І – тарау

ОҚИҒА ОЗАРЫНДА
Қордайдағы қапыл қақпақыл

Ақпанның 10-ы, дүйсенбі күні «Сортөбе» ауылында өткен брифингте вице-премьер Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында жаппай тәртіпсіздікке ұласып, 10 адамның өмірін жұлып кеткен жанжалға байланысты тергеу органдары 25 қылмыстық іс қозғап отырғанын жеткізді. Қылмыстық істер жаппай төбелес, жаппай тәртіпсіздікке шақыру, адам өлтіру, бұзақылық, билік өкіліне күш қолдану, өзгенің мүлкін жою және заңсыз қару жасау фактілері бойынша көтерілген. Ал бүліншіліктер кезінде ауданда 56 тұрғын үй, 11 коммуналдық нысан, 44 автокөлік қиратылған. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қазір Бас прокуратурада ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылды. Топ тергеумен айналысады. Қазіргі басты мақсат – бүлік ұйымдастырушыларды, жанжалды бастағандарды, арандатушылар мен бұған кінәлілерді табу», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Осы күні түстен кейін Ақорданың баспасөз қызметі Жамбыл облысын екі жылға жуық уақыт басқарған Асқар Мырзахметовтің қызметінен алынып, оның орнына Бердібек Сапарбаевтың әкім болып тағайындалғанын хабардар етті. Соған байланысты ол Премьер-Министрдің орынбасары қызметінен босатылды. Сөйтіп, Қазақстанда әр жылдары бес облысты басқарып үлгерген бірінші әкім атанды. Бұрыннан осындай қысылтаяң кезде тығырықтан шыға алмай жатқан өңірлерді басқаруға жіберіліп келген Бердібек Машбекұлы енді Қордай қақтығысының салдарларын жою үшін өңір билігін қолына алды. Ал бұрын Оңтүстік Қазақстан облысына біраз жыл абыроймен басшылық жасаған Асқар Мырзахметов бұл қызметке 2018 жылдың 10 қаңтарында келген еді. Бұл лауазым тізгінін тұп-тура 23 ай ұстаған ол қитұрқы қақтығыс кесірінен қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Айтатыны жоқ, Қордай оқиғаларының зардаптары Қазақстандағы дүнген қауымдастығы мен бірнеше мың босқынды бір мезгілде қабылдауға мәжбүр болған көрші Қырғызстан үшін күтпеген жерден көрініс берген нағыз күйзелісті кезең болды. Тек ресми версияларға жүгінгеннің өзінде бұл өңірде 11 адамның қаза тапқаны, олардың 10-ы дүнген жұртынан, 1-і қазақ қатарынан болғаны, дәрігерлік көмекке 141 адамның жүгінгені, олардың 15-і полиция қызметкерлері екені, жалпы саны 39 жеке үйдің, 20 сауда нысанының жанып кеткені, сондай-ақ 47 автомобильдің отқа оранып, жарамсыз болып қалғаны айқындала түседі. Қазақстан шекара қызметінің мәліметіне сәйкес, 7-9 ақпан күндері шекараны 24 мың адам кесіп өткен. Мұнда әуелі қырғыз қапталына қарай асқан, ертеңіне қазақ жеріне қайыра қайтқан, сосын мұнда қайтадан бойларын үрей билеп, тағы да арғы бетке бет алған кісілердің жалпы саны түгел есепке алынып отыр. Алдын-ала бағамдар бойынша, жанжалдың жалпы барысында келтірілген материалдық шығынның көлемі 1,7 млрд. теңгеге, яғни шамамен 4,5 млн. АҚШ долларына тең болып шыққан.

Айтқандай, Қордай қақтығысының ең бастапқы дүмпу берер серіппесі болған екі елеулі оқиғаның айыпкерлері – қарт кісі мен оның екі ұлын соққыға жыққан Юнху отбасының үлкені Эрсман Щимарович, оның ұлы Марат Эрсманович пен жол патрульдік полиция қызметкерлерін жабылып ұрып тастаған ататектері Воингуй, ағалы-інілі Люшир, Арафат және Мухамед деген жігіттер сот жүзінде жазаларын алды. Қысқа мерзімдерге сотталған бұлардың бесеуі де түрмеден босап келгеннен кейін отбасыларымен басқа жаққа көшіп кеткен көрінеді.

Осы ретте қоғамды бұл бүлік аяқ астына бола салған оқыс оқиға ма, жоқ, әлдеқандай бір күштердің құлшыныстарымен алдын ала мұқият әзірленіп, ұйымдастырылған әрекет пе, деген сауал толғандырмай қоймайды. Бұл мәселе сол дабылды күндері жұрттың көкейінде жүрген, қайта-қайта көтеріліп тұрған түйткілдердің бірі болды. Дегенмен, сол кездердегі куәгерлердің пайымынша, «Масанчидегі» шабуылды ұйымдасқан топтардың күні бұрын әзірлегендері анық. Бұған жол полицейлері дүнгендерден дәккі көрген күні кешке жұрттың тез арада жинала қалулары мен олардың сол ұлт өкілдері тұратын ауылға жүк көліктерімен келіп, оның қорабының үстінен тас жаудырулары мен «Молотов коктейлі» атанған тұтанғыш сұйық құйылған бөтелкелерді кәсіби деңгейде дайындап әкелулері, бұдан бөлек, алғашқы күнгі топтық қақтығыстың заматында әлеуметтік желілер арқылы елге кеңінен тарай бастауы мен республиканың басқа аймақтарынан келгендердің жылдам көбейе түсуі айғақ бола алады.

Бұған қоса, билік өкілдері Қордай қырғынының себебін қалай құбылтып айтқанымен, оның сұлбасындә этникалық негіздің де жатқанын мойындаудан жалтарып, бұл тақырыпқа жоламауға тырысып бақты. Сондықтан жанжалға «жаппай төбелес» деген жаттанды атау тағылды. Ал ауданда тұратын қазақтар өкілдерінің кейбірі мұнда ұлтаралық келіспеушіліктің шын ызғары бар екенін баяндай келіп, екі ұлт өкілдері арасында мұндай оқиғалардың бұдан бұрын да талай рет қайталанғанын айтады. «Жергілікті ауыл тұрғындары дүнген этносы өкілдерімен бұған дейін де бірнеше мәрте қақтығыс болғанын, бірақ соның көбі «бармақ басты, көз қыстымен» жабылғанын жеткізуде», – деп жазады «Жас Алаш» өзінің 2020 жылғы 13 ақпандағы нөмірінде. Ал «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұхбатында қазақтар тұратын «Қаракемер» ауылының өзін Ғани деп атаған тұрғыны соңғы уақыттары «Масанчи» ауылымен арадағы түсініспеушіліктің өте күшейіп кеткенін алға тартады. «Олар (дүнгендер – ред.) «жер – сендердікі, билік – біздікі» дейді. Ақша берсек, бәрін сатып аламыз деп өктем сөйлейді», – деп қынжылады ол.

Оқиғаның барысында өздерін елден оқшау ұстайтын дүнгендердің көбі мемлекеттік тілді мансұқ ететіндей болып көрінді. Мұны олардың аса басым бөлігі – түгелге жуығының орысша сөйлейтіндерін видеолардан бірінші рет көрген көпшілік қатты таңғалды. Сондықтан жазба соңына «бұлар неге қазақ тілін менсінбейді?» деген үн қосу қалдырғандар аз болған жоқ. Әдетте, шыны керек, мемлекеттік тілдің өз мәртебесі деңгейінен көріне алмауы мемлекет құраушы ұлттың намысын таптап, «өзін-өзі қор сезіну» түйсігін туғызады. Ал дүнген және орыс тілдерінде ғана сөйлейтін дүнген жұрты титулды халықтан өздерін қашаннан оқшау ұстайды, олардың қазақтармен араласуы өте баяу, әрі шектеулі, оларды жақындатуға бағытталған үрдіс мүлде жоқ есепті. Себебі, басым бөлігі Жамбыл облысының Қордай ауданында тұратын олар еліміздегі барлық дерлік өзге ұлт өкілдері секілді балаларын орыс мектебіне береді. Бұған қоса ұл-қыздарын жоғары оқу орындарында оқытуға құлықсыз бұл халықтың соңғы жылдары перзенттерін Қытайдан білім алуға көптеп жібере бастауы таңғалдырады. Осы орайда мұның жайын «Жас Алаш» газетінде жарық көрген жоғарыда аталған «Қордай оқиғасы: Қақтығысқа билік кінәлі ме?» атты мақаласында таратып жазған Қадыр Арғынбек дейтін автордың: «Соңғы жылдары Қазақстандағы Қытай елшілігімен жұмыс істейтін дүнгендердің бірнеше ұйымы бар екенін қоғам белсенділері жиі айтып жүр. Олар Қытаймен қандай байланыс орнатқан? ҰҚК-нің жіті назарға алатын шаруасы осы болса керек» деген тұжырымы назар аударуға тұратын меселді мәселе деп есептейміз. Оның жазуынша, Тұрдыбек Құрметхан деген желі қолданушы өзінің парақшасында Қытай елшілігі және консулдығының аса қамқорлығына ие дүнгендердің елімізде бірнеше ұйымы бар екенін және олардың өздерін қытай (ханзу) диаспорасы санайтындарын атап көрсеткен.

Осы тұста Қордай қақтығысын ұйымдастырушылардың мақсаты елдің іс басындағы президентінің халықаралық аренадағы беделін түсіріп, оны қазақтарды қудалағаны үшін Қытайды сынаудың моральдық құқынан айыру, ал жанжалдың себебін криминалды есеп айырысу деп тұжырымдауға мәжбүр ету болған деген болжамдар да тарады. Ақырында биліктің тұрмыстық негізде бұрқ ете қалған жанжалдың соңы асығыс түрде өрбіген ұлтаралық қақтығысқа ұласып кетті деп келетін ресми версиясы «жеңіп шықты».

Енді қылмыстық есеп айырысу болжамы жайына келсек, бұл әңгіме алғаш рет «Вечерний Бишкек» газетінде пайда болды. Онда жарияланған бір мақала авторы Жамбыл облысының ауылдарында қалыптасқан төтенше жағдайды,- өңірдің сипатын білдіретін бірқатар факторларды, соның ішінде контрабанда, есірткі сүрлеуі және жемқорлық орын алуы ықтимал шекаралық аймақ екенін ескере отырып, – біржақты кескіндегі ұлтаралық не әлеуметтік қақтығыс ретінде бағалауға болмайтынын байыптайды. Басылым, әлі толық анықталмаған ақпарға сәйкес, «Масанчи» ауылындағы инцидентті елдің түстік беткейіндегі есірткі соқпағын бақылауында ұстайтын Серік Голованың тобы ұлтаралық қақтығыстың атын жамылдырып ұйымдастырған қылмыстық есеп айырысудың көрінісі деп жазды. Алайда құқық қорғау органдары криминал серкесін аталмыш оқиғадан бірнеше күн бұрын Алматы маңында ұстап алып, қамап тастаған болатын.

Солай бола тұра қырғыз борборының кешкі газеті жоғарыда өзі тектеп отырған болжамның шындыққа жанасымды екенін дәлелдеуге талпыныс жасайды, басылым бұған, біріншіден, жергілікті тұрғындардың кейбірі қолдарына атыс қаруларын алып шығуларын оқиғаға қылмыскерлердің араласқанымен түсіндіреді. Әйтпесе бейбіт кісінің қолында мылтықтың бола қоюы екіталай. «Екіншіден, аудан мен облыстағы жергілікті шенеуніктерді, бірқатар полиция басшыларын жедел жұмыстан босатылулары бекер емес», – деп жазады газет. Басылым осы орайда қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін де келтіре кетеді. «Орын алған қайғылы оқиға бір жылда пайда бола салған процестердің көрінісі емес. Мен мұның бәрін тұрмыстық жанжалдың салдарына жатқыза салмас едім. Шынтуайтында, бәрі бұдан гөрі күрделірек. Енді үшінші күштердің араласқаны жайлы айтылып қалып жатыр. Егер тап осылай екеніне келіссек, мұны негізі қылмыстық құрылымдар жасағаны да анық. Шекаралас аймақ болғасын, бәлкім, ықпал ету салалары қайта бөліске түсіп жатқан шығар», – деді ол.

Тағы бір қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарёв көп реттерде бұл секілді жойқын оқиғалар қарсаңында өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен қанат жайған қандайда бір тәртіп бұзушылық пен соған теңдес басқа жайттар жайлы қауесеттердің таратылып жіберілетінін еске салады. Бұдан кейін билік пен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне олардан «кек қайтаруға» дәлел боларлық себеп дайын бола қалады. Осының арқасында «мұның соңы әлгіндей құқық бұзушылыққа еш қатысы жоқ, бірақ күдікке ілінгендермен бір этносқа жататын бейкүнә жандардың жазықсыз жапа шегуіне апарып соғады» дейді сарапшы. Ол мұның, зерделеп келгенде, «жергілікті биліктің әлгіндей оқиғаларды реттеуге және этносаралық қарым-қатынастағы конфликтілерді шешуге қабілетсіздігін көрсететінін» жазады Facebook желісіндегі парағында.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, белгілі саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева болса, биліктің көбіне мұндай одағай оқиғаларды «тұрмыстық жанжалға» жатқыза салғанды «ыңғайлы» көретінін алға тартады. «Биліктің мұндай қақтығыстарға байланысты нақты шешімі жоқ деп ойлаймын. Олар өздерінің қауқарсыз «ұлтаралық татулық» моделін мадақтап отырғанды құп көреді. Бұл оқиғаны қалай атап, қалай шешуді білмей отыр. Билікке мұны әдеттегідей «тұрмыстық жанжал» деп атап, жергілікті атқарушы билікті кінәлап, жауапкершілікті соған арта салған оңай. Тап мына жағдайда саяси жауапкершілікті қазақтарға артып, бәріне солар кінәлі» дей салмақ. Билік не істерін білмейді. Бар мәселе – осы. Бізде қазақтардың да, басқа ұлттардың да мүддесін ескеретін этникалық топтармен қатынас орнату жүйесі жоқ», – дейді ол.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарғаннан кейін, 2019 жылы наурыз айында президент қызметінен кеткен, алайда билікке ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесі де сол күндері тым-тырыс отырды. Құзыретіне елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың тінін бұздырмау міндеті кіретін құдыретті құрылым қапыл қақтағыс хақында тіл де қатпады, отырыс та өткізбеді, шара да қабылдамады. Бұған дейін кез келген мезіретті мәні бар мәселе бойынша «Кітапхана» сайтында жазба қалдырып тұратын Елбасы да, кейде оның атынан хабарлама беріп қоятын баспасөз хатшысы да Қордай қақтығысына қатысты жұмған ауыздарын ашпаған күйлері қалды…

Ал осы жаппай тәртіпсіздікке және кісі өлтіруге қатысты деген айып тағылған дүнген сотталушыларын сотта қорғаған адвокат Болат Омаров Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға берген сұхбатының желісінде Қордай трагедиясын жоғары жақ ұйымдастырды деген байлам білдіреді. «Бұл адамдарды теріс жолға салу әдісімен жоғары жақтан ұйымдастырылды. Мұны қазір жоққа шығару мүмкін емес, өйткені, ондағы екі оқиғаның қолтаңбасы бірдей, сипаты айқын, ал айырмашылығы ауқымы мен үйлесімділігінде ғана», – дейді ол. Адвокат «Қордай қақтығысы алда тұрған Қаңтар қырғынының репетициясы болғанына» берік сенімді. Ол бұдан әрі: «қазақ халқы ол кезде 2022 жылы өздерін бұдан да қанды, сұмдық қаңтар күтіп тұрғанын біле қойған жоқ. Қордай қырғыны қаңтар трагедиясын жаңаша бір қырынан көрсетті» деген ойға қазық байлайды.

Бұған қоса, Болат Омаровтың интервью желісінде айтқан мына тұтқиыл тұжырымдары да ойландырмай қоймасы хақ. «А потом ещё один момент: 7-го числа, накануне этих событий, днём случился конфликт между сотрудниками дорожной полиции и местными жителями, – дейді ол. – Тоже как представили: дунгане бьют наших полицейских. И по этому поводу тоже очень интересно: именно накануне этих событии когда ещё ничего не случилось, из областного центра сняли 14 экипажей дорожно-патрульной службы и направили именно в эти сёла: в Масанчи, Сортобе. Когда я задал вопрос, почему так случилось, чем это вызвано, мне сказали: «А мы отправили на отработку». Именно в этих сёлах криминальная обстаноака как раз спокойная, там не совершается каких-то противоправных действий, алкоголь не продаётся, разные какие-то эксцессы пресекаются на корню, поэтому какие там могли быть отработки?».

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық істің материалдарында баса мән беріліп, атап көрсетілетін бір мәселе назардан тыс қалып қойыпты. Ол – тап сол 7 ақпан күні азаннан кешке дейін Алматы мен Тараз жақтардан Қордай ауданына қарай келіп жататын көліктер санының былайғы уақыттардағыдан айтарлықтай көп болуы. Мұны қорғаушылар сотта айыпталушыларға қарсы сұрақтар қою барысында өздері анықтап алған. Ендеше, көліктер көшінің бұлайша трасса табанында шамадан тыс, шүбә туғызарлықтай шекте белсенді қозғалысқа түсіп кеткенін полиция қызметкерлері қалай аңғармаған? Оның үстіне бұл шекарадағы аудан болса. Айтпақшы, шекара бойлай орналасқан бұл ауылдарды аудан орталығымен жалғайтын жолдың өзі де біреу ғана. Олай болса, сол трассаның бойына екі үлкен жүк көлігін қатарластыра қоя салса, жол жүлгесі толық жабылып қалатын еді. Бірақ мұны жасау ешкімнің ойына келмепті. Әлде керегі болмаған шығар…

Бұдан бөлек, Қордайдан 10-15 шақырымдай қашықтықта, осы жолдың алабында бақылау-өткізу бекеті орналасқан екен. Мұнда шекарашылар мен полицейлер тәулік бойына кезекшіліктерін атқарады. Бұлар осында шекара тәртібінің орындалуын қадағалайды, күдікті көрінген адамдар мен көліктерді бұл белдеуден ары қарай өткізбейді. Басында бұлар да ондайларды ішке жібере қоймапты. Бекеттен түсірілген видео соны көрсетеді. Әлдеқандай бір мезетте шабуылдаушылар шлагбаумды жұлып әкетеді. Ал полицейлер оларды тоқтатудың орнына сұлбаларына қарап тұра беріпті. Бір кездері бекет торабын камуфляж киген шенді кісілер басып қалыпты. Олар билікті қолдарына алып, сырттан келгендердің бәрінің алдарынан «жасыл жарық» жандырып қойыпты. Олар көлікпен келген жігіттерге: «Сендердің еншілеріңде төрт сағат уақыт бар, бірақ машиналарыңның нөмірлерін шешіп алыңдар» деумен болыпты. Сосын олар бұл тапсырманы бұлжытпай орындап шыққан. Сол күні түнде текетірес орын алып жатқан ауылдарда нөмірсіз көліктер ызғып жүріпті. Бірақ жоғарыда айтылған жол-патруль қызметінің 14 экипажы бұларды тоқтатуды жөн көрмеген.

Бұған жоғарыда айтып өткеніміздей қақтығыс қарқын алып кеткеннен кейін де оны басуға құқық қорғау органдарының аса асыға қоймағанын қосыңыз. Елбасы басқарған Қауіпсіздік кеңесінің оған мән бере қоймағаны тағы бар. Айналып келгенде, осы фактілердің бәрі Қордай оқиғасының алдын ала сызбасы сызылып, жобасы жоспарластырылып қойылған әрекет екеніне айғақ бола түседі.

Ал Қаңтар қырғынына дейін бұл кезде небәрі 23 айға жуық уақыт қалған еді…

(Жалғасы бар)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған