Саясат сахнасында Айбек Дәдебай атты саясаткер жарқ ете қалды. Күтпеген тұстан.Ойламаған жерден. Кәнігі саясаттанушы, мықты эксперттердің өзі бұлай боларын еш болжай алмады. Президент жанында жаңа партияның төрағасы, Құрылтай спикері болатын тұлға қалыптасып келе жатқанына ешкім жорамал жасай алмады. Шынын айтқанда Айбек Арқабайұлының үлкен саясатқа келуі талайларды жолынан жаңылыстырды, сөзінен адастырды.

Негізі қазіргі «Әділет» партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Құрылтайының төрағасы Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың қызмет жолын бағамдағанда мемлекеттік басқару жүйесіндегі орны біртіндеп нығайып, ретімен жаңа белестерге ұласқанын байқауға болады.Көпшіліктің көзімен, сыншыл ортаның пайымымен болмысы ғана емес, сөзі де салмақты Айбек Арқабайұлы үшін биылғы жыл «жұлдызы жанған» кезең болды, білгенге бұл оның саясатқа алғаш қадам басуы емес…

Саясатта биік лауазымға көтерілу үшін тек қолайлы сәтті күту жеткіліксіз. Оған дейінгі қызмет жолы, алған білімі, қалыптасқан ортасы мен жинаған тәжірибесі де маңызды рөл атқарады.1980 жылы Алматыда дүниеге келген Айбек Арқабайұлының шық­қан ортасы оның саяси тұлғалық қалыптасуына ықпал етті деуге толық негіз бар. Әкесі Арқабай Дәдебаев – араб тілінің маманы, арабша-қазақша сөздік авторы. Ал әкесінің бауыры Жанғара Дәдебаев – филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы, жазушы, профессор. Демек, Айбек Дәдебай­дың өмірбаянынан белгілі болып отырғандай біздің кейіпкеріміз жастайынан тілге, білімге, ғылымға және рухани құндылықтарға құмар зиялы ортада өсті. Рухани орта кімнің де болса дүниетанымына, сөз саптауына, білімге деген көзқарасына әсер етпей қоймайды. Әйткенмен,оның саяси мансабындағы жетістіктеріне отбасылық орта ғана себепші емес…

ТОҚАЕВ ДӘДЕБАЙДЫҢ ТӘЛІМГЕРІ…

Айбек Дәдебай 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халық­аралық қатынастар және әлем тілдері университетін «халық­аралық құжаттанушы» мамандығы бойынша бітіріп, 2003 жылы магистр-аймақтанушы дәрежесін алды. Бұл бағыт­тар халықаралық қатынастарды, құжат айналымын, мемле­кеттер арасындағы байланыстарды және саяси үдерістердің ерекшеліктерін түсінуге негіз болады. Сондықтан оның саясат пен мемлекеттік басқару жүйесіне келуінде алған білімінің де белгілі бір рөл атқарғанын аңғаруға болады.Жалпы Айбек Дәде­бай еңбек жолын жоғары оқу орнында оқытушы болып бастаған.

Айбек Дәдебайдың саяси мансабындағы маңызды кезең­дердің бірі 2008–2011 жылдарға тұспа-тұс келді. Бұл кезеңде Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев болды.Ол кездеАйбек Арқабайұлы Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын Сенат аппа­ратында сарапшы болып, төраға көмекшісінің міндетін атқарды. Бұл уақыт бүгінгі Құрылтай төрағасының кәсіби қалыптасуының бастауы деуге болады. Аталған қызмет оған парламенттік жұмыстың қыр-сырын, жоғары деңгейдегі мемлекеттік басқару мен халықаралық ынтымақтастықтың ерекшеліктерін мең­геруге мүмкіндік берді.

2011–2013 жылдары Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімше­сін басқарған кезеңде Дәдебай Қазақстанның Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде атташе, кейін үшінші хатшы болып қызмет атқарды. Бұл оның халықаралық бағыттағы тәжірибесін арттырғанын аңғартады.

Одан кейін 2013–2019 жылдары Тоқаев Сенат төрағалығына қайта оралғаннан кейін Дәдебай оның хатшылығында меңге­рушінің орынбасары, кейін меңгерушісі болды. Осы қызметтік хронология оның ұзақ уақыт бойы Тоқаевтың қарамағында қызмет атқарғанын көрсетеді.

Ал Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейін Дәдебай­дың Президент Кеңсесінде, Президенттің Іс басқармасында және Президент Әкімшілігінде жоғары қызметтер атқаруынан осы кәсіби сабақтастықтың әрі қарай жалғасқанын аңғаруға болады. Сондықтан Айбек Дәдебайдың мемлекеттік қызмет­те жүріп, саяси тұлға болып қалыптасуына Тоқаевтың ықпалы болғаны сөзсіз… Бұл байланысты ұзақ жылдарға созылған кәсіби қарым-қатынас пен саясат саяхнасындағы сабақтастық тұрғысынан бағалау дұрыс болар.

АҚОРДАДАҒЫ ҚЫЗМЕТТЕН ЖАҢА САЯСИ КЕЗЕҢГЕ

2026 жылдың мамырында Айбек Дәдебай Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылды. Ел елең ете қалды. Сол кездегі билік партиясы «Amanat» тарап, жаңа «Әділет» партиясы құрылып жатқан тұс.  Президент әкімшілігі басшысының қызметтен кетуі осы тұсқа тұспа-тұс келгенімен, «Әділеттің төрағасы» А.Дәдебай болып, артынан Құрылтай спикері ол болатынына болжам жасауға әншейінде болжам жасағыштардың батылы жетпеді. Өйткені, жаңа партияға да, Құрылтайға да төраға болатындардың тізім басында небір саяси алпауыттар тұрды. Арада бір-екі күн өткенде «Әділет» партиясының төрағасы болып Айбек Арқабайұлы сайланды.

Әлбетте, бұл оның қызметтік жолындағы жаңа кезең. Бұған дейін мемлекеттік қызметте талай жетістікке жеткен, сол үшін омырауына I дәрежелі «Барыс» ордені, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медальдарын таққан ол саясат кеңістігіне шықты.

Биылғы жылдың Айбек Арқабайұлына арналған сыйы мұнымен шектелмеді. Араға тағы уақыт салып, ол жаңадан сайланған Құрылтай төрағасы да болып сайланды. Айбек Арқабайұлының айы оңынан туды. Екі бірдей төрағалық қызмет оның мерейін асырып, саясаттағы әріптестерінен бәсін биік етті…

Айдана ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған