І-тарау
ОҚИҒА ОЗАРЫНДА
ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОЛЖАСЫ МЕН ОЛҚЫСЫ
Осы жерде еске түсіп отыр. АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Харрсон Кортни New York Times газетінің 2011 жылдың 5 сәуірдегі нөмірінде «Қазақстанның әкесі» деген мақала жариялаған еді. Айтқандай, 1992 жылдың 10 тамызынан 1995 жылдың 1 шілдесіне дейін біздің елде қызмет еткен ол Құрама Штаттардың қазақ топырағындағы бірінші төтенше және өкілетті елшісі болды. Міне, осы қайраткер Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев құрған режимінің ең осал тұсы кәдесінде жемқорлықты атап өтеді. «Сыбайлас жемқорлық – Нұрсұлтан Назарбаев билігінің ең жанды һәм осал тұсы» деді елші. Мұнысы бекер емес еді. Forbes журналында оның қызы Динара Құлыбаева мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың ортақ байлығы 2,6 миллиард долларға бағаланатыны айтылған. Ал WikiLeaks сайтында 2010 жылы АҚШ елшілігінің Вашингтонға Құлыбаевтың «үлкен көлемдегі параға құнығып алғанын» жеткізгені жарияланды. Кортни мырза сондай-ақ 1990 жылдары елші ретінде Назарбаевпен алғаш танысқан шағын: «Мені сол кез Ресейдің бұл республикамен ашықтан-ашық жемқорлыққа итермелейтін қатынас орнатуы таң қалдырды. Кремльдің энергетикалық «құдайлары» республиканы өзінің табиғи байлығының адал үлесінен қағылып қалуға мәжбүрледі», – деп еске алады. «Алайда көп ұзамай бұл қысымды басқа тараптан келген анағұрлым тиімді ұсыныстар ығыстырып шығарды. Бірақ соңғы уақытта Қазақстанның мұнай-газ саласына салынатын инвестициясы шатқаяқтап, сыбайлас жемқорлықтың құрбанына айналып кетті. Халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімінің басым бөлігі аз ғана адамның қолында тұрды»,-деп атап өтті ол сосын. Ал Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жайын Египетпен салыстырғанда, Кортни: «Египеттің қуылған президенті Хосни Мүбәрәк секілді Нұрсұлтан Назарбаев та экономиканы көтеріп, қоғамның сұранысын қанағаттандырды. Алайда сыбайлас жемқорлық мәселесі көмейге кептелген тас сияқты күрделі күйінде қалып отыр» дегенді ашық айтты.
Мұны әлемдегі сыбайлас жемқорлықтың ахуалына барлау жасап, оның есебін шығарып тұратын Transparency International деп аталатын үкіметтік емес халықаралық ұйым да айғақтап берді. Оның 2018 жылғы мәліметі бойынша, Қазақстан есепке алынған 180 мемлекеттің арасында 124-орыннан көрінді. Ал 2005 жылы 158 дәулеттің ішінде 107-орында болдық. Осының өзі сол уақыттан бері жағдай нашарламаса, жақсара қоймағанын байқатады. Міне, елді көп жылдардан бері шырмауықтай шырмап алған осы дауасыз жемқорлық пен парақорлық халықтың ығырын шығарып бітті. Жемқорлық жегісінің тым тереңге тамыр байлап алғаны сондай, бүгінде оның шырмауықтай шұбатылған шарпуының қол жеткізбеген саласы жоқ. Соның ішінде жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің ошағы – білім беру мекемелерін соңғы жылдары осы індеттің меңдеп алғаны ішті қан жылатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өткен жылғы мәліметі бойынша сала қазір көш басын ешкімге бермей,жеке-дара топ бастап келеді. Бұдан кейінгі орындарда тап осындай қасиетті сала саналып келген денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамту жүйелері тұр. Бұдан кейін ел болашағының өзі барынша қорқынышты болып көрінер еді.
2020 жылы британдық журналист Том Берджестің «Клептопия: «Лас ақша» әлемді қалай жаулайды?» деген кітабы шығып, дүниені дүр сілкіндірді. Фолианттың басым бөлігі Қазақстан клептократиясына арналған екен. Ал бұл термин «ұрылар билігі» дегенді білдіреді. «Азаттық» тілшісімен әңгімесінің барысында автор біздің елімізді неге әлемдегі әлеуетті клептократиялардың біріне жатқызатынын айтады. «Кітапта «лас ақшаның» әлемді қалай жаулап жатқаны, ауқымы артып келе жатқан жемқорлықтың көмегімен басқару әдісінің қаншалықты кең тарағаны жайлы айтылады. Мен мұны «клептопия» деп атаймын», – дейді публицист. Ол Қазақстанда сырттан келген олигархтар Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шодиев үштігіне кең тоқталады. Бұдан әрі Том Берджес кітаптағы ең ірі тұлға ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі айрықша аталатынын әңгімелейді. «Менің ойымша, Қазақстан – трансұлттық клептократиядағы негізгі элемент. Ол әлемдегі ең ірі клептократия саналатын Қытай мен Ресейдің арасында тұр. Қазақстан батыс демократиясының «ішіне кіріп», көп жыл бойы ықпал сатып алуға және Назарбаевтың батыстағы беделін өзгерту үшін ықпалды имиджмейкерлерді ұстап қалуға тырысты. Қазақстан – постсоветтік әлем мен үлкен демократиялар арасын байланыстырушы көпір», – дейді тағы. Содан соң автор тілшінің сұрағына жауап бере келіп: «Қазақстан нақтырақ айтқанда, ондағы басқарушы режим, әлемде алғашқылардың бірі болып мұнай мен газдан түскен табысты өзіне шетелде «легитимділік» сатып алуға жұмсады. Ресей, Қытай сияқты мемлекеттер де ықпал ету науқанын жүргізіп тұратыны белгілі. Ал Қазақстан – батыстың алдында құрметке бөленіп, беделді ел ретінде көрінгісі келетін кішігірім мемлекет. Нәтижесінде, Назарбаев режимі Париж, Лондон, әсіресе, Вашингтондағы ықпалды адамдармен қарым-қатынас құруға басымдық берді. Сондықтан Қазақстанды «жаһандық сипатқа ие клептократия» деп атаймын», – дейді Берджес соңында. Белгілі философ Әбдірашит Бәкірұлы әлемде «бай мемлекет», «кедей мемлекет» деген ұғымдардың қалыптасқанын айта келіп, бұдан әрі байлықтың мемлекетке кім үшін және не үшін қажет екенін сұрайды. Сөйтеді де, оған өзі «Мемлекеттің байлығы осы мемлекетті құрып отырған халық үшін қажет» деп жауап береді. Өйткені, мемлекет деген кең мағынасынан алғанда, бар болғаны сол байлықты халықтың игілігіне жаратудың тетігі не құралы ғана! Сол себепті мемлекетті «бай – кедей» деп бөліп атағанда, онда жасайтын халықтың қандай мөлшерде бай не кедей екені мен мемлекеттің соған сай қуаттылығына ой жүгіртіп тұрамыз. Философтың пайымынша, сондықтан кез-келген халық өзінің бар қазынасын мемлекет әлеуетін арттыруға, сол арқылы өзінің (халықтың) баршылықта өмір сүруін қамтамасыз етуге жұмсайды. Бұл – мемлекеттің де, онда ғұмыр кешіп жатқан халықтың да тіршілік ету дағдысы мен дамуының жеке-дара шарты, басқаша айтқанда, өмірлік басты мақсаты мен кредосы. Мұның бәрі «мемлекетті басқару принциптері» негізінде жүзеге асырылады. Автор бұдан әрі: «Ал егер осы аталған «басқару принциптері», яғни «билік принциптері» мемлекет байлығын «халықтың байлығы» деп емес, тек қана «мемлекет байлығы» деп санайтын болса, онда, міндетті түрде, барлық байлық тек «мемлекет байлығы» болып шығады да, ол байлық халықтың емес, «мемлекет» атты құралды қолына ұстаған биліктің, не болмаса олар құрған кландық топтардың, жоғарымен байланысы бар өзге де алаяқтардың «байлығы» болып шыға келеді» деген түйін түйеді. Біз әлгінде айтып өткен клептократияның нағыз классикалық үлгісі болып табылады.
Әбдірашит Бәкірұлының ойынша, осындай жолмен өмірге келген кландар мен олигархиялық топтар «мемлекет байлығын» өздерінің «жеке байлығына» айналдыру үшін қоғамда (қоғам – халықтың өмір сүру формасы) сыбайлас жемқорлықты, заңсыздықты, неше түрлі азғындықты туындатады. Осыдан келіп, жемқорлық індетін елдегі өмір сүру қалпына айналдырып жіберген ұялас топтардың ережелерін ұстануға мәжбүр етілген халық «лай судағы соқыр балыққа» ұқсап қалады. «Міне, жоғарыдағы басты сұраққа жауап беру үшін осы мәселелерді анықтап алу керек екені осыдан білінеді. Бұдан көретініміз, Назарбаев жүйесінің (Назарбаевтың да) ең басты қателігі деп «мемлекет байлығы» деген түсініктің мазмұнынан халық деген атрибутты сызып тастағанында болып отыр дер едік. Нәтижесінде мемлекет өз алдына, халық өз алдына өмір сүруші субъектілерге айналды да, «мемлекет» аздаған топтың «құралы» болып шыға келді», – дейді соңында философ жазушы.
Олай болса, Қаңтар қырғынының туып кетуіне мемлекет (билік) пен халықтың осылай екі қарама-қарсы топқа бөлініп кетуінің де салқыны кем болған жоқ. Осы бөліністің ортасында билікке қатысты және билікке жақын бақуатты кісілердің Дубайда, Лондонда, Монакода, Швейцарияда, Францияда, Испанияда, Түркияда және басқа жерлерде бой көтерген зәулім замоктары, сарайлары, виллалары, Еуропа теңіздері айдынында жүзіп жүрген яхталары тұр. Біз мақаламызда бұлар жайында жан-жақты баяндауды жоспарластырып қоймағандықтан, бұдан артық ештеңе айтпаймыз. Олардың жайларын білгісі келетіндер үшін қазір қажетті мәліметтерді беретін дереккөздер өте көп. Бірақ қарағай басын шортан шалған қандай бір зобалаң заман туса да, «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» халықтың ұрпақтары осы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сондай масқараға ұрынғанын бір ауыз сөзбен қозғамай өте алмаймыз. Жат жұртқа сатылып, ел асып кеткен жетімдердің көз жасы сондай кісәпірлікке барған залымдарды түбі текке жібермейді деген үміттеміз.
АЙСҰЛТАН АҢҒАРТҚАН АҚПАР
Осы жерде еске түсіп отыр, бұрынғы президенттің жиен немересі Айсұлтан Назарбаев Қаңтар оқиғасынан бір жарым жыл, өзі жан тапсырғанға дейінгі жарты жылға жуық уақыт бұрын Алматы маңындағы таулардың жондарында соғысқа астыртын дайындалып жатқан бір сойқан содырлар жасағы бар екені жөнінде хабарлама жариялаған болатын. Нақты айтқанда, ол 2020 жылдың 6 маусымында Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына пост қалдырып, онда Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында жүрген бір шоғыр жансыздың соңғы кездері мемлекеттік төңкеріс жасауға қызу әзірленіп жатқанын баяндап берген. Бірден айтып қояйық, кейін көзіміз жеткендей, оның тосын таралған тұспалы әшейін айбарақ әңгіме емес, шын мәніндегі ақиқи ақпар болып шықты. Осы арқылы-ақ жас жігіт мемлекеттің бүгіні мен ертеңіне шынайы жаны ашитынын, оның тағдыры үшін айрықша алаңдайтынын анық аңғартты.
Бірақ былайғы жұртқа бұлтсыз күнгі найзағайдай қатты әсер еткен бұл дүрмекті дабылға сол күндері экс-президент жағынан да, билік тарапынан да селт етіп бас көтеріп, елп етіп елең қаққан ешкім болмады. Әлде ақпараттың ошары астыртын болса да, біршама тексеріліп көрілді ме, жоқ сол қалпында меңіреу жартасқа барып соққан жаңғырық секілді айтылған жерінде қазбаланбай қалып қойды ма, оның мәнісі біздің қаперімізге жеткен жоқ. Бірақ суыт хабардың бір мемлекетті орнынан тік тұрғызып, бірден сөздің сілтеуіне нысана болып отырған маңайдың тозаңын аспанға ұшырып, астын үстіне түсіре қарап, сүзіп шығатындай қуатты қауқары бар-ақ еді. Бәлкім, жоғары билік топшысынан сондай атты тапсырма берілген де шығар, алайда оның барлық бүге-шігесін бүлк еткізбей зерттеуге құқылы құқық қорғау органдары бұған соңынан сүйейсалды жауап бере салулары да мүмкін ғой. Солай болуы ғажап емес екенін олардың негізгі буындары өкілдерінің соңыра орын алатын қақтығыстар күндерінде ешбір әлуетті әрекетке қол ұрмай, кабинеттерін түгел бір кісідей көпе-көрнеу тастап шыққандары да андата түседі».
Сонымен, Айсұлтан желі жүзінде сауын сала отырып, елімізге төнгелі тұрған алапат апат пен қауіпті қатердің жай-жапсарын алты алашқа қалай жаппай мәлім етті? Оның айтуынша, «жалғыз және бір ғана Құдайдың» өзі одан «осы сөздерді Елбасына жеткізуді сұраған» көрінеді. Осылай «өзіне жеткен аянға» арқа сүйеген арлы азамат нағашы атасының айналасындағы ат төбеліндей торқалы топ шолақ шалбарлы салафиттердің әлекедей жаланған жамағат жасағын құрып алғанын алға тартты. Сол дүмді демеушілер оларды барлық қажетті заттармен соның ішінде қару-жарақпен толық қамтамасыз етіп қойыпты. Нақтылай атап өткенде, саны 400-ге жетіп жығылатын қарақшы қауымның бар мақсаты билікті күшпен басып алу болған, міне, енді сол міндетті жүзеге асыру үшін «ормандар мен тауларда» жасырын жаттығулар жасап жатыр.
Айсұлтан өзінің жазбасында «олардың бір бөлігі Астанаға жақын жерде, елордаға қанаттас Орталық Қазақстан облысының аумағына көшірілгеніне» назар аудара келіп, содырлар сапын спутник пен радар барлауы арқылы оңай тауып алуға болатынын ескертеді. Ал жалған жауынгерлерді мұнда әкелудегі діттеген мақсаттары қарулы көтеріліс басталып кеткенде оларды ел байтағына жылдам жеткізу болған. Бұдан әрі жас жігіт: «Олардың екінші жоспары осы! Бірақ – бұл орындалмайтын шаруа. Өйткені, альфа мен омега: бұл – әрбір істің басталуы мен аяқталуы деп айтты», – деп жазып, өзінің оқиғаға орай түйінді болжамын білдірді.
Енді жазбаларының бәрін орыс тілінде жазған Айсұлтан мәтінінің түпнұсқасын ұсынып көрейік. Орфографиясы мен тыныс белгілеріне қол тигізбей, сол қалпы бергенде, ол былай болып өріледі: «Один и единственный Бог просил также передать Нурсултану Назарбаеву Ел Басы о том что окружении Ел Басы спонсирует и обеспечивает сформированную группу салафитов всем необходимым, в том числе и оружием. Их численность около 400 человек. Они вооружены всем необходимым оружием для исполнения насильственного захвата власти, то есть в силовым путём. Их прячут в лесах и горах, и часть из них была перебазирована в центральный Казахстан по ближе к столице! Спутниковая и радиолокационная разведка смогут с легкостью найти их! Это и есть их второй план! Но этому не бывать, ибо так сказал альфа и омега начало и конец!».
Айсұлтан мұнымен де тоқтамайды, ол арада үш тәулік өткеннен кейін, яғни 9 маусым күні Ресей Федерациясының президенті Путинге «Қазақстанда алдын ала жоспарластырылып қойылған төңкеріс туралы барлау мәліметтерін» жеткізбекші болып, оған Facebook арқылы үн қатады. Мұнда айтылған сәлемдемесін мемлекетаралық арналар арқылы емес, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өз қолына аманат етіп жеткізуді өтінеді. Түсіндіруінше, республикада таяу уақыттарда орын алғалы жатқан барша топалаңның ту сыртында АҚШ-тың Орталық барлауы (ЦРУ) тұр. Ал Вашингтонның тыңшылық қызметі жүгенсіз әрекеттерге алдын ала дайындалған саппас салафиттер мен радикалды ағымдағы имансыз исламистерді тартпақ. Жаулық іс-қимылының бәрі не дін, не ұлтшылдық негізінде басталып кетуге тиіс. Жоспар жобасында солай. Қарсы қаскөй жақ мұнда Ресейді жан-жағынан қоршап, қыспаққа алып, бейтарап хәлге жеткізу үшін дәл иегі астында жапатармағай берекесіздіктің кеңге етек жаюына жол ашуды басты міндет етпек. Ол сонымен бірге бұл жоспардың шегесі сонау 1995 жылы-ақ қағылып кеткенін жеткізеді. Сондай-ақ өте мұқият ойластырылған шараға Президентке өте жақын шеңберде жүргендердің де қатыстары бар екенін ашық айтады. «Также замешано ближайшее окружение президента, этот была тщательно продуманная операция!» деп түсіндіреді орда бұзар орта жастағы жігіт.
Адалына көшкенде, бұл өзі білетін шындықты көпшілікке жеткізбекші болып шырылдаған Айсұлтанның әлеуметтік желіде бірінші рет көрінуі емес еді. Құлақтары түрік ағайын оның бұған дейін 2017 жылдың 17 қаңтарында Facebook бетінде дәл сондай миссиямен көрініп, Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарып келе жатқан жұмысы мен «жемқорлық жасады» деп айыпталып отырған шенді шенеуніктерге қатысты өзекті ойларын білдіргенін жақсы біледі. Осылайша әулетінен алғашқы болып қоғам өміріндегі қайшылықтар мен көлеңкелі тұстарға қатысты ой тарқатқан ол сондай-ақ «ағашкалар дәуірі енді аяқталып қалғанын» сеніммен әрі масаттана жазды. Оның пікірінше, қазіргі Қазақстан дүйім халықтың көз алдында тез өзгеріп келеді. Сонымен бірге, ол Президент айналасында жүрген «ұрылар» жайында да сөз қозғап өтуді ұмытпады.
Осы орайда Айсұлтан Назарбаевтың нақты кім екеніне де аз-кем тоқталып кетейік. Ол – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің Алматыда 1990 жылы 26 тамызда туған екінші ұлдары, яғни бұрынғы президенттің жиені. Ұлан оқушы кезінде әуелі Астанадағы Халықаралық үздіксіз білім беру колледжінде оқыды, сосын Австрияның Зальцбург қаласында орналасқан Америка халықаралық мектеп-интернатында білім алды. Кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында жазылғандай, бұлардың соңғысында жүргенінде мектептен берілетін азғантай шәкіртақыға өмір сүріп, ақшаны үнемдеуді үйреніпті. Бұдан кейін, 2010 жылы Британиядағы Сандхерст Корольдік әскери академиясын бітіріп, Қазақстан Қорғаныс министрлігіне қарасты бас барлау басқармасының штатына қабылданады. Ол жауынгерлік ұрыс қимылдарына тең операцияларға қатысқаны үшін британ елінде «Жетістігі үшін» медалімен марапатталған. Ал елге келгесін бірқатар уақыттан соң Отардағы әскери бөлімде міндетін өтеуге аттанып, аға лейтенант атағын алған.
Алайда Айсұлтан Назарбаев араға көп мерзім салмай-ақ әскери саладан біржола кетіп, өмірінің біраз бөлігін өзі бала жасынан жақсы көрген футболға арнайды, сөйтіп, онымен кәсіпқойлық негізде айналыса бастайды. Ол әуелі әкесі Австрияда елші болып жүрген кезде сол елдің «Адмира Ваккер» клубы сапында алаңға шығып жүреді. Бұдан әрі Англияға барып, Лондонның «Челси» командасы жасөспірімдер тобына жазылды, содан соң «Портсмут» жасағында ойнап, сол ел чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал 2006 жылы Астананың «Рахат» командасы сапында Қазақстанның бірінші лигасында екі ойын өткізді. 2007 жылы Алматының «Железнодорожник» клубы құрамында ойнады. Сонымен қатар 2006 жылы Еуропаның жастар арасындағы чемпионатының іріктеу турниріне қатысты. Бұдан кейін, 2011 жылы «Астананың» қосалқы құрамынан көрінді. 2012 жылдың 21 қазанында «Сұңқар» жасағы сапында жалғыз матч өткізіп, футболшылық мансабын аяқтады.
Айсұлтан 2013 жылы 31 тамызда белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың қызы Әлимаға үйленді. Оның таңдап алған өмірлік серігі «Астана» Ұлттық суреттер галереясында мәдениеттанушы және тәлімгер болып жұмыс істейтін еді. 2016 жылы 9 маусымда олар Амели есімді қызды болды, кейінірек Сұлтан ныспылы ұлы өмірге келді. Ойыншы ретінде ерекше жарқырап көріне алмаған Айсұлтан 2015 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Футбол федерациясының президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсынады. Осыған байланысты ол «бар білімін, күші мен қуатын Қазақстан футболын дамытуға жұмсайтынын» баяндады. Бұл кезде федерацияға өткен жылдан бері Ерлан Қожағапанов жетекшілік етіп келе жатыр еді.Тағы бір жылдан кейін тыным таппас қайсар жігіт кәсіби футбол клубтарын үлкен аккумуляторға теңей келіп, өзінің оларға от беруге бағытталған креативті ойларын ортаға салды. Осының бәрінің әсері болған шығар, 2017 жылдың ақпанынан қазан айына дейін Қазақстан Футбол федерациясының ФИФА, УЕФА халықаралық ұйымдарымен және ұлттық қауымдастықтармен байланыс жөніндегі вице-президенті болып қызмет істеу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Алайда Айсұлтан Назарбаевтың футбол функционері ретіндегі белсенді іс-әрекеттері осымен тамам болып, ол шұғыл басқа шаруалармен шұғылданып кетті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оның блогер ретінде әлеуметтік желіде көрініп, көкірегін керіп бара жатқан «бүлікшіл» ойларын батыл айта бастауы осы тұстан шылбыр ұзатады. Сол 2017 жылы сондай-ақ Facebook-те есірткіге үйірсектік танытып жүргенін алғаш рет мойындады. Жазуынша, нашақорлық деген дертке атасы, академик Мұхтар Әлиев қайтыс болып, әкесі Рахат Әлиев Австрияның түрмесінде түсініксіздеу жағдайда өзін-өзі өлтіргеннен кейін бой алдырып қойған. Кейін есірткіге тәуелділікті жеңуіне нағашы атасы мен Алла Тағаланың жәрдем бергенін айтты. Бірақ оның нашадан біржола қол үзгені жалған болып шықты…
2017 жылы Айсұлтан Назарбаевтың төңірегі дау-жанжалға толып өтті. Сол жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың аты аңызға айналған қаһарманы, даңқты генерал Иван Панфиловтың шөберелері, ағайынды Ержан және Асқар Бірімжановтардың шаруашылық басқармасы президент жиенінің Астанадағы элиталы пәтерін итальян дизайнерлерінің жобасы бойынша жөндеуден өткізіп беруді бөдіретіне алады. Бірақ жұмысты ақырына дейін жеткізбей кетеді. Сол үшін сот іс қарап, Панфиловтың ұрпақтарын жеті жылдан бас бостандығынан айырады. Бірақ төрт айдан кейін олар ақталып шығарылады.
Жалғасы бар