Жеті жасар бала кезім. Тыным таппай «Диірментөбені” күніне он айналып, аяғым жерге тимей зыр жүгіріп жүремін. Бұған дейін ауылда мұғалім болады, мен мектепте оқимын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Назаренконың бақшасына түсіп, рогаткамен торғай атқан балалық дәурен бір күнде бітеді деп ойламаған болсам керек және сол тірлігіме өзім бек риза едім. Ертеңгі шайға апыл-ғұпыл тұра салып, әке-шешеммен бірге әңгіме тыңдап, түйірлеп беретін қара нанға қант қосып, самауырдың түбінде отыру менің дағдыма айналған. Басқалары түгел ұйқыда, торғай шырылдағаннан мазасы кететін өзім ғана.
– Жатсайшы, – дейді апам.
– Жатпаймын.
– Айтпақшы, биыл Бақбердің оқуға баруы керек емес пе? – деді көкем апама қарап.
– Бұл оқымайды. Әлі де ауыл аралап жүре тұрсын, мектептің формасын іздеп, басымызға бөлек бейнет тауып аламыз әлі.
– Е-е, көкем олай еді деп пікір қоспайды. Менің оқу іздеп не басымның іскені. Кезерменің шетінде шерлеп өскен жетім бала секілді қортық үй тұратын. Соған балалардың сөмке арқалап кіріп-шығып жатқанын көретінмін. Мектеп пен мұғалімдерді мақтап жүрген бірі жоқ. Белі бұраңдап, көздері кіртиіп, сабақтан қайтып бара жатқан балаларға қарағанда, бұйым-әлімсіз теміржол жағалап жүрген біздің өміріміз жұмақ секілді еді. Өздері де күншуаққа бетін бұрып тұрып:
– Шіркін, сабақ болмаса… Самұрат ағай ауырып қалса… Ертеңгілік сабаққа келгенде, мектептің төбесі ортасына опырылыл түсіп, құлап жатса, – деп мысық тілеулі арман айтатын. Және олар: – Сендердікі рахат қой. Қаңғырып жүресіңдер… Қайда барам десең де, өзің білесің. Алдыңнан шығатын мұғалім жоқ, – дейді мұңайып.
– Мұғалім алдыңнан шықса қайтеді? Бұл енді менің сансыз сауалымның бірі.
– Төремұрат ағайдың қолына түссең, төбеңді ояды. Желкеңнен қысып әкеледі де, кластың бір бұрышына сабақ біткенше, қолыңа аяғыңды ұстатып сыңар аяқпен тұрғызып қояды. Қолыңның үстінде-кітап, қимылдап қалсаң, түсіп кетеді. Түсіп кетсе, сол кітапты қайтадан көтеріп, тағы бір сабақ тұрасың.
Бірге ойнайтын балалардың мектеп пен мұғалімдерден көрген азарын естігесін, ауыл шетіндегі “қортық” мектепті әрқашан айналып өтіп, маңына жуымаймын. Онда барған балалар ертеңіне бір қабат терісін сыпырып алғандай сәмсіреп, көздері сүзіледі де жүреді.
Ауыл адамдары:
– Міне, тәртіпті бала. Оқу деген сол, жындыны түзеп, түзуді ақылды етеді, – деп мақтап, марапаттап жатады. “Олар ақылды болған жоқ, ауышып жүр” деп ересектерге айта алмаймын. “Диірментөбеде” үлкен айтса қашан да дұрыс. Біреу күліп жүрсе, “қайтсін, өмірде көрген бір қуанышы ғой” дейді, біреу жылап жатса, оған да: “қайтсін, ішін күйік жалап бара жатыр байғұстың” деп отырғаны. Елдегі дұрыс емесі – біздің ісіміз, мал бақпаймыз, ақша таппаймыз, бақшаға түсеміз, ермек іздесек, дала кезіп тентіреп кетеміз. Енді, мектеп пен онда оқыған балаға жан жетпейді екен. Әкем мен шешем “оқы” деп жатпағасын шаруам қанша, күндегі дағды бойынша төсегімнен тұрып, шәйімді ішіп, көшеге шықсам, күнде бірге ойнайтын достарымнан біреуі жоқ. Жүгіріп ана үйге бір, мына үйге екі барамын. Шешелері алдымнан шығады.
– Аманкелді қаш-шан сабаққа кеткен.
Аманкелді – менің ес білгеннен қатар ойнаған досым, бірге жүреміз, бірге тұрамыз, енді, міне, маған айтпастан мектепке тайып тұрған. Бұлан-талан ашуланыл үйге келдім.
— Мен неге оқымаймын? – дедім апама салған жерден. – Балалардың бәрі сабақта жүр.
– Сенің әлі бір жасың толмаған.
– Мен мектепке барамын.
Сол жылы Қармақшыдан ба, Төретамнан ба, ауылға Пернеш деген қыз мұғалім болыл келген. Бекет басында жата қоятын үйдің сыңайы жоқ, біздің бір бөлмелі үйімізде сығылысып тұрады. Төр жақта сол Пернеш жүр екен, апам екеуі табанда ұжымдасып, киім-сөмкемді тіге бастады. Әл-сәтте жіптен ызған баулығы бар, шүберек сөмке әзір болды. Иығыма не іліп шыққаным есімде жоқ. Бірақ одан кейінгі жылдар, біздің тұрмысымыз сол төңіректегі әскери бөлімшенің тіршілігімен сабақтасты.
“Байқоңыр” ғарыш айлағының іргетасы 1955 жылдан қалана бастады деп ресми деректерде жиі жазылыл жүр. Бәлкім, ресмиліктің өзіндік жөн-жосығы бар шығар, ақиқатына келгенде, сол әскери қалашықты салу, ғарыш алаңдарын әзірлеу, теміржол тарту, тағы да басқа қыруар жұмыстар 1952 жылы басталып кетті. Солдаттардың ақ шатырлы қалашығы «Диірментөбеден» таяқтастам жерге орналасқан. Ауылдың маңынан екі қыр ассақ болды, жаздыгүні тігілген шатырлардың төбесі желмен көтеріліп, сонадайдан көзге ұрады. Бұл да жаңалық. Бала да болсақ, әскерилерге иығымызды тығып жүргіміз келеді. Олар ауыл баласын қызық көріп, қалбырдағы тамақтарынан береді, машинаға мінгізіп, жол-жөнекей түсіріп кетеді. Содан ба үйде отырғанда:
— Ертең өскенде солдат боламын, – деймін. – Машина мінемін, шатырдың ішінде жатамын. Ауыл-ауылды қыдырып жүремін.
Маған енді жарық дүниеде солдаттың өмірінен асқан қызық жоқ секілді. Сол тілегімнің шет жағасы періштенің құлағына шалынды ма, мектепке киіп баратын киімдерімнің көбісі әскерилердің ұстанып-тұтынған ескі маталарынан тігілді. Қалай 1 қыркүйек жақындайды, апам маған ендей тауардан көктеп-тігіп жейде әзірлейді. Бұл – солдаттардың төсегінен ауысқан жамылғы, ескіріп, өңі жұқарғасын ауылға әкеліп бір бөтелке араққа сатып, не тегін үлестіріп кетеді. Тегін дүниені көрсе тегін ұмытып кететін қазақ емес пе, әскери машинаның төбесі көрінгеннен бекеттің тайлы-таяғы қара жолға қарай тұра ұмтылады. Апамның бұл кезде солдаттардың киіміне қарап қалған жайы жоқ. Себебі, ауызғы бөлмеде, сандықтың ішінде, шыптаның астында жабулы тұратын дүкеннің заттары бар. Мұның бәрін ауылымызға ала келген Қармақшы қыстағындағы рулас ағаларымыз Нұрекеңнің автодүкені. Пешенейі бар, кәмпиті бар, қап-қабымен ұн тұрады. Ең көбі – есік аузына қатарлап жинаған жиырма жәшік арақ. Менің көктен іздегенім жерден табылып, пешеней-кәмпитті айналшықтай беремін. Апамның ауыз үйдегі дүкеніне менен гөрі қатты қуанатын әскерлер. Ішінде “Портвейн”, “Мускат”, “Вермут”, “Водкалар” бар. Әйтеуір гүр еткен машина үйді айналып өтпейді, үрдісте жоқ тәсілмен есікті қағып:
– Апашка, бутылку дайте, – деп тұрғаны.
Менің әлі күнге дейін таң қалатыным, апамның ауызша есепке жүйріктігі. Бала кезімнен білетін қабілеті қалай екен деп, жасы ұлғайған кезінде апама ойда-жоқта:
— Апа, 46-ға 84-ті қосса, қанша болады? – деймін жұмыстан келіп, не кетіп бара жатып.
– 130 болады, – дейді апам.
Бастауыш та, арнаулы орта білімі де жоқ, елеусіз бекеттегі кемпір ауызша есепті шемішкедей шағып тастайды. Қалай таң қалмассың. Бір заманда “Диірментөбе” ауылында төтеше сауаттандыру деген саясат басталды. Мен алдына барып жүрген бастауыш мектептің мұғалімі Төремұрат Ділімов әке-шешеме партияның тапсырмасы бойынша кириллица әрпін үйретті. Сол әріптер көкем мен апамның басына қона қалыпты. Елден асқан сауаты болмаса да, қазақша газеттерді айналдырып, тақырыптың, одан әрі мақаланың басын қосып, қиқы-жиқысын шығарып бірдеңе оқитын.
Білім бар жерді сығалап, орыстың тілі де оп-оңай келе қалады. Әлде Назаренкодан, әлде Ребровтан үйренген шығар, алдына арақ сұрап келген бір-жар орыстың бетін қайтарып, сәлемдесетіндей тілі бар.
– Апашка, 4 бутылки водки, – дейді орыс.
– Хороша, берите. Десять рублей восемь копеек! – дейді апам аузын ашып-жұмғанша арағын қолына беріп, есебін шығарып.
Демек, бір бөтелке арақтың бағасы екі сом 52тиын болғаны ғой.
– Ящик пряников, – дейді әскери орыс.
– Пожалста. Шестнадцать рублей, 20 копеек.
– Подожди, подожди. – Есебінен шатысқан әскери қалтасынан қаламын алып тұрып, қағазға жазып, қайта есептей бастайды.
– Шитай, не шитай, так, – деп апам қолын бір сілтейді. Есебі дұрыс шығады.
Енді, міне, әкем мен шешеме қара танытып, есепке баулыған Төремұрат ағайға барайын десем, мыңнан бір сайманым түгенделмей, үйді үйітіп жегендей қылып жатырмын. Менің де оқып, қолыма газет, кітап ұстағым келеді. Ал ағайдан қара таныған әке-шешем “Диірментөбедегі” сауатты адамдардың бірінен саналады. Сол білімнің арқасында екеуі де коммунистер қатарына өтіпті. Бекетте менің әкемнен басқа Қанибай деген мастер ағамыз коммумист болды. Бұлар енді сол кездегі сана-сезіммен салмақтағанда, ауылдағы ең сенімді де беделді адамдар.
Отымыздың басында маңызды шаруалар кешкі шайда шырайлана айтылып, күнделікті тірлік-жайы азанғы дастарханда сөз болады.
– Ертең партия жиналысы, – дейді апам самауырдың суын сарқа құйып отырып.
– Ау, солай ма еді? – Әкем жиналыстың есінен шығып кеткеніне өкінген сыңаймен санын бір ұрады. – Шашымды алдырайын.
– Сосын сандықтағы жейдеңді кисейші. Теміржолдың формасы үстіңнен бір түспейді.
Әкем бағыттаушы. Аса жауапты іс, түрлі жолдың торабын уақытылы ауыстырып, керекті бағытқа бұрып қоймаса, вагондар соқтығысып, бүкіл дүниені харап қылуы мүмкін. Жұмысы салмақты, бірақ жалақысы жарытымсыз. Өзі коммунист, міндеті – май-май болып қара темірлердің басын қосу. Мүйізгек алақанынан қашанда майдың табы кетпейді. Әкемнің сол кәсібіне сай мінезі де, тәртібі де темірдей. Бәріміз әңгімемізді апамызға айтамыз да, көкеміздің түюлі қабағын көргенде, далаға қарай маймаңдай жөнелеміз. Бір үйден екі адам коммунист болғасын, оған Қанибайды қосса, “Диірментөбеде” бастауыш ұйым ашылмай ма? Апамның ескертіп, әкемнің ұмытып кетіп отырғаны алыс аудан немесе облыс емес, стансадағы “қызыл бұрышта” өтетін бастауыш ұйымның жиналысы.
Су қыздырып, әкеміздің қолына сабын беріп, су құямын. Ол кісі бәкінің жүзіне салып, басын жұмыртқадай жұп-жұмыр етіп алдырады. Үстіне жағасы сары қағаздай умаждалған, бірақ кірсіз көйлегін киіп, белбеуін буады. Апам жолға әзір.
– Ал партия жиналысына жүрдік. Біз жоқта үйден аттап шықпаңдар. Әсіресе, Бақбер, ойнап кетпей, бөпелеріңе қара, – деп маған сенбестік білдіріп, соңдарына қарай-қарай кетеді.
– Қайда барасыңдар, – деймін әкем мен шешеме ілесе шығып. – Несіне әуре боласыңдар. Одан да Қанибайды үйге шақырып алсаңдаршы.
Шешем әкемеқарайды, себебі менің сөзімнің жаны бар. Жиналыс деп бір жерге үймелегенше, шайдің үстінде әңгімелесе бермей ме? Сонда жиналысқа мен де қатысқан болып шығар едім. Әңгімелерін тыңдар едік, далаға да ойнап кетпес едік, “бала-шаға не болды” деп олар да артына алаңдап мазасы қашпас еді.
— Болмайды, – дейді көкем маған әлденелерді түсіндіріп. – Партия жиналысы үйде өткізетін біреудің мәслихаты, тойы емес, оның өзінше әңгімесі болады. Тәртіп бойынша бәрін кеңсеге барып айтуымыз керек.
Әкем 1936 жылдан, апам жарты ғасыр партияның сапында болды. Компартия күйреген кезде де партбилеті сандықтың түбінде жатты. Ауылдан ағайындаркелгенде:
– Үрімкүл, сенің зейнетақың бізге қарағанда көп шығар. Заманында коммунист болдың ғой, – деп сұрап жатады.
— Қырықсом. Коммунистігім үшін көк тиын да қосылмайды. Заманында коммунист болған анамыз бір мезгіл дүкен ұстап, балапанына жем тасыған қарлығаштай тыным таппайтын. Енді міне мені мектепке әзірлеп жатыр. Мезгілсіз уақытта келген әскерлер арағынренжімей сатсын дей ме, апама төсек жаймаларының біразын әкеліп тастапты. “Мен оқуға барамын” деп қиғылық салғанда, сол жаймаларды сөгіп, пішіп жіберіп, әп-сәтте жейде, қалған матадан балағы атанның шудасындай далақтап жүретін, орыстар “шара-бара” дейтін киімтігіп берді. Ертеңіне шүберек сөмкемді қолыма ұстап, Аманмен бірге ауыл мектебіне бардым.
Сабаққа ынтам жақсы. Төремұрат, Самұрат ағайлардың үйреткенін кәдімгідей қағып аламын. Алғашында менен алғыр оқушы шығар деп күтпеген ата-анамның өзі сабағыма зер сала бастады.
– Әй, мынау қоятын емес қой, – дейді көкем. — Дәптерінің іші тола бес. Тіпті, төрттің өзі жоқ.
Мақтауды бала жек көруші ме еді, оқуға одан сайын құлшына кірісемін. “Төбеңді ояды” деген Төремұрат маған әрқашан жылы қабағының астынан қарайтын секілді. Жалпы, бала кезімде мұғалімді адам баласынан айрықша санаушы едім. Мен мұғалім тамақ жейді, дүкенге барып сауда жасайды, мұғалімнің әйелі, бала-шағасы болады дегенге, көзіммен көрсем де, сенбей жүрдім. Ал мұғалімнің қақырынып дәретханадан шығып келе жатқанын көргенде, аузымды ашып тұрып қалғанмын. “Ағай да дәретханаға бара ма?” деген сенбестік. Сенбейтіндей бар, біздің ауыл мұғалімдерінің киген киімі, жүріс-тұрысы өзгелерден бөлек. Таза жүреді, үстерінде ақшыл өңді костюм мен шалбар, кепкасының өзі сол түсті. Шалбарының қыры сонадайдан қылыштай боп көзге түседі, сөзінің өзі де ауыл қазағының әңгімесінен айрықша, “өйтіңіз, бүйтіңіз” дегендерді көп айтады. Ешкімнің “төбесін ойып жатқан” мұғалім көргенім жоқ. Заманындағы мұғалімдер ешкіммен етене жақын қатысып, араласпайтын. Содан да болар, көшеде қарсы кездесіп қалса, сонадайдан тұра қаламыз. Оқуды үйретіп жатады, “Әліппені” ашып қойып, “мынау не деген сөз?” деп төбеңде төніп тұрады.
– Ар-а, Сара, бала, Сара, бал ал – деп мен жүйткіте жөнелемін.
– Молодец, Досманбетов, – дейді ағайымыз арқамнан қағып. – Отыр орныңа.
“Молодецін” жақсы көрсем де, сондай атым үшін достарымнан ұялатын секілдімін, басымды төмен салып барып, партама жып етіп отыра қаламын.
Бір класта түске дейін 1-3 сыныптың, түс ауа 2-4 сыныптың оқушылары бірге оқиды. “Молодец” деген сөзді ересектеу оқушылар да естіп отырады. Қоңырау соғылған сәттен бүкіл ауылға тарай жөнеледі. Содан отырыспа, той, құдайы берген жерде сақалдары сапсиған шалдардан бастап, әйелдерге дейін:
– Сәрсеннің баласы сабақ оқығанда түбін түсіреді екен. Мұғалімнің айтқанын айтқандай аузынан қағып алады да, заматында, кітап бетіне қарамай, өзіне айтады екен, – деген әңгіме гуілдей алып жөнеледі.
Міне, осылайша атақтан аз, беделден басқа, абырой деуге келмейтін «молодецтердің» талайын жинай бастадым. Класта менен «беделді» Тұңғышбай ғана. Жасы бізден 6 жас үлкен, бұлшық еті білеудей, қолындағы сым темірін ширатып, ауылдың ит-құсын үркітіп, ұршықтай үйіріп жүретін.
Соның алдына құдай айдап біз түстік.
– Сенің айтқаның екі болмайды. Балалар тыңдайды, – деп Самұрат ағай оны класком қойғалы бері, мектеп ішінде аяғымыздың сытырын шығармай қойды. Қысты күні үстімдегі қолайсыз қара фуфайкамды шешіп тастағасын, жалаңқат велветка қалады. Денеміз тоңазыған соң ортадағы ағаштың діңгегіндей қара пешке арқамызды басып тұрамыз. Заң бойынша біз тоңбауға тиіспіз, айқайлап күлуге, жүгіруге, алысып-жұлысуға да болмайды. Ондайды көріп қалса, Тұңғышбай май құйрықтан сым темірмен бір тартып өтеді, маймаңдап басып алдына түсеміз. Қысқасы, бізге мұғалімнен гөрі класкомның қаһары қатты.
Денемізді жазып, бір жасап қалатынымыз – денешынықтыру деген пән. Менің бойымда оқысам да, жүгірсем де, жолдастарымның алдына түсіп озамын деген желік пайда болған. Сол денешынықтыру сабағында “Пионер галстугін” ойнап жатқанбыз. Ортада оқушы тұрады да, бір қолына қызыл, екінші қолына көк жалау ұстайды. Қызыл жалауды бірінші болып аламыз деп екі жақта саптасып тұрған оқушылардың арасынан біреуіміз тұра келе ұмтыламыз. Осылай ойқы-шойқы жермен құстай ұшып, қызыл жалауға қарай емініп келе жатқанмын… Не болғанын білмеймін… Ойын шарты дұрыс – жалауша ауысып кетті де, өзіммен парталас Жеңіс деген қыз екеуміз соқтығысып, екі жаққа ұшып түстік. Жеңістің күрек тісі табанда сынып түсті, жай кеткен жоқ, менің төбемді ойып кетіпті. Бет-жүзімді қан жуды. Ағай қолтығымыздан демесе де тұра алар емеспіз. Есеңгіреп қалғанбыз. Біз қан-жоса болып, мұғалімнің иманы тас-төбесіне шықты. Соғысып жатқан Кеңес оқушылары ғой. Содан қайтып “Пионер галстугі” деген ойыннан “сен көр, мен көр” аман-есен құтылдық. Жеңістің тісі менің төбемнің жарылуына қарап тұр екен. Әлі күнге дейін Жеңіспен кездесе қалсақ, сол күндерді риясыз еске аламыз. Екеуміздің денемізде де “Пионер галстугінен” өмірлік ескерткіш қалған.
Балалық дәурен өтті ғой, шіркін! Отқа түспей, суға батпай, талай өткелдерден тағдырым қолтықтап алып шыққан секілді. Өзіме деген ауырмалықтың көбісін мінезімнен таптым. Елдің алдына түскім келеді, қатарымның көшін бастағым келеді, содан да кейде аяқты алаң-құлаң басып, аңдаусызда құлап жататыным. Көбісі – айтуға да ұят секілді.
Өмірде ондай-ондай болады. Вокзал басында “кімнің қадамы ұзын” деп, бұтымыз айырылғанша шатқаяқтап, бір-бірімізбен ерегісіп жатқанымыз бар. Мен үздік шықтым, бірақ ет қызуымен тақымымның тартылғанын білмей қалғанмын. Түнімен ойбай… Үйқы жоқ, өрелі таңды көзіммен атырамын.
Енді қайттік? Әкем мен шешем өкпесін қолына алып жүгіргенде, бірінің алдына бірі түседі. Ауылда дәрігер атымен жоқ, иненің ұшын көрсе, жаны шығып кетердей, қазақтардың қыр асып қашатын шағы. Бірақ дәрігерден басқа арқа сүйейтін жан бар ма? Ақыры безектеп, жаным қыдырғасын шешем екеуміз Қазалыға тарттық. Ауырып келемін, ыңқылдаған үнім құраққа шығады. Жүрісі түскір өнер емес.
– Бақбер, қалайсың? – дейді шешем түн қараңғылығында түртінектеп келе жатып.
– “Жақсы” деуге жағдайым көтермейді, “жаман” деп айта алмаймын, ыңқылдай беремін. Ақыры бозторғай шырылдаған боз ала таңда Қазалыға да жеттік. Өзім ауырып келемін, екі көзім қалада. “Диірментөбедегі” кезерме секілді аурухана дейтін ұзына бойы салынған үйге жеттік. Ақ желең киген әйелдермен сөйлесіп, апам ішке кіріп кетті. Таң сәулесімен төңірек түгел көрініп тұр. Менің көзіме жал ағаштың арасынан қызыл, сары гүлдер түсті. Ауырғанымды ұмытып кеттім-ау деймін, әлгі гүлдерді шетінен жұлып, құшағым жеткенше жинап жатырмын.
– Таста, ойбай, не істеп жүрсің? – ізімнен апам жүгіріп шықты. – Ауырып жүріп гүлді қайтесің?
– Әдемі екен, ауылға алып кетіп, бұзауға беремін…
Дәрігерлер тексере келгенде, тақымыма сояудай ағаш жаңқасының кіріп кеткені аян болды. Әрі-бері айналдырып отырып, жаңқаны суырып алғаннан кейін жаным жай тапты. Сөйтіп, ауырып барсам да, ақсап барсам да, қатарымның арасында қаланы бірінші болып көрдім.
Біздің “Диірментөбедегі” елу-алпыс жыл бұрынғы тіршілік солай еді. Қазір зәуқайымда елге соқсам, әр баланың түр-түсінен кімдікі екенін танимын. Аталарымыз мұндайда “Ә-ә, ит жегенін құсады” деуші еді. Сол балалардың ішінде әлі күнге дейін өзім жүрген секілдімін. Тісі кетік, жалаңаяқ, тыным таппайтын шайтанның сапалағы секілді арық бала мен шығармын бір кездегі. Ауылымның бүгінгі қалпы көкем мен апамның ескірген суреті секілді.
Ұмытпасам, 1980-інші жылдар-ау… “Новый мир” журналына Шыңғыс Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күн” деген терең пәлсапалық әдеби дүниесі жарық көрді. Осы бір романның журналдың нұсқасы көңіліме қона қалып, шығарманы бас алмай оқып, аптада бітіріп тастадым. Мені қызықтырған – ондағы мәнгүрттік күй кешкен Жоламан емес, Найман-Ана мен Қазанғап деген теміржолшы, және суреттелген бекет біздің “Диірментөбені” қаз-қалпында көшіріп салғандай екен. “Диірментөбеде” облыстық кәсіподақ комитетінде қызмет жасаған Сәбитжан секілді жігіттер болды. Елге келгенде, кеудесімен көк, қарнымен жер тіреп, айбатын төгіп кететін. Сөйтіп жүріп ізінен іздеп барған “Диірментөбенің” адамы табалдырығынан аттағасын:
– Шайыңызды ішіңіз, бұйымтайыңызды айтыңыз, келініңіз екеуміздің жұмысқа баратын уақытымыз болды, – деп үйінен қуып шыққандай қылады екен. Сондай адамдар ауылға келгенде қыры сынбаған, күн көзіне шағылған костюмін көріп таңырқай қараушы едік. Тіпті, кітаптың әсерге бөлейтін тұсы бұл да емес. Басқа. Бекеттің байырғы тұрғыны Қазанғап кейде әкеме ұқсап кетеді. Тіршілігін ғана біліп, адал еңбегімен күн көріп, бала-шағасының тілегін тілеген жан.
Өмірде менің әкем секілді талай жандар болған шығар. Романдағы кейіпкер, бәлкім, жинақталған образ болар. Ең бастысы, Төретамдағы әскерилермен қоян-қолтық араласып жатқанымыз рас. Ана бейіт әскерилер қарамағында қалды. Бекетте біреу қайтыс болса, коршаулы темірдің арғы жағына өтіп, ескі қорымға марқұмды жерлей алмаушы едік. Рұқсат етпейтін. Кітапта біз білетін «Ана бейіт» «Найман-Ана» деп аталыпты. Ал теміржол басына күнде келіп-кететін түлкі, ерсілі-қарсылы өтіп жатқан пойыздар тура «Диірментөбенің” өзі. Мен сол үшін де “Ғасырдан да ұзақ күн» романын үлкен тебіреніспен оқыдым. Кітап желісінде кездескен сауалдардың көбісіне өздігімнен жауап іздедім. Аянышым, ренішім, қуанышты сәттерім болды.
Жалғасы бар