болсын деген ниет. Бірақ қала ішіне көк майса төсеп, көшені кеңейту, тыныс беру оңай шаруа болмай шықты. Әр жерден қарсылық та кездесті. Күнкөріс үшін отырған орнын кім көптің пайдасына босатып береді. Мысалы, А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінің көше бет қолтығындағы тротуардың үстіне 300 метрге дейін “Бақыт” базары орналасқан. Жер тар, айналмаға келмейді. Қарыс қадам жерде машиналар ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Сауда жасаушылар тар алаңға сыймай, тротуардың үстін қара қарғадай басып қалған. Онда тазалық, тәртіп атымен жоқ. Біраз қарсылықтан соң “Бақыт” базарын көшіріп, көшені кеңейтіп алдық. Екіншісі, қала орталығындағы “Универсам” дүкені түбіндегі қара шыбындай қожынаған базар. Шындығында, бұл базардың төңірегінде көп қабатты үйлердің тұрғындары өмір сүрді. Олардың кешкілік есік алдына шығып, ауа жұтып демалатын орны жоқ. Көше тас, үй тастан салынған, басыңды тығар көлеңке таппайсың. Сондықтан осы базар орнына демалыс алаңын салуды басты мақсат еттік. Ал, тұрғындар үшін қажетті сауда дүкендерін тиісті жоба бойынша шағын етіп салу көзделді. Әрине, базарды көшіру күшке түсті. Ақыры, орнынан қозғап, құжынап жатқан базардың орнына фонтан орнатып, табанына көк шөп төсеп, әшекейлі тро­туар тартып, әп-әдемі демалыс хауызына айнал­дырдық. Кейін бір тілші ағайындар: “Сіз базарды орталықтан бекер көшірдіңіз”, – деп айтып қалды. Мен: “Барып көріңіз, сол базардың орнында, орындыққа арқасын беріп қанша адам демалып отыр” деймін. Сөз басқа, өмір басқаны көрсетеді.

Қала күнкөрістік баспана ғана емес, сән мен сәулеттің, тарихи-мәдени ортаның ордасы. Соғыс жылдары салынған Аманкелді кинотеатры әлі күнге қызмет етеді, ал ауылда батыр туралы бір белгі жоқ. Тарих, ұлттық патриотизм және сәулетіміз үшін төңірегіне Аманкелді ескерткішін салмақшы болдық. Ескерткіш дайын. Осы кезде Аманкелдінің баласы Шәріп пен Рамазаннан қалған немерелерінің Алматыда тұратынын естідік те, ескерткішті ашу салтанатына шақырдық. Аманкелді батырдың тағдыры да трагедия еді. “Бір қыпшақтан көбейіп-азаймаспыз” деп өз туыстары мен алаштықтар атқызып жібереді. Өзінен кейінгі ұрпағы да қиын жағдайда өмір сүреді. Кемпірі ашаршылық заманда күнкөріс қамымен ел жағалап кетті. Сөйткен батырдан ұрпақ қалыпты. Шәріп ақсақал ескерткішті қолымен сипап, ұстап, көзіне жас алды. Оның көкейінде әке арманы тұрған шығар. Біз соның куәсі болдық. Сол ескерткіш қазақтың батырлық символы секілді арамызда тұр. Текке тер төкпеген екенбіз.

Қыруар тіршілік осылай ілгері жылжып жатты. Зырлап кететін машина емес, ілігі де, шатысы да, кедергі, тосқауылы да көп кәдімгі өмір. Істелген жұмыс аз емес сияқты. Бірақ әлі жетімсіз. Бұған дейін қалтарыс-бұлтарысы көп көшелерді ашып, жүргіншілер мен шопырларды артық бейнеттен құтқару да күн тәртібінде тұрды. Қаланың шығыс бетінен басталатын Ковалев көшесі 500 метрден соң автовокзал басынан тұйықталып әрі қарай тарам-тарам көше аралап кетеді екен. Ғимаратты қозғаса, жол қала ішіне кіріп-шықпай-ақ, “Шұғыла” ауданын айналып өтіп, теміржолдың астымен күре жолға еркін түсіп кетеді. Жол апатын болдырмауға ыңғайлы. Бұл жоба бойынша жұмысты бастап жібердік. Бастапқы мақсатымыз асфальтты теміржолға дейін төсеп, өрісін кеңейте түсу еді. Өкінішке орай, теміржол тұсынан жермен жексен болып кеткен ескі бейіттер табылды да, межеге жетпей, бұрылып кетті. Ескі моланың тарихы қайдан басталады деген ғылыми қызығушылығымыз бар. Басына барып қараймыз, құлпытас, тіпті, балбал тасқа ұқсап кетеді. Жақпардан иороглиф секілді жазулар пайда болды. Білікті деген түрколог, корей ұлтының өкілдерін әкеліп оқытпақшы боламыз, ешкім “тілін” білмей қойды.

– Бейітті көшірейік, – дейді мамандар. Жан-жағын қоршап қоямыз.

– Жігіттер, елу метрдей жер ұтылсақ ештеңе етпес. Бұл аруақтар, кім де болса, тыныш жатсын, деп бәріміз кеңшілік шешім қабылдадық.

Байқасақ, көпір астымен өтетін жол бірден Қызылорда-Жезқазған трассасына түсе алмай, қаланың қуыс-қолтық көшелерін он айналады екен. Тікұшақ үстінен қарағанда, барлық мәселенің түйіні көлденең салынған екі үйде тұрғанына көзім жетті. Егелеріне жолықтық, жобамызды түсіндірдік. Заңды талап қойдық. Бірінде үйінің құжаты бар, екіншісінен табылмай, екі жер де тіркелмеген болып шығып жатыр. Демек, кезінде қалаған орнынан қаластырып үй салып шыққандар. Сонда да болса көмегімізді беріп, бұл шаңырақтар қалалық тұрғын үй қорынан тиісті баспанасын алды. Қазір дүниедегі ең оңайы Қызылордадан Жезқазған жолына қарай шығып кету. Жол сайрап жатыр, адасып кететін бұрма емес.

Сол жылдары Астанада бір мерекелік іс-шара өтті. Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің Мәскеуден оралып, кеңесшілік қызметте болып, одан кейін туған жерінде қызмет атқарып жүрген шағы. Сол шарада ағамызды көріп қалдық. Сапарласым Камал аға Бердәулетов:

– Ерекең тұр екен, жақында ғана анасы қайтыс болды, енді көрген жерде көңіл айтамыз. Барайық, – деді.

Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің қазақтың біртуар перзенті екенін мен дәлелдемесем де, халық жақсы біледі. Елде жүргенде іс барысымен алдында болғаным бар. Ол кезде проректорды да облыстың бірінші хатшысы қабылдайды екен. Есігінен кіріп келдім. Ағамыз әлдеқайда жиналып жатыр ма, көзілдірігі қолында, жол жүретін адамның көңіл-күйімен отыр. Амандасқан соң:

– Өзің туралы айтшы, – деді асықпай тыңдайтын сыңайын байқатып.

Қайда тудым, қашан мектеп бітірдім, бітірген институтым қандай, одан бергі тіршілігім, диссертация, оның тақырыбы… Тағысын-тағыларды айтып жатырмын.

– Мәскеуде оқыған екенсің ғой. Самые верные друзья – московские…

Ректор сайлау туралы тағы әңгіме болды. Ойланып отырды да:

– Сәпиевпен жолыңыздың түйіскен жері бар ма? – деді. – Где?

Оңалбек Сәпиев ол кезде облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болатын. Оңқаңмен таныс-білістігімізге жиырма жылдың жүзіне қараған.

– 1970 жылы Қазан вокзалында келініңізді шығарып салып тұрып, басында көк қаракөлден папахасы бар, сондай жағалы пальто киген қазақты көріп, жөн сұрасқанымыз бар. Екеуміз жерлес болып шықтық. Содан бері таныспыз, жолдаспыз. Рулық жағынан бір-бірімізге қатысымыз жоқ.

– Ендеше, менде «Сәпиев Досманбетовтің туысқаны, сондықтан да ректорлық қызметке қойғысы келіп жүр» деген шағым-арыз жатыр. Соның анығын білгім келіп сұрап отырғаным.

Шынында, арыз жазған институтта сабақ беретін оқытушы әйел екен. Ол кісі Еркін Нұржан­ұлы­мен көрші тұрады. Сірәсі, қызметке кетіп бара жатқан тұсында қолына арызды ұстата салса керек. Еркін Нұржанұлы арызды кеңсе, үй деп талғап жатпай қабылдай беретін. Сол туралы айтып отыр. Міне, осыдан бері ағамызбен қызмет жолымыз қиыспапты.

«Сәлемнің де сәті бар» деген, Камал ағамды алға салып, қасына келдік. Еркін Нұржанұлы әдеттегіше қарапайым киінген, түр сипатында бұрынғыдан ерекшелік жоқ, сол күйі. Анасының қазасына көңіл айттық.

– Анамыздың жасы тоқсанның үстіне шығып еді. Жақында жөнелттік,- деді Еркін Нұржанұлы. — Солай ғой, өмір сол енді…

Қамекең амандық-саулықтан соң мені нұсқап:

– Ереке, жаңадан тағайындалған қала әкімі Дос­манбетов деген ініңіз осы болады, – деді.

– Бұл жігітті жақсы білемін, – деді Еркін Нұржанұлы. — Бірақ бойындағы ұйымдастыру­шылық талантын кезінде байқамай қалыппын.

Үшеуміз де күлдік.

– Сенің Қорқыт ата көшесінің аяғын Жезқазған трассасына дейін апарып қосқаның табылған ақыл болды, – деді Еркін Нұржанұлы маған қарап. – Кезінде сол араны мен де назарға алып едім. Екі үй бар-ды. Сосын баракта қанша шаңырақ отырды?

– Алты шаңырақ.

– Соның бәріне үй бердің бе?

– Бердім. Екі отбасын да, барақтағы адамдарды да ренжіткенім жоқ.

– Молодец! Мен соны жасай алмай кетіп едім. Барақтағы отбасыларға үй тауып беру қиын болды. Қызылордадан кетсем де, сол бір бұралаңы көп ұзын көше ойымда жүретін, сенің шешіміңе риза болдым.

— Рахмет, аға.

Міне, сол бір ісімізге халық сыйлаған Еркін Нұржанұлының жоғары баға беріп еді. Кей-кейде осындай жылы сөздер есіңе түскенде, тағдырыңа риза боласың.

Мен бұл кезде институт ауқымындағы жұмыс тәсілінен, тіпті, ғылыми әлем ауқымынан шығып, көзіміз көріп жүрген тіршіліктің ащы-тұщысынан татып қалған едім. 1998 жылдың ақпанында әкімдік қызметіме бір жылдан асқан кез. Күн жексенбі. «Диірментөбеден» қалған әдет пе, бала кезден аң құмарлығым бар-ды. Осы құмарлығымды қоя да алмадым. Қолым қалт ете қалса, дала мені өзіне тартады да тұрады. Мылтығымды алып жортып кетсем деп ойлаймын. Аңға құмарлық осыдан 25-30 жыл бұрын Алтынбек Ізтілеуовпен таныстырды. Содан бері саятқа бірге шығамыз. Сырттың жолын, шөбін, кейбір белгілерін тамыршыдай тап басады. Онымен жүрсең, иен далада адасамын деп ойламайсың. Аңшылық бұрыннан аралас-құралас болған Роберт, Анарбек, Дамир, Сабыр, Қалмырза, Эрик, Сағилармен одан әрі жақындастырды. …Ілгеріде Жосалыда жарғақ құлағы жастыққа тимейтін аңшылар бар екен деп естуші едім. Олар апталап Қызылдың ішіне сіңіп кетеді. Өзара шарты-келіспей оқ атпауы және аңшылық кезінде арақ ішпеуі тиіс. Қанша дегенмен, аңшы да мүлт кетпей ме, бір күні аңдаусыздау атып қалған оғы желмен қаңғалап барып, бір жолдасының май құйрығына сіңіп кетіпті.

– Ойбай, өлтірдің…

Абыр-сабыр, үрейленген жігіттер елге қайтыпты. Құйрыққа батқан кішкене бытыра болмаса, ден-қарны сау келген күйеуін көріп қуанған келіншек көршілерді шақырып, құдайы беріп жібермекші болады. Аңшы төсекте жан бағып жатыр. Көршілер жапырлап келіп, «жаныңның қалғанын айтсайшы” деп көңілін сұрауда. Бір кезде қатар жүрген аңшыларының бірі келіп: “Құдайыңа қатыса алмаймыз, ренжіме, дарияның арғы бетімен қора-қора киік өтіп бара жатыр. Біз соған барамыз» деп құлағына сыбырлапты. Жолдасы есіктен шыға бергенде, ертеден төсегінен тұрмай жатқан жаралы аңшы атып тұрып:

– Әй, тұра тұрыңдар. Мен қалып қоймайын, – деп ізінен тұра жүгірген екен.

Аңға деген құмарлық сондай.

ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫ – халықтың саябағы

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент саябағындағы қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.

Қазіргі таңда саябақ аумағында ауқымды абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бас мердігер «Bi Global» ЖШС жобаға сәйкес 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңын, 4 спорт және 4 workout, 7 демалыс аймағын, 4 фудкорт, теннис үстелдерін, биіктігі 50 метр болатын айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңын, стритбол, вело және жүгіру жолақтарын, сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдарын, арқан саябағы мен модульдік санитарлық нысандар орналастырылады.

Саябақта жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) бой көтеріп келеді. Бұл нысандардың бас мердігері «Alem Qurylys AQ» ЖШС осы аумаққа спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салуды қарастырған.

Сондай-ақ, Сырдария өзені үстінен Президент саябағы мен Астана шағын ауданын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі салынады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған