Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Бүгінде қалада бірнеше медициналық мекеменің жаңа ғимараты салынып жатыр. Соның бірі – онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана. Ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар медициналық кешен құрылысына республикалық бюджеттен, жұмысты аяқтау үшін Инфрақұрылымдық даму қорынан қаржы бөлінген. Ғимараттың жалпы ауданы 48 мың шаршы метрге жуық. Он блоктан тұрады:қабылдау, реанимация, химиотерапия, операциялық және радиология бөлімдерімен қатар, емхана, пансионат, физиотерапия және басқа да бөлімшелер орналасады.

Қазір іші әрленіп, инженерлік желілері тартылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Құрылыстың 85 пайызы біткен.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары 400 келушіге арналған №5 емхананың құрылысын да көріп шықты. Жалпы ауданы 8 937 шаршы метр болатын медициналық нысанды салуға 9,8 млрд. теңге бөлінген. Қазір жұмыстың 65 пайызы орындалған. Ішкі әрлеу, терезе орнату және инженерлік желілер тарту жұмыстары қарқын алған. Желтоқсанның 25-іне дейін медициналық жабдықтар жеткізіліп орнатылады да, жыл соңында пайдалануға беріледі.

200 төсектік перинаталдық орталықтың құрылыс алаңы қоршалып, жер қазу, іргетас құю және арматура тоқу жұмыстары жүргізілуде. Жобаға 52,8 млрд. теңге бөлінген, үш қабатты, 39,1 мың шаршы метр ғимарат 10 блоктан тұрады. Зертханалық және тамақтану бөлімдері де қарастырылған. Нысанды 2028 жылғы наурызда пайдалануға беру жоспарланған.

Бүгінде «Қызылорда Арена» спорт кешенінде жұмыстың 90 пайызы орындалған. Кешен 2 552 көрерменге арналған, 3-4 қабатты блоктардан тұрады. Мұнда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ 300 орындық конференц-зал бар. Осы кезде ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, қасбетін қаптау, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін «Alem Qurylys AQ» серіктестігі қолға алған. Құрылысқа 12,9 млрд теңге қарастырылған. Ұзындығы 319,4 метр, ені әр учаскеде 6 метрден 12 метрге дейін жетеді. Жаяу жүргіншілерге де, велосипедшілерге де қолайлы жағдай жасалады.

* * *

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге өңірдегі жол инфрақұрылымы жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Мемлекет басшысы тамыз айында телекөпір арқылы «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» және «Бейнеу-Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап бе­ріп, тоғыз жолдың торабында тұрған еліміздің өсіп-өркендеуіне сер­пін беретін маңызды бағыттардың стра­тегия­лық мәні айрықша екенін айтқан болатын.

Алдымен Қызылорда қаласының айналма автомобиль жолын қайта жаңғырту барысы таныстырылды. Бас мердігер «Қыран» серіктестігі қазіргі уақытта жол негізін төсеу, асфальтбетон қабаттарын салу және темірбетон су өткізу құбырларын орнату жұмыстарын жүргізуде. Жобаға 46,4 млрд. теңге бөлінген, 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Ал «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолының учаскесін қайта жаңғыртуға 242,3 млрд. теңге қарас­тырылған. «Integra Construction KZ» ЖШС құрылысқа 131 жұмысшы мен 82 техниканы жұмылдырған. Қазіргі уақытта жол бойында топырақтың құнарлы қабаты алынып, жер төсемі төселуде. Сонымен қатар жобалық шешімдер әзірленіп, инженерлік-геодезиялық зерттеулер атқарылуда.

«Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғыртудың ағымдағы жағдайы да назардан тыс қалмады. Жалпы 182,2 шақырым жолға 191,5 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс учаскелерінде 112 жұмысшы, 90 техника топырақ қабатын алу, төсеу жұмыс­тарына кіріскен. Нысан 4 учаскеге бөлінген.

Топографиялық-геодезиялық зерттеулер, топырақ карьерлерін барлау жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта топырақ үлгілеріне зертханалық талдау жасалып, трассаның, жол қозғалысы қауіпсіздігі нысандарының жобалық құжаттамасы әзірленуде.

«Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 752,5 млрд теңге қарастырылған. Жоба аясында жұмыспен қамтылған 452 адам құрылыс учаскелерінде еңбек етуде.

Аталған жобалардың басты ерекшелігі – құрылыс кезінде көліктер бұрынғы жолмен жүреді. Жаңа жол толық салынып біткен соң көлік қозғалысы соған ауыстырылып, қолданыстағы жол қайта жаңғыртылады. Осылайша нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.

– «Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа бағдарлар еліміздің транзиттік әлеуеті мен логис­тикалық мүмкіндіктерін еселеп арттыратынын атап өтті. Жол сапасына қатысты айтылған өткір сыннан нәтиже шығару керек. Сондықтан бірінші кезекте жұмыстың сапасына жете мән беру қажет. Сапалы, барлық талапқа сай жол ұзақ уақыт пайдалануға жарайды. Бұл стратегиялық маңызы зор нысандар Президентіміздің, Үкімет басшысы­ның бақылауында», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы артып, ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін береді, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған